Жүлдеге қол созым қалғанда…

3

Жанкүйер қауымды түгел түнгі ұйқыдан айырып, күллі назарын өзіне аударған әлемдік футбол чемпионаты да өз мәресіне таяп келеді. Енді дүнидегі ең үздік төрт дүлдүл жүлделерді өзара сарапқа салады. Ал біз бұл жолы жүлдеге қол созым жерде – ширек финалда сүрінген командаларға тоқталамыз.   

Сәкен СЫБАНБАЙ

8-орын. РЕСЕЙ (8 ұпай, доп айырмасы 11:7)
Доп додасы басталмай тұрып көп сынға ұшыраған, келеке-мазақтан көз ашпаған бас бапкер Станислав Черчесов өзін жан-жақтан төпелеген бейпіл сөзге еш мән берместен, команда ойынын шыңдаумен болды. Қақпашы Игорь Акинфеевтің шеберлігі бұрыннан белгілі-тін, бірақ қорғаныстың селкеулігі көзге ұрып тұратын еді. Черчесов сол арасынан атты адам аяңдап өтіп кететін аңғал-саңғал артқы шепті тастай ғып бекітуге көп күш салыпты. Қорғанудың сапасы көңіл көншітпей жатса, қорғаушының санын арттырып, жан сақтап та көрді. Допты ешкімге бермейтін Испанияға қарсы қасқайтып «автобус» қоюдан басқа амал жоқтығын түсініп, өз қақпасын Сталинградша жанкештілікпен қорғады. Ақыры Ресей футболының тарихында тұңғыш рет ұлттық құрама әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Шығып қана қоймай, турнирдегі шебер ұжымның бірі – Хорватиямен 120 минут бойы тіресті. Тек пенальти сериясынан ғана жеңілді.

7-орын. ШВЕЦИЯ (9 ұпай, 6:4)
Іріктеу сынында шведтер өте қиын топқа түсті. Бірақ жігерлі қимылының, жанкешті ойынының арқасында барлық қиындыққа төтеп берді. Болгария мен Голландияны кейін сырғытып, тек француздарды ғана алға жіберіп алды да, өздері 2-тұғырға қонжиды. Яғни, өзге топтағы өзі секілді «екінші командамен» Ресейге берілер жолдаманы сарапқа салатын болды. Ол команда… Италия болып шықты. Азулы қарсыластан еш гол жібермей (1:0 және 0:0), финалдық кезеңге жолдама алған шведтер Германиямен 90 минут бойы тең ойнап тұрып, соңғы сәтте ғана жеңілді. Алайда немістерді топтық кезеңде-ақ тоңқалаң астырған басқа қарсыластарынан басым түсіп, сосын өзімен деңгейлес Швейцарияны тізе бүктіріп, ширек финалға шықты, алайда ағылшындардың тегеурініне төтеп бере алмады.
Швеция негізінен өзінің қорғаныс шебінің мығымдығы арқасында табысқа жетті. Шабуылда Эмиль Форсбергтің шеберлігіне сүйенді, оның жоқ жерден орайлы сәт туындата алатынына сенді. Команда алға да, артқа да тұтасымен серпіле қозғалып, ұйымшыл ойын көрсетті.

6-орын. БРАЗИЛИЯ (10 ұпай, 8:3)
Әдетте қақпашы мен қорғаушыларының олақтығынан опық жейтін команданың бірі Бразилия еді. Биыл, керісінше, «Романың» шебер қақпашысы Алиссон Беккер мен Тиаго Силва («Пари Сен-Жермен»), Жоау Миранда («Интер») сынды шеберлер бастаған қорғаныс шебі «Селесаоның» ширек финалға шығуына алдыңғы лек ойыншыларынан көбірек еңбек сіңіргендей көрінді. Жасыратыны жоқ, Бразилия бұл додада алғы шепте біраз қиындыққа душар болды. Швейцарияны ұта алмаған, Коста-Риканың тегеуірінді қарсылығын төреші қосқан уақытта ғана әрең еңсерген Титенің шәкірттері, рас, Сербия мен Мексиканы сәл еркіндеу жеңді. Алайда ширек финалда бес дүркін әлем чемпиондарының қазіргі толқыны «теңбіл доптың теңдессіз шеберлері» деген атаққа лайықты екенін дәлелдей алған жоқ. Ара-тұра Неймардың тосын әрекет, оқыс амал ойластыруға тырысқаны болмаса, жалпы биылғы Бразилияның алғы шебі ұшқыр қиялға аса бай емес екені байқалып қалды. Сөйтіп, соңғы сәтте барын салып, жабыла алға ұмтылғанымен, Бельгиядан ұтылып қалды.

5-орын. УРУГВАЙ (12 ұпай, 7:3)
Ұлттық құрама командаға жетекшілік ету жөнінен әлемде рекорд жасаған ардагер жаттықтырушы Оскар Табарестің алаң жиегінде балдаққа сүйеніп тұрғаны – сырт көзге тосын-ақ көрініс. Гийен-Барре синдромымен ауырып, өздігінен жүріп-тұрудан қалған футбол ақсақалы сонда да команда тізгінін берік ұстады. Луис Суарес, Эдинсон Кавани, Диего Годин секілді әрқайсысының өз пікірі бар жарық жұлдыздарды ортақ мәмілеге келтіріп, ұйымшыл ұжымның уығына айналдыру – оңай шаруа емес. Уругвай ойыншыларының да бапкерді айрықша құрметтейтіні байқалады: айтқанын екі етпейтін елгезек шәкірт секілді әр сөзіне ізетпен бас изейді, сұхбат бергенде «ол жағын біздің бапкеріміз біледі», «сеньор Оскар айтты, демек, солай…», «ұстазымыздың тапсырмасын бұлжытпай орындаймыз» деп, жаттықтырушының есімін ауыздарынан тастамайды.
Табарес бұл дертке осыдан бес жыл бұрын шалдықты. Сонда да ұлттық құрама тізгінін ешкімге бермей, жасыл алаңдағы қарсыластарымен қоса, тұла бойын дендеген дертпен де күресіп бақты. Биылғы әлем чемпионатында Уругвай – топтағы үш бәсекелесінен де басым түскен үш команданың бірі болды (қалған екеуі – Бельгия мен Хорватия). 1/8 финалда Португалияны да айқын жеңді. Сол ойындағы екі голдың авторы Кавани жарақатынан айыға алмай, ширек финалға қатысқан жоқ. Уругвайдың жеңілісіне осы жайт та әсер еткені анық. «Менің жігіттерім қолдарынан келгенін жасады, жасыл алаңда жан аямай айқасты. Бірақ француздар бізден де жақсы ойнады» деп мойындаған 71 жастағы Оскар Табарес ұлттық құрамамен қош айтысты.

(fifa.com фотосы)

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз