Қазақстан – Әзірбайжан матчы. Қос елдің комментаторлары пікір білдірді.

8

 «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, 5 маусым күні өтетін Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы жолдастық кездесуді бәріміз асыға күтіп жүрміз. Спорт мамандары мен бапкерлер, журналистер мен қарапайым жанкүйерлердің пікірлері алуан түрлі. Біз орайы келіп тұрған соң,  қонақтар жақтан Бакудың беделді СВС Sport телеарнасының комментаторы, тісққаққан футболтанушы Шамсаддин Аббасов пен  белгілі комментатор, “Егеменнің” спорт шолушысы Ермұхамед Мәуленге бірнеше сұрақ қойып көрдік.

  1. Бұл ойыннан не күтуге болады? Пайдасы қандай болмақ?

Шамсаддин Аббасов:

Сәлеметсіздер ме?! Біздің арнамыз бұл ойыннан трансляция жасайды. Ойыннан көп нәрсе күтуге болады. Тартысты жекпе-жек болады деп ойлаймын. Екі команда да жанкүйерді жалықтырмайтындай тартымды футбол көрсетеді деп үміттенемін. Біздің құрамада жас ойыншылар бар, олар өз қолдарынан не келетінін көрсетуге мүмкіндік алып отыр. Құрамада жастар өте көп. Біз үшін бұл өте маңызды кездесу екенін баса айтқым келеді.

 

 

 

 Ермұхамед Мәулен:

Жалпы Қазақстан мен Әзірбайжан бұған өзара 7 кездесу өткізген. Қазақстан ұлттық құрамасы 3 ойында жеңіске жетті. Екі ойын тең нәтижемен аяқталды.  Біздің жігіттер бір бас алда тұр деп ойлаймын. Өте жақсы матч болғалы тұр. Екі командаға да аса пайдалы. Себебі алда Ұлттар лигасы турнирінің іріктеу кампаниясы бар. Соған тамаша дайындық іспеттес кездесу бұл.

 

  1. Ойынға қандай болжам айтасыз?

Шамсаддин Аббасов:

Футболда болжам жасау дегеніңіз өте аса жағымды дүние емес. Алайда бұған дейінгі кездесулерге зер салатын болса, 7 кездесуде де қайсыбір команданың айқын басымдылықпен жеңбегенін көреміз.  Бұл жолы командалардың көп гол соғуы ғажап емес, өйткені жастар көп. Олар өздерін көрсеткісі келеді.  Ең бастысы жанкүйерлерге жағатын ойын болса болғаны.

Ермұхамед Мәулен:

Екі елдің клубтарын сөз қылайықшы алдымен. Оларда «Карабах» пен «Габала» клубтары бар. Еуропада біраз жерге барып жүрген ұжымдар. Бірақ меніңше «Астана» мен «Қайрат» клубтарының қай жағынан алсақ та әлеуеті зор.  Әзірбайжан чемпионаты біздікінен әлсіздеу. Ол ұлттық құраманың ойын сапасына тікелей әсер етеді. Әзірбайжанды қалайда ұтуға тиіспіз. Менің болжамым – Стойлов шәкірттері 3:0 есебімен басым түседі.

  1. Қай ойыншыларды ерекше атап өтесіз?

Шамсаддин Аббасов:

Әзірбайжан құрамасынан мына ойыншы пәлендей деп айтқым келмейді.  Мен бас бапкеріміз Гурбан Гурбановты атап өтейін. Оған зор сенім артылып отыр. Оның мақсаты – Әзірбайжан ұлттық құрамасын  Еуропа чемпионатының ақтық турниріне алып шығу. Ол – «Карабах» командасын Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарған жаттықтырушы. Сонысымен де тарихта қалды. Ендігі кезек – Ұлттар дигасының финалдық кезеңіне жолдама алу. Себебі Бакудағы Олимпиадалық стадионда сол турнирдің төрт матчы өтеді.

Ермұхамед Мәулен:

Мен Еркебұлан Сейдахмет пен Бахтиер Зайнутдиновке ерекше көңіл бөлгім келеді. Олар алғашқы минуттан алаңға шықса, тіпті жақсы болар еді. Техникалары жетілген, жылдам. Шиыршық атып тұрған жігіттер жерге қарата қоймас.

  1. Бас бапкер қандай тактика ұстанады деп ойлайсыз?

Шамсаддин Аббасов:

Менің байқағаным, Гурбан Гурбанов – ізденімпаз жан. Әр ойында әр түрлі ойыншыларды сынап жатады. Қазақстанмен ойында да негізгі мақсат жаңа ойыншылардың ойынын бағалау болады деп ойлаймын. Нақты бірдеңе деу қиын. Бірақ қорғана жүріп, шабуылға шығып, ойындағы тепе-теңдікті сақтауға күш жұмылдыратыны анық.

Ермұхамед Мәулен:

Стойлов шабуылға көп иек артатыны анық. Ол дұрыс та! Өткенде Венгрия және  Болгариямен болған ойындар айызымызды қандырды. Тіпті өз жерімізде өткелі тұрған ойында қорқақтық танытпау керек. Станимир бапкер жеңіс дәмінің қандай екенін біледі.  

  1. Қарсылас команда туралы не білесіз?

    Шамсаддин Аббасов:

    Қазақстан құрамасы – өте мықты ұжым. Көлгірсігенім емес, «Астанаға», қала берді, кезінде қарағандылық «Шахтерге» Әзірбайжанда да жанкүйерлік ететіндер баршылық еді. Сондай-ақ сіздердің бірқатар клубтарыңызда жоғар деңгейлі легионерлер өте көп. Ол дегеніңіз жергілікті ойыншылардың бәсекелестігін күшейтеді. Сол себепті де мен сіздердің командаларыңызды бекер мақтап отырған жоқпын. Ұлттар лигасында Әзірбайжанның қарсыластары – Косово, Мальта, Фарер аралдары. Қазақстанның деңгейі бұлардан анағұрлым жоғары.

Ермұхамед Мәулен:

Әзірбайжанмен бұған дейінгі өткізген ойындар туралы басында айтып кеттім. Клубтары жайлы да сөз болды. Қарсыласты сыйлау керек. Жақсы ұжым. Ричард Альмейда сынды ойыншыны Бразилиядан алдырып, азаматтық берді. Ол «Карабахта ойнайды» . Сондай-ақ басқа да ойыншылары бар Әзірбайжан кем дегенде тең нәтижеге жету үшін келе жатыр деп ойлаймын. Алайда біздің жеңіске деген құлшынысымыз, мені оптимистік ойларға жетелейді.

Сұхбат құрған Мадияр Қазыбек.

Суреттер Ермұхамед Мәулен мен Шамсаддин Аббасовтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларынан және Қазақстан футбол федерациясының Instagram желісіндегі парақшасынан алынды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз