Бразилиядан ұтылмайтын үшеу

4

Сәкен СЫБАНБАЙ

«Е» тобында Швейцария құрамасы Бразилияға қарсы именбей, иық тіресе өнер көрсетіп, 1:1 есебімен тең ойнады. Сөйтіп, әлем чемпионаттарында теңбіл доптың теңдессіз шеберлеріне қарсы екі рет ойнап, екеуінде де жеңілмеген үшінші команда атанды.

Мундиаль тарихында Бразилиямен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіске жеткен команда біреу-ақ: ол – Венгрия құрамасы. Олар алдымен 1954 жылғы доданың ширек финалында оңтүстікамерикалықтарды 4:2 есебімен тізе бүктірді. Бұдан кейінгі екі турнир бразилиялықтар үшін аса сәтті болғаны белгілі. Олар 1958 және 1962 жылдары өткен қос чемпионатта 12 матч ойнап, оның 10-ында жеңіске жетіп, екеуінде ғана тең түскен болатын. 1966 жылғы доданы да олар жаман бастаған жоқ: 2:0 есебімен Болгарияны ұтты. Алайда екінші турда Бразилияның 13 матчқа созылған жеңіліссіз сериясы аяқталды. Оған нүкте қойған – тағы да… Венгрия еді (1:3). Бұдан кейін командалар ресми турнирлерде әлі кездескен жоқ.

Тап осы сәтсіздік 1966 жылдың 15 шілдесінде болса, содан төрт күн өткен соң, 19 шілдеде Бразилия Португалиямен кездесіп, одан да ұтылды (1:3). Бұрынғы отар ел құрамасының байырғы метрополия командасымен ресми келесі ұшырасуы 44 жылдан кейін Оңтүстік Африка алаңдарында болды. 2010 жылғы доп додасының топтық кезеңінде бұл екі команда 0:0 есебімен тең ойнады.

Ал Швейцария футболшылары даңқты Пеленің отандастарымен екі рет кездесіп, екеуінде де (1950 жылы – 2:2, 2018 жылы – 1:1) тең түсті. «Бразилиядан ұтылмайтын үштік» осылай қалыптасты. Рас, бұл қатарға Норвегияны да қосуға болар еді. Скандинавия түбегінің өкілдері 1998 жылы күтпеген жерден Бразилияны ұтып кетті (2:1). Алайда бір ғана ойында не болмайды дейсіз, тәйірі… Бізге өз ерлігін қарымта матчта да дәлелдейтін мықтылар керек! Мына үшеуі секілді…

АFР фотосы

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз