Пенальтилер додасы

6

Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатында кеше кешке ІІІ тур ойындары басталды. Екінші тур қорытындысы бойынша еліне ерте қайтатын бірнеше команда анықталған-ды. Олар: Египет, Сауд Арабиясы, Марокко, Иран, Перу, Коста-Рика, Панама, Тунис, Польша. Байқап отырғандарыңыздай, Африка командалары бұл жолы солғын өнер көрсетті. Ал Еуропадан Польша бірінші болып жолдан шықты. Оңтүстік Корея, Исландия, Аргентина құрамаларының плей-оффқа шығу мүмкіндігі тым аз.

Әуелде өте қарқынды басталып, сосын бірте-біре баяулап қалғандай көрініп еді. Соңғы кездесулер жанкүйерлерді түрлі көңіл күйге бөлеп, қызықтың үстіне қызық үстеп жатыр. Соның біразын қайта еске түсіріп көрейік.

Германия: ең кеш жеңіс голы

Германия құрамасы алғашқы турда Мексикадан 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Сондықтан екінші турда «бундестимге» жеңіс ауадай қажет болды. Бірақ Швеция құрамасы соқыр ұпай ұстатпауға бар екенін аңғартып, алғашқы минуттарда «неміс машинасының» адымын аштырған жоқ. 32 минутта Ола Тойвонен есеп ашқанда, талай жанкүйердің салы суға кеткені анық. Екінші таймның басында Марко Ройс сол қапталдан келген пасты қақпаға дәл шегелеп, есепті теңестірді. Бұдан кейін екі қарсылас ұзақ ырғасты. Әрине, тең ойнаса да, Германия топтан шығу үмітінен қол үзбес еді. Төреші қосқан 5 минуттың соңғы секундтарында Тони Кроос айып добын адам сенгісіз траекториямен қақпаға дәл дарытып, жеңісті жұлып алды.

Бұл – Германия құрамасы тарихында қосымша таймдарды қоспағанда, ең кеш соғылған гол екен. Сөйтіп, «бундестим» келесі кезеңнің жолдамасын барынша жақындатты. Соңғы турда бұл құрама Оңтүстік Кореямен кездеседі. Көлденең кедергіге тап болмаса, әлем чемпиондары іркілмеуге тиіс.

Кроостың жеңіс голынан кейін Германия құрамасы бапкерлер штабының екі мүшесі Швеция жаттықтырушылары отырған тұсқа ентелеп жетіп барып, әдепсіз қимыл көрсетті. Тіпті екі команда бетпе-бет төбелесіп кете жаздады. Кейін Германия құрамасы осы әдепсіздік үшін Швециядан арнайы кешірім сұрады. Бірақ ФИФА әлі нақты шешім шығарған жоқ.

Саяси жарыс емес десек те…

Сербия – Швейцария кездесуінің соңғы минуттарында Джердан Шачири жеңіс голын енгізді. Бұл матч Швейцария үшін тым ауыр басталып еді. Олар 5 минутта Александр Митровичтің соққысын қақпаға дарытып алды. Бірақ екінші таймда швейцариялықтар аса қарқынды ойнады. Әуелі Гранит Джака есепті теңестірді. Ал 90 минуттағы жеңіс голынан кейін Шачири де, Джака да самғаған қыран бейнесін салып, «қанаттарын» қомдап, қуанышын паш етті.

ФИФА осы мәселеге аса қатал қарап отыр. Тіпті айыбы дәлелденсе, Джака мен Шачири екі мачтқа айыпталып қана қоймай, 2 мың еуро айып төлеуге де тиіс.

Ол қандай айып? Екі мергеннің де шыққан тегі – албан. Ал самғаған қыран белгісі Албанияның ұлттық символы саналады. Косово албандарының неше жылдан бері Сербиядан тәуелсіздік талап етіп жатқанын күллі әлем біледі. Албания мен Сербияның арасындағы шиеленіс саяси сахнаны қойып, спортқа ауыз салғанын да білеміз. Еуро-2016 іріктеу кезеңінде екі құрама бір топқа түсіп қалып, ойын ойын емес, нағыз майдан болып кете жаздағаны да есте. Сондықтан дәл Сербиямен кездесуде қос албан ұлының аяқ асты қыран болып кете жаздағанында астар бары анық қой.

Әзірше Джака мен Шачири айыпталған жоқ. Ал Швейцарияның плей-оффқа шығу мүмкіндігі өте зор. Екі мықтысы шеттетілсе, бұл құраманың тұсалған аттай кібіртіктеуі өте мүмкін.

Мерейлі матч кімге мақтаныш?

Осы чемпионатта бірнеше футболшы өз ұлттық құрамаларының сапында 100-кездесулерін өткізді.

Испания құрамасының қорғаушысы Жерар Пике, уругвайлық мерген Луис Суарес, польшалық жартылай қорғаушы Якуб Блащиковски, Франция құрамасының капитаны Уго Льорис, хорват қорғаушысы Ведран Чорлука, швед Себастиан Ларссон, панамалық Армандо Купер осындай ерекше нәтижеге жетіп отыр.

Суарес өзінің құрама сапындағы жүзінші кездесуінде Египет қақпасына жеңіс голын соқты. Пике Иранға қарсы мачта өз шебін тас қып ұстады. Льорис Перу шабуылшыларының ешбір соққысын қақпасына дарытпады. Купер болса, ағылшындардан 1:6 есебімен жеңілген командасының негізгі құрамында алаңға шықты. Ведран Чорлука Аргентина – Хорватия кездесуінің 90+3 минутында Марио Манджукичті алмастырып, мерейлі матчта бас фавориттердің бірін тізерлетуге үлес қосты.

Блащиковски күні ертең 101 кездесуінде алаңға шығуы мүмкін. Алайда Польша құрамасы толық үш ұпай олжаласа да алысқа бара алмайды. Сондай-ақ поляктардың бас мергені Роберт Левандовски де еліне еңсесі түсіп қайтары анық. Ол Ресей-2018 додасында әлі бір гол соққан жоқ. Егер 28 шілдеде Жапония құрамасына қарсы ойнаса, Левандовски Польша құрамасы сапындағы 100-матчын өткізеді. Демек, мерейлі матч кейінге қалмақ.

Португалия құрамасының орталық қорғашылары Бруну Алвеш пен Пепе, керісінше, мерейлі ойындарын осы мундиальда өткізіп қайтуы өте мүмкін. Қазір Пепе еншісінде – 98, Бруну Алвеште 97 матч бар. Екеуі де топтық турнирдің соңғы кездесуіне қатысса және 1/8 финалда өнер көрсетсе, еліне мақтанышпен орала алады.

Жапондардың тазалығы

Жапония құрамасы бұл жарысты өте жоғары деңгейде өткізіп жатыр. «Күншығыс елінің» ұландары әуелі Колумбияны 2:1 есебімен тізерлетті. Содан кейін аса ауыр өткен кездесуде Сенегалдан ұпай тартып алды (2:2). Саран қаласында өткен алғашқы матчта да, Екатеринбургтегі екінші ойында да жапон жанкүйерлері матчты тік тұрып тамашалап, құрамаларына дем беріп қана қоймай, ойын біткен соң өздері тастаған қалдықтар мен қоқыстарды жинастырып кетті. Мұны қазір ақпарат агенттіктері бүкіл әлемге үлгі етіп жатыр.

Сенегал құрамасының жанкүйерлері де Мәскеуде өткен Польша – Сенегал кездесуінен кейін тазалықтың әдемі үлгісін көрсетіп еді. Бірақ екінші матчта, яғни дәл жапондармен кездесуде олардың сол әдетін қайталағанын көрмедік.

Мергендер егесі

Екінші тур қорытындысы бойынша Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейн 5 голмен мергендер көшін бастады. «Тоттенхемнің» шабуылшысы Туниске – 2, Панамаға 3 гол соқты. Құдайшылығын айтайық, Кейн осы 5 доптың үшеуін пенальтиден енгізді. Бірақ пенальтиді де жүйкесі мықтылар ғана (Месси мен Криштиану Роналдуға сәлем!) дәл тебе алатынын бұл мундиаль айқын айғақтап тұр.

Ал әлем чемпионаттарында алғашқы екі турда 5 және одан да көп гол соққан футболшылар бар ма? Жылнаманы ақтарып қарағанымызда, Кейннен де нәтижелі бір мерген, ал Кейнмен шендес және бір мерген барына көз жеткіздік.

1954 жылы Швейцарияда өткен әлем чемпионатында Венгрия құрамасының шабуылшысы Шандор Кочиш алғашқы екі кездесуде 7 гол (!) соғыпты. Әуелі ол Венгрия – Оңтүстік Корея (9:0) кездесуінде хет-трик жасады. Кочиш 24, 36 және 50 минуттарда қақпаны дәл көздеді. Ал екінші кездесуде Кочиш тіпті покер авторы атанды. Аса нәтижелі өткен Венгрия – ГФР кездесуінде (8:3) мажар мергені 3, 21, 67 және 78 минуттарда қақпа кілтін тапты.

1958 жылғы әлем чемпионатында (Швеция) француз шабуылшысы Жюст Фонтен алғашқы екі кездесуде 5 гол соқты. Ол Франция – Парагвай (7:3) кездесуінде – хет-трик, Югославия – Франция  кездесуінде (3:2) дубль жасады.

Дегенмен Кейнді биылғы біріншіліктің талассыз мергені деуге болмайды. Оны португалиялық Криштиану Роналду мен бельгиялық Ромелу Лукаку (4 доптан) және испаниялық Диего Коста мен ресейлік Денис Черышев (3 доптан) өкшелеп келе жатыр.

Қазірдің өзінде қадап айтуға болатын бір дерек бар. Биыл мергендер соңғы 3 әлем чемпионатындағы мергендер көрсеткішіне өзгеріс енгізетін сияқты. 2014 жылы бас мерген атанған Хамес Родригес 6 гол соққан еді. 2010 жылы 4 футболшы 5 доп нәтижесімен тоқтады. Демек, биыл 2002 жылғы бразилиялық Роналдоның 8 дәл соққысын бір мергеннің қайталауы немесе жетіп жығылуы, тіпті асып түсуі де мүмкін.

Арман орындалады

Чемпионаттың беташар кездесуінде Ресей құрамасының шабуылшысы Артем Дзюба алаңға шыға салып, Сауд Арабиясы қақпасын баспен дәл көздеді. Денелі шабуылшы балаша қуанып, бас бапкер Станислав Черчесовтің қасына алақайлап жетіп барғанын өзі аңғарған жоқ. Ойыннан кейін ол өзінің әлем чемпионатында гол соғуды 20 жыл бұрын, 1998 жылы Францияда өткен әлем чемпионатын көргелі бері армандағанын айтып, ағынан жарылды. Ақыры арманына қолы жетті. Әншейін жетіп қана қойған жоқ, келесі Египетпен кездесуде Дзюба қанжығасын тағы да майлап, жеңіске үлкен үлес қосты. Сөйтіп, Ресей құрамасын өз тарихында әлем чемпионаттарының топтық турнирінен плей-оффқа шығарған мықтылардың бірі болып жылнамаға тіркелді.

Ал Колумбия құрамасының көшбасшысы Радамель Фалькао үшін де биылғы чемпионаттың маңызы өте зор. Ол 2014 жылғы мундиальдің іріктеу кезеңінде 9 доп соғып, өз құрамасының жолдама алуына ерекше еңбек сіңіріп еді. Алайда 2014 жылдың қаңтар айында Радамель тізесінің айқыш байланыстырғыштарын зақымдап алып, Бразилияда өткен әлем чемпионатына қатыса алған жоқ. Оның әлемдік доп додасында гол соғу жайлы арманы төрт жылға шегерілген еді. Биылғы жарысқа ол Колумбия құрамасының негізгі шабуылшысы ретінде келді. Алайда алғашқы кездесуде Колумбия Жапониядан 1:2 есебімен жеңілді, Фалькао көзге түсе алмады. Екінші турдағы Польша – Колумбия кездесуінің 70 минутында ол оң қапталдан андыздап шығып, қарсы ұмтылған қақпашының сол жағына допты дәл тепті. Доп қақпада тулады. Сөйтіп, Фалькао да арманына жетті!

Панама құрамасы екі турда екі қарсыласынан 1:9 есебімен жеңіліп қалды. Екінші турда Англия құрамасынан 1:6 есебімен ұтылғанына қарамастан, Кариб бассейінен келген елдің құрамасы зор тарихи жетістікке жетті. Олар әлем чемпионатындағы алғашқы голын енгізді! Бұл – допты енгізген 37 жастағы Фелипе Балойдың ғана емес, бүкіл панамалықтардың арманы болғаны сөзсіз.

20 пенальти… Тым көп емес пе?

Екінші тур және кеше түндегі 4 матч қорытындысы бойынша қақпаларға 20 пенальти белгіленді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Оған дейін 1990, 1998 және 2002 жылғы әлем чемпионаттарында жиыны 18 пенальтиден белгіленген екен. Биыл осы көрсеткіш үшінші турдың алғашқы матчтарынан кейін-ақ толықтай жаңарды.

Бір қарағанда, 11 метрлік айып доптары тым көп қойылып жатқан сияқты көрінгенмен, мұның дұрыс қыры бар. Қазір айып алаңындағы кез келген ережеге сай емес әрекетті бейнеқайталау жүйесінен көруге болады. Сөйтіп, кім көпе-көрнеу тәртіп бұзды, кім өтірік құлады деген мәселенің шешімін оңай тауып алуға болады. Осы додадағы 20 пенальтидің тең жартысынан астамы бейнеқайталауға жүгінген соң белгіленді. Тіпті Бразилия – Коста-Рика кездесінің 83 минутында төреші әуелі пенальти нүктесін нұсқап тұрып, артынша бейнеқайталау арқылы тәртіп бұзылмағанын анықтады. Шабуылшы Неймар бұл сәтте шыбық тимей шыңқ ете қалғаны айдай әлемге анық паш етілді.

Несі бар, бұдан кейін «сүңгігіштер» де, жұрттың көзін ала бере өкшесі мен шынтағын төсейтін дөрекілер де байқап-байқап қимылдайтын болады.

Үшінші турдан кейін 16 үздік сүзіліп шығады. Нағыз футбол сонда басталатыны күмәнсіз.

(fifa.com фотосы)

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз