Мбаппе Мессиді көлеңкеледі

2

1/8 финал

Франция – Аргентина – 4:3 (Гризманн, 13-пенальтиден, Павар, 57, Мбаппе, 64, 68 – Ди Мария, 41, Меркадо, 48, Агуеро, 90+3)

Жұрт қорқақтай күткен жайт ақыры болмай қоймады: Месси бастаған Аргентина құрамасы осы кезеңде жарысты аяқтады. Аргентинаның плей-оффқа «ілдебайлап» шығуы уақытша көрінгенмен, бәрібір олар ойын өрнегін жақсарта алған жоқ. Бұл кездесуде «бөгдеғаламшарлық» Месси «жалған тоғыздық» міндетін қолға алғанмен, жарытып жарқын ойын көрсетпеді. Әрине, екі бірдей голға айналған пасын атап өтуге болар, алайда Лионель ойын тағдырын бәрібір өзгерте алмады. Мүмкін, дәл осы сәтте Аргентинаның Францияға тап болуы да сәтсіздік шығар. Поль Погба мен Оливье Жиру бірінші минуттан соңғы секундқа дейін ойын арқауын қолға ұстады. Әсіресе, Жирудың жас талант Килиан Мбаппені алға қайта-қайта «аттандырып» отыруы ерекше болды. Желаяқ Мбаппе ақыры матчтың бас қаһарманына айналды. Ол соққан екі доп Францияны ширек финалға алып шықты.

Бұл кездесуде қарсыластар мінезді ойын көрсетті. Әуелі – Франция, одан кейін Аргентина алға шықты, бәрібір француздар таразы басын өздеріне аудара алды. Өте нәтижелі матч әлемнің бес дүркін үздік футболшысын еліне арманына қол жеткізбеген күйі қайтарды.

Мбаппе бұл матчта әлем чемпионаттарының 2 рекордын жаңартты.

Пенальти белгіленген кезде К.Мбаппе 70 метрді небары 8,3 секундта жүгіріп өтті. Швед телевидениесінің есептеуінше, Килианның осы сәттегі ең жоғары жылдамдығы 39 шақ/сағ жеткен. Бұған дейін Криштиану Роналду (Португалия) рекорд иесі еді. Ол осы чемпионатта 38,6 шақ/сағ жылдамдықпен жүгірді.

Мбаппе 19,5 жасында әлем чемпионатындағы ең жас дубль авторы атанып отыр.

(fifa.com фотосы)

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз