Ұтылып бастаған чемпионның тағдыры

7

Сәкен СЫБАНБАЙ

Аргентина мен Бразилия әлем чемпионатындағы алғашқы ойындарында әйтеуір бір-бір ұпайдан алды ғой, ал әлем чемпионы – Германия құрамасы доданы тіпті ұтылып бастады. Оларды Мексика футболшылары тізе бүктірді (есеп 0:1).

Тарихта бірінші ойынын ұтылып бастаған әлем чемпиондары аз емес. Мәселен, 1938 жылы алтын жүлдеге ие болған Италия құрамасы Екінші дүниежүзілік соғыстың кесірінен араға 12 жыл салып, 1950 жылы бір-ақ өткізілген келесі әлемдік доданың алғашқы кездесуінде шведтерден жеңіліп қалды – 2:3. Әділін айту керек, әлем чемпиондары бұл біріншілікке күшті құрамымен келе алған жоқ. 1949 жылғы 4 мамырда «Скуадра адзурраның» негізін құрайтын «Торино» клубының футболшылары түгелдей дерлік әуе апатынан қаза тапты. Бұл команда 1942 жылдан 1949 жылға дейін, яғни, жеті маусым бойына скудеттоны (Италия чемпионына арналған жүлдені) ешкімге бермей келе жатқан-ды. Яғни, Бразилиядағы доп додасына бір жыл қалғанда ұлттық құрама толығымен қайта жасақталды деуге болады. Олардың өзі әлгі апаттан соң қатты шошынып қалған болуы керек, Бразилияға әуе жолымен емес, кемемен үш апта жол жүріп келіпті. Тәжірибесі аз, жас команда қара күшке салып, жұлқа тартуға құмар швед атлеттеріне төтеп бере алмады.

Осылай басталған «чемпиондар омақасуы» әрі қарай жалғасты. Тіпті Аргентина құрамасы чемпион болған сайын сүрінеді. ХХІ ғасырдың өзінде осымен үш жеңімпаз келесі доданы жеңіліп бастап отыр. Бұдан алдыңғы екі чемпион ақырында топтан шыға алмай тынған болатын. Немістер қайтер екен?

Жыл Чемпион             Қарсылас           Есеп Түпкі нәтиже 
1950 Италия               Швеция              2:3    топтан шыға алмады
1982 Аргентина         Бельгия              0:1    2-топтық кезең
1990 Аргентина         Камерун             0:1    финал
2002 Франция            Сенегал             0:1    топтан шыға алмады
2014 Испания             Голландия        1:5    топтан шыға алмады
2018 Германия           Мексика            0:1    ?

Getty Images фотосы

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз