Гурбан Гурбанов: “Құрамаға жаңа ойыншыларды көптеп тарту керек”

9

     Қазақстан ұлттық құрамасы 5 маусым күні футболдағы байырғы қарсыласымыз Әзірбайжан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Деңгейлері шамалас қос команда бұған дейін жеті рет кездескен. Оның  үшеуінде Қазақстан жеңсе, екі ойын тең аяқталған. Қалған 2 матч әзірбайжандықтардың пайдасында.

     Бір қызығы, қос ұжым бір-бірін минималды есеппен ғана жеңіп отырған. Әзірбайжанның екі жеңісі де 3:2 есебімен тәмамдалса, Қазақстан екі рет 1:0 және  2:1 етіп жеңе білді. Соғылған голдар саны 10-9. Бауырлас елдер соңғы ойындарын осыдан екі жыл бұрын Түркияның Белек қаласында өткізген-ді. Одан бері талай ойыншылар келіп үлгерді. Жалпы көршілерімізде де буын алмасу процесі жүріп жатыр. Команданың бас бапкері Гурбан Гурбановтың айтуынша, құрамаға ойыншыларды көптеп тарту ойда бар.Сол елдің футбол федерациясы өзге елдерден ойыншыларды тартуды құп көреді.

Айтпақшы, ертең Әзірбайжан құрамасы қырғыздармен де жолдастық кездесу өткізеді. Гурбанов алдымен әлсіздеу командамен ойнағанымыз жөн десе, соңынан қырғыздарды мықты қарсылас деп жуып-шайған болды. Шамасы, «арық айтып, семіз шыққысы» келді-ау, кім білсін. Негізгі күшті Қазақстан  және Латвия құрамаларына сақтайтыны анық.

Ойыншылары туралы сөз қозғаған жаттықтырушы Бразилиядан алдыртқан келімсек Ричард Альмейданың жарақаттан айықпағанына қынжылды. Алайда, Альмейда Қазақстанмен ойнауы бек мүмкін. «Кешлының» қақпашысы, тәжірибелі Камран Агаевтың капитан болу мәртебесі де шешілген жоқ.

Бас бапкер сондай-ақ ішкі чемпионат деңгейінің төмендігінен білікті ойыншылардың жетіспеушілігін алға тартты. «Біз әлі де жақсы ойыншыларды іздей береміз, келесі жиынға мүлде басқа ойыншылар келуі мүмкін», – деді Гурбанов.

Сонымен, қарсыластарымыздың құрамымен таныстыра кетейік:

Қақпашылар: Камран Агаев(«Кешлы»), Анар Назиров(«Зиря»), Салахат Агаев(«Нефтчи»).

Қорғаушылар: Максим Медведев, Бадави Гусейнов(екеуі де «Карабах»), Руслан Абышов(«Нефтчи»), Урфан Аббасов, Ильгар Гурбанов(екеуі де «Габала»), Славик Алхасов(«Кешлы»), Рахиль мамедов(«Сабаил»), Уфук Будак(«Самсунспор», Түркия), Павел Пашаев(«Александрия», Украина).

Жартылай қорғаушылар: Араз Абдуллаев(«Анортосис», Кипр), Дмитрий Назаров(«Ауэ», Германия), Тамкин Халилзаде, Джавид Гусейнов, ДжавидИмамвердиев(бәрі «Габала»), Гара Гараев, Джошгун Диниев, Ричард Альмейда(бәрі «Карабах»), Намик Алсекеров, Эмин Махмудов, Рахман Гаджиев(бәрі «Нефтчи»).

Шабуылшылар: Махир Мадатов, Рамиль Шейдаев(екеуі де «Карабах»), Руслан Гурбанов(«Габала»), Амиль Юнанов(«Сумгаит»).

Сурет sputnik.az сайтынан алынды.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз