«Қарт» қақпашы тарихта қалды

8

Сауд Арабиясы – Египет (2:1) матчында мысырлықтардың қақпасын 45 жастағы Әссам әл-Хадари қорғады. Бұл – әлем чемпионаттары тарихынадағы ең қарт ойыншы.

Сәкен СЫБАНБАЙ

1973 жылдың 15 қаңтарында дүниеге келген қақпашының жасы тіпті биылғы дүниежүзілік додада команда баптап жүрген үш маманнан – сенегалдық Алиу Сисседен, серб Младен Крстаичтен және Бельгияны жаттықтыратын испандық Роберто Мартинестен үлкен. Египет құрамасына ең алғаш сонау 1996 жылы шақырылған Эссам әл-Хадари содан бері ұлттық команда сапында 159 рет ойнап, бұл көрсеткіш жөнінен әйгілі қақпашылар – Икер Касильяс (Испания), Джанлуиджи Буффон (Италия) және Мұхаммед әл-Деайядан (Сауд Арабиясы) ғана кейін тұр.

Әлем чемпионаттарының финалдық сындарында бұған дейін ең қарт ойыншы – 2014 жылғы доп додасында бір ойын ойнаған колумбиялық қақпашы Фарид Мондрагон болып келген еді. Жаңа рекордшы – төрт дүркін (1998, 2006, 2008, 2010) Африка чемпионы Әссам әл-Хадари. Бұдан «кәрі» футболшы енді мундиальға келе қоймас.

ӘЧ-ға қатысқан ең қарт ойыншылар:

  1. Әссам әл-Хадари (Египет) – 45 жас, 5 ай, 10 күн 2018
  2. Фарид Мондрагон (Колумбия) – 43 жас, 3 күн 2014
  3. 3. Роже Милла (Камерун) – 42 жас, 1 ай, 8 күн 1994
  4. 4. Пат Дженнингс (Солтүстік Ирландия) – 41 жас 1986
  5. 5. Питер Шилтон (Англия) – 40 жас, 9 ай, 19 күн 1990
  6. 6. Дино Дзофф (Италия) – 40 жас, 4 ай, 13 күн 1982
  7. 7. Әли Бумнижел (Тунис) – 40 жас, 2 ай, 10 күн 2006
  8. 8. Джим Лейтон (Шотландия) – 39 жас, 10 ай, 30 күн 1998
  9. 9. Дэвид Джеймс (Англия) – 39 жас, 10 ай, 26 күн 2010
  10. 10. Анхель Лабруна (Аргентина) – 39 жас, 8 ай, 18 күн 1958
  11. 11. Жозеф-Антуан Белл (Камерун) – 39 жас, 8 ай, 16 күн 1994

Өзінің әлемдік рекордты жаңартқан матчында 45 жастағы әл-Хадари пенальти қайтарды!  Ойынның 41-минутында ол Сауд Арабиясы құрамасының шабуылшысы Фаһад әл-Мүвәлладтың соққысын нысанаға дарытпады. Алайда 45+6 минутта тебілген екінші 11 метрлікке тосқауыл бола алмады.

Айтпақшы, осы кейінгі пенальти – биылғы доп додасындағы 18-пенальти. Бұл – 1990, 1998 және 2002 жылдардағы көрсеткіштің қайталануы. Чемпионат орта шенінен енді ғана ауып барады, демек, рекордтың көкесі әлі алда деген сөз.

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз