Кавани ерледі, КриРо еліне қайтты

3

1/8 финал

Уругвай – Португалия – 2:1 (Кавани, 7, 62 – Пепе, 55)

Топтық турнирде жеңіліссіз және жіберілген допсыз аяқтаған Уругвай тамаша команда екенін тағы дәлелдеді. Бұл кездесуде португалдарға ойын тізгінін қолға алатын серке ойыншы жетіспеген тәрізді. Криштиану Роналду кездесудің алғашқы минуттарында қақпаны екі рет нысанаға алғанмен, ары қарай көлеңкеде қала берді. Шынында да, ұзақ маусым әлемнің үздік футболшыларын қатты шаршатып тастаған сыңайлы. Пепе 55 минутта бұрыштан көтерілген допты баспен дәл соққан соң, Еуропа чемпиондары серпіле ойнай ма деген едік. Керісінше, Уругвай уысында тұрған жеңістен айырылғысы келмейтін сыңай байқатып, тағы гол соқты: Кавани оң жақтан келген пасты тоқтатпай теуіп, командасына жеңіс әкелді. Ойын соңына қарай сұрмерген жарақат алып қалғанмен, Уругвай бәрібір басымдығынан айырылған жоқ.

Португалия голының авторы Пепе бұл кездесуде әуелеген доптарға талас кезінде 10 рет жеңіп шығыпты. Қарсыласы Диего Годин 5 рет текетіреске түсіп, 1 рет қана жеңген.

Ал Португалия құрамасы айып алаңына 28 дәл пас шығарған. Мұның алдында топтық турнирдегі 3 ойында олардың барлығы 24 пасы ғана тіркелген еді.

Криштиану Роналду биылғы чемпионатта қақпаларға 21 соққы жасады. Бұл – әзірше рекорд.

Франция мен Уругвай ширек финалда 6 шілде күні кездеседі.

(fifa.com  фотосы)

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз