Астанада Азия чемпионатының жалауы желбіреді

9

Астанаға Аударыспақ және Теңге ілуден Азия чемпионатына қатысатын спортшыларымыз бен бапкерлер келді. Біз орайы келгенде, Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаевтан  және аға бапкерлер Жанбатыр Бекмұсаевтан, Нүркен Байбөриевтен  жарысқа даярлық барысы және чемпионатқа қатысатын спортшыларымыз туралы пікірлерін айтып берулерін өтінген едік. Назарларыңызға бапкерлерден естіген  сол пікірлерді қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік.

 Ұлттық құрама команданың бас бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуанышбек Құрамаев:

—  Азия чемпионатына қапысыз даярландық деп ойлаймын. Мамыр айының басынан бастап ұлттық құрамадағы спортшыларымызды Тараз қаласына тегіс жинадық. Тараздағы «Атлетик» спорт кешенінде оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл спорт кешені республикамыздағы ірі спорт кешенінің бірі. Мысалы, осы спорт кешенінде сәуір айында еркін күрестен Азия чемпионатына баратын спортшылар оқу-жаттығу жиынын өткізді. Біз тек аударыспақшылар мен теңге ілушілерді ғана емес, жамбы атушы мергендер мен көкпаршылардың да оқу-жаттығу жиынын қатар өткіздік. Ал, аударыспақшылар мен теңге ілушілер туралы айтсам, олар 1 мамыр мен 12 мамыр аралығында жалпы спорттық денешынықтыру бойынша жаттықты. Бұл дегеніңіз, кәдімгі үлкен спортта қалыптасқан оқу-жаттығу жиынымен бірдей. Бір айлық оқу-жаттығу жиынына қаншама жаттықтырушылар қатысты.

Жатықтырушы дегеннен еске түседі, өткен жылдан бастап Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы республикалық «Дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығымен» тығыз байланыс орнатып, бірлесе отырып жаттықтырушыларымызды бірнеше курстан өткізді. Атап айтсам, Шымкент қаласында 2017 жылғы 6-15 наурыз аралығында ұлттық ат спорты түрлерінен (көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу) біліктілікті арттыру курсы өтті. Курстан 66 жаттықтырушы-оқытушы өтті. Биылғы жылы Тараз қаласында 2018 жылғы 5-13 наурыз аралығында ұлттық ат спорты түрлерінен (көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, бәйге түрлері) жаттықтырушылардың біліктілікті арттыру курсы өтті. Курстан 47 жаттықтырушы-оқытушы өтті. Курс Тараздағы «Әулие ата» ат спорты клубында болды. Содан соң, Жамбыл облысының Мерке ауданында 2018 жылғы 16-21 сәуір аралығында ұлттық ат спорты түрлерінен (саятшылық, құсбегілік) біліктілікті арттыру курсы өтті. Курстан 19 жаттықтырушы-оқытушы өтті

 

Ұлттық құрама команданың аға жаттықтырушысы Нүркен Байбөриев:

— Білікті жаттықтырушы ретінде менің айтарым, Теңге ілуден осы Азия чемпионатында рекордттық көрсеткіш жаңаруы мүмкін. Бірер жыл бұрын Теңге ілуден рекордтық көрсеткіш 14 секунд болатын. Бұны Әліхан Бәшімбаев жасаған болатын. Одан соң 13 секунт болды. Бұл үздік теңге ілушіміз Ғалымжан Ізжановтың рекорды еді. Өткен жылы Теңге ілу спортында алдына қара салмай тұрған жас спортшымыз Мағжан Сапарбек Қызылорда облысында өткен ұлттық спорт фестивалінде рекорттық көрсеткішті 11 секундқа түсірді.

Енді мына Азия чемпионатына қатысатын 9 мемлекет спортшылары арасында мықты дайындықпен келе жатқан спортшылар аз емес. Сондықтан, осы жолы да жаңа рекордтық көрсеткіштерге куә болуымыз мүмкін.

Ал, аударыспақ туралы айтар болсам, біздің балуандар жақсы даярлықтан өтті. Ауыр салмақтағы балуандарымыз бас жүлдені тағы да иеленуі мүмкін.

Ұлттық құрама команданың аға жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұсаев:

— Аударыспақ жаттықтырушысы болған соң, мен осы жарыс туралы айтайын. Балуандарымыз бір ай толық жаттығудан өтті. Таңдаулы он спортшымыз бес салмақ бойынша іріктеуден өтті. Олардың есімдері жарияланғалы бірталай уақыт болды. Барлығы да тәжірибелі балуандар. Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров, Есімхан Рахматілла өзімнің төл шәкірттерім. Үшеуі де халықаралық жарыстардың қыр-сырына қанық. Сондықтан, бұл балуандар жеңісті қолдан бермес деп ойлаймын. Ал, 60 кило мен 70 кило салмақтағы ақтөбелік балуандар бұған дейін халықаралық жарыста белдесіп көрген жоқ. Оның үстіне дәл осы салмақтарда шетелдік балуандар арасында тәжірибелілері көп. Бірақ, ақтөбелік әріптесім Абат Аймағамбетовтың шәкірттері де аударыспақ сайысына өте мықты. Іріктеу жарысында қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Сондықтан, 70 килодағы Шыңғысхан Ержанов пен 60 килодағы Азамат Серғазин де жүлделі орыннан көрінуі мүмкін. Алла бұйыртса, Қазақстан ұлттық құрамасы ІІІ Азия чемпионатының да бас жүлдесін қанжығасына байлайды деп үміттенемін.

????????????????????????????????????

Төлеген ЖӘКІТАЙ

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз