Аргентинаның төртінші масқарасы

4

Әлем чемпионаты тарихында Аргентина құрамасы жалпы 22 рет ұтылған. Соның төртеуі – ірі есеппен.

 Сәкен СЫБАНБАЙ

1958 жыл. Аргентина – Чехословакия – 1:6.

Швеция жасыл алаңдарында аргентиналықтардың тек Солтүстік Ирландияны тізе бүктіруге ғана шамасы келді (3:1). Сосын есепті бірінші болып ашса да, немістерге есе жіберуге мәжбүр болды (1:3), ал үшінші, шешуші турда күтпеген жерден Чехословакиядан шашылып түсті – 1:6! Осы жеген таяқ Аргентинаның әлі күнге ең ірі ұтылысы саналады.

1974 жыл. Голландия – Аргентина – 4:0
Екінші топтық кезеңнің алғашқы ойынында Йохан Кройф пен оның командасы Аргентинаны 4:0 есебімен талқандап тастады! «Олар бізді таптап өтті. Алдымызға келген допқа аяғымыз тие бере-ақ, үшеу-төртеуі бірдей жетіп келеді де, қоршап алады. Біз басымызды көтеріп те үлгермейміз, олар допты тартып әкетеді. Қадам басқан сайын алдымызды екеу-үшеуі кес-кестей берген соң, маған голландықтар алаңда 11 емес, 20 адам сияқты көрінді» деп еске алды кейін аргентиналық қорғаушы Кике Вольф.

2010 жыл. Германия – Аргентина – 4:0
Есеп 3-минутта-ақ ашылды: Швайнштайгердің сол қанаттан әуелете тастаған пасына бәрінен бұрын Т.Мюллер жетті де, кедергі келтірмек болған Николас Отамендиді сан соқтырып, допты баспен торға дәл бағыттады. Бұған қарамастан Аргентина үзілістен кейін қарқынды үдетіп, қарсыласын едәуір тықсырды-ақ. Әйтсе де, немістер тактикалық тұрғыда тамаша ойнады. 68-минутта Мюллер жерде жығылып жатып, допты Подольскиге сырғытып үлгерді. Айып алаңына сол қанаттан енген ол допты қорғаушылар мен қақпашының ортасынан Клозеге дәл өткізе білді – 2:0. Швайнштайгер көп ұзамай сонау тылдан келіп, шабуылға араласқан Арне Фридрихқа гол соқпаудың өзі қиын керемет сәт ұйымдастырып берді – 3:0! Ойын бітуге санаулы минут қалғанда тап сол күні өзінің ұлттық құрама сапындағы 100-матчын өткізіп жатқан Клозе, әріптесі Өзілдің шебер пасын пайдаланып, нағыз қаһарманға айналды.

2018 жыл. Аргентина – Хорватия – 0:3
Алғашқы ойында Исландияны ұта алмаған (1:1) Лионель Месси мен оның командасына бұл кездесуде жеңіс өте қажет еді. Алайда бас бапкер Хорхе Сампаоли құрамға аз-кем өзгеріс енгізгенімен, команданың ойыны жақсара қойған жоқ. Месси мүлде көзге түспеді, шабуыл өте азусыз болды. Рас, қақпашы Кабальеро кешірілмес қателік жіберді, бірақ бұл алғы шеп ойыншыларының солғын қимылын ақтап алуға жеткіліксіз.

Енді Аргентина соңғы турда Нигерияны ұтып, Исландияның хорваттардан жеңілуін күтуге мәжбүр. Өздері жеңіске жеткенімен, топтың өзге матчтарындағы нәтиже басқаша болса, топтан шыға алмайды.

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз