Петербор кеші көңілді

8

Журналист Серік Қантай – «Статспорт» ақпараттық порталының тұрақты авторы. Енді Серік арнайы блог жүргізіп, спорт додаларына қатысты ойын білдіріп тұрады. Бүгін алғашқы жазбасын назарларыңызға ұсынамыз.

Мундиаль алдында Ресей құрамасының ойыншыларын, оларды іріктеп алған бапкерді жерден алып жерге салғандардың қарасы көп болды. Топтағы екінші ойыннан кейін, керісінше, үміт артып, сенім білдіргендер саны көбейді. Қызық! Станислав Черчесов сенген ойыншылар Ресей футболы тарихында болмаған жетістікке жетіп, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты.

Сауд Арабиясын – 5:0, Египетті 3:1 есептерімен жеңді. Жалпы нәтиже – 8:1. Олар сонау 1934 жылы екі ойынның қорытындысы бойынша 8:2 есебімен жеңген Италия құрамасының рекордын жаңартты. Екі ойыншы екі ойында да гол салып отыр. Олар – Денис Черышев пен Артем Дзюба.

Сауд Арабиясымен ойынның 23 минутында Алан Дзагоев жарақат алды. Оны алмастырған «Вильярреал» клубының ойыншысы Денис Черышев өзінің сүйікті сол қапталында еркін көсіліп ойнады.

Петербордың кешінде Ресей Египет құрамасын әдемі жеңді. Сол турасында азды-кем айтып өтсек.

Мысыр құрамасының шабуылшысы, «Ливерпульдің» белді ойыншысы Мұхаммед Салах 41 минутқа дейін Игорь Акинфеев қорғаған қақпаға соққы жасаған жоқ. Юрий Жирков пен Сергей Игнашевич, Роман Зобнин оны тырп еткізбей ұстады. Оң қапталға ауысып ойнағанда, Марио Фернандес адымын аштырмады. Бірінші таймда көзге түспегенмен,  Салах екінші таймда кадрға жиі ілікті. Бір сәтте Зобнин қақпа алдында тәртіп бұзды, төреші парагвайлық Энрике Касерес он бір метрлік айыпдобын белгіледі. 73 минутта белгіленген пенальтиді Салах мүлтіксіз орындады.

Бірінші таймда секірсе басы, созса аяғы допқа жетпей жүрген Артем Дзюба ойынның екінші бөлігінде өзіне шабуыл жасауына мүмкіндік бермей жүрген Әли Габрды алдап өтіп, әл-Шенави қорғаған қақпаның кілтін тапты. Чемпионат алдында Дзюбадан гөрі Федор Смоловтың есімі жиі аталып жүрген-ді. Бас мергендікке үміткер есебінде қарастырылды. Смолов Сауд Арабиясымен ойында қақпаға бір де бір тура соққы жасамады, ал кешегі Египтпен кездесуде алаңға шыға салып мысыр футболшысын шалып жығып, ескерту қағазын алумен ғана шектелді. Жалпы, Смолов уақыт созуға таптырмайтын ойыншы!

Әл-Шенавидің мазасын жиі алған ойыншылардың бірі – Александр Головин. Ресей құрамасының еркін суреткері. Алаңның ортасында, бір сәтте Черышевпен сол қапталда, енді бірде Самедовпен бірлесіп оң қапталда жүрді. 22 жастағы Головинді «ЦСКА-дан» алуға командалардың қатары әр ойын сайын көбейіп келе жатқаны әлемдік басылымдарда жазылып жатыр. «Ювентус», «Милан», тіпті «Барселона»…  Соңғы минутта Смоловтың пасын пайдалана алмады демесеңіз, қарсылас қыспағын қақ жарып, ара-тұра шабуыл ұйымдастырған да осы Головин.

 

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз