Жеңімпаздар ұстаханасы

3

Қазіргі жастардың бойынан ұлттық намысы бар, ана тілін құрметтейтін спортқа ынталы жастарды көре алуға бола ма? Ол үшін «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің», -демекші, туған елінің намысы үшін отқа да суға да түсуге дайын батыл да батыр ұрпақты тәрбиелеудің бүгінгі күнде маңызы зор. Әрине, жасөпірімдердің болашағын мектеп қабырғасынан бастап ойлаудың маңызы ерекше деп санаймыз. Осы орайда, К.Ахметов атындағы Олимпиада ізбасарларының республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжін бұл күнде көпке үлгі ретінде айтуға болады. Тарихы тереңген тамыр тартып, талай-талай таланттардың томағысын сыпырып шығарып жатқан, жемісін үзбей беретін жеміс ағашы іспеттес, берекелі спорт шаңырағы ертеңгі күнге үмітпен қарайды. Ендеше, К.Ахметов атындағы Олимпиада ізбасарларының республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының магистрі, профессор Сейілхан Бақтығалиұлы ҚАРАҚОВ айтулы оқу спорт ордасының тынысы мен тірлігі туралы сұхбат берген еді.

-Білікті басшысы, білгір қосшысы бар ұжым әркез көшбасында жүретіні белгілі. Өз жұмысына ықтиятты жандары бар, болашағынан зор үміт күттірер дарынды жастары бар ортаның бағындырмайтын белесі болмас, сәрі. Респуликалық сайыстар былай тұрсын халықаралық жарыстардың шаңын аспанға көтерер жүйріктердің саны артқан сайын спорт мектебінің де беделі жоғарылай түсетіні айғақ.

Бұл мектеп қазір жаңа заман ағымына орай, айрықша жаңа көрініс алып тұрған сияқты. Көп жылдар бойы құрылысына қол тимеген спорт кешені жаңарып замануи келбетке ие болған екен. Әсіресе, су жаңа салынған дзюдо ғимраты алыстан көз тартады. Мектепте осыншама жаңғыру мен жаңаруды қай уақытта бастап едіңіздер? Кім қолдау көрсетті? Үлкен іске үрікпей кіріскеніңіздің себебі неде болды? «Қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді», — деген сөз сізге арналған ба?

–Біріншіден, айта кетерім, мен осы мектепке басшылық қызметіне 2016 жылы келдім. Сол уақыттан бастап Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен вице-министр Сәкен Жүнісбекұлының қолдауымен осы мектепке толықтай жаңарту құрылыс жұмыстары басталды. Алдыменен біз жатақхананың ішінен құрылысты бастауды жөн көрдік. Өйткені, жасөспірімдердің біріншіден, жатар-жайын жақсартып, тұрмысын түзетпей, үлкен талаптар қою бекер екендігін жақсы білдік. Сондықтан да жатақхана мәселесі күн тәртібінде бірінші тұрған болатын. Осылайша, 250 орындық жатақхананың төсек-орындарын түгелдей жаңартып, заманға сәйкес ауыстырдық. Бұл жерде қоса кетер бір жай, жас балалардың жағдайын жасауда «Самұрық – Қазына» Ұлттық әлеуметтік қоры мен бірге осы мектептен түлеп ұшқан көптеген жомарт жанды кәсіпкерлерлер, меценаттар, жолдастардың көрсеткен көмектерін айрықша айта кетер едім.

Айтулы оқу спорт мектебінің тарихы тереңде жатыр. Қазақстанның атын әлем, Олимпиада ойындарында атын шығарған дарабоз спортшылар осы мектеп қабырғасынан қанат қағып шықты. Сол жұлдызды спортшылармен жас жеткіншектер кездесу өткізіп тұра ма?

–Әрине, міндетті түрде. Мысалы, осы К.Ахметов атындағы Олимпиада ізбасарларының республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің шаңырағында оқып шыққан, Олимпиада чемпионы, даңқты палуан Олег Быковтың біздің мектепке арнайы Мәскеуден ұшып келіп, жас ізбасарларымен кездесіп, естелікке түскен суреттері, мектеп қабырғасындағы тарихи фотолар қатарында ерекше орын алып тұр. Сол секілді су спортынан Сергей Котенко, бессайыстан Олимпиада чемпионы Александр Парыгин, дзюдо күресінен Олимпиаданың күміс жүлдегерлері Асхат Житкеев, Елдос Сметов, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атанған Ұлан Рысқұл және Еламан Ералиевтермен оқушыларымыз кездесулер өткізді. Сонымен бірге, әрбір спорт түрінен аттары әйгілі жандармен ұйымдастырылып келген кездесулерді де тілге тиек ете кетуге болады. Мысалы, Олимпида және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Сидей Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымовтар мектебімізге келгенде, оқушылар өздерінің көкейкесті толғантқан сұрақтарын қойып, кездесулерден зор әсер алды. Сол секілді, осы мектептің түлегі бүгінде ел аузында жүрген апайтөс палуан Елдос Сметовтің келіп, жасөспірмдерге үлкен жеңістерге жету жолындағы өз тәжірбиесімен бөліскен сәттері де балалардың есінде көпке дейін ұмытылмастай әсер қалдырды деуге болады. «Атпаз көрген ат таныр — ұстаз көрген хат таныр», — деген сөз бар халықта. Жалпы, ай сайын аты елге танымал бір спортшымен кездесіп тұру біздің мектептің жоспарында маңызды орын алады. Өйткені, «Ағаға қарап іні өсер», — демекші, біз Олипиада ізбасарларының арнайы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі болғандықтан тұлғалы спортшыларды шақырып олармен тартымды кездесулерді жиі ұйымдастырып отыру жастарға үлкен үлгі-өнеге деп білеміз.

-Мәдениетті болу, үлкен адамгершіліктің бір тармағы-десек, ата-ананы сыйлау ,ұстазға құрмет-кішіге ізет ету қазіргі жастарымыздың бойынан көруге болама? Мектеп қабырғасында қазақ тіліне ерекше басымдылық жасалғаны байқалады. Туған тілге деген құрметті нығайтуды қолға алуыңыздың себеп салдарын айта өтсеңіз?

–Әрбір ұлт өзінің туған тілін құметтеп, туған тілінде сөйлеуге міндетті. Айтады ғой, тіземнен сүріндірсе сүріндірсін, тілімнен сүріндірмесін деп. Ана тілінде сөйлеп, ана тілінде түс көре білген баланың ұлтына деген сүйіспеншілігі ерекше болады деп ойлаймын. Сондықтан да ана сүтімен кірген туған тілді бесіктен бастап білген бала, мектепте шыңдап төселіп алып, үлкен өмір әлеміне ұшып кетеді емес пе. Осы орайда, біз мектепте мемлекеттік тіл, қазақ тіліне деген құрметті биік ұстағанды дұрыс деп санаймыз. Мектеп қабырғасында көптеген игілікті шаралар өтіп жатады. Жуырда Мұқағали Мақатаевтың атында шығармашылық кешін ұйымдастырдық. Сонымен бірге қазақтың ұлы ойшылы, хакім Абай туралы да келісті кештерді өткізіп тұрамыз. Міне, осындай шаралар арқылы жастарымыздың рухани ішкі байлығын шыңдай түсеміз деп есептеймін.

Бүгінгі күні байқасаңыздар мектебімізде дәріс алатын, өзге ұлттың балалары қазір қазақ тілінде еркін сөйлеуге тырыса бастады. Бұл біздің мектептің ұстазадары үшін үлкен жетістік. Біз жастарымызды демалыс күндері қоғамдық-мәдени орындарға жиі апарып тұрамыз. Айталық, театр, мұражайларға апарып, еліміздің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ біліп танысуға мүмкіндік туғызамыз. Өйткені, жасөспірімдер өзіміздің ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді жақынырақ біліп, сол ұлттың бір өкілі ретінде өздерін сезінулері керек. Сонда ғана тілге деген құрмет жемісін береді.

К.Ахметов атындағы мектеп-интернат колледжіне қабылдауда ауыл балаларына орасан жеңілдік қарастырған екенсіздер. Ауыл қазақ елінің тынысы мен тіршілігі әрі алтын бесігі десек, сол ауыл балаларына деп жасалған тамаша жеңілдіктер жайлы айтсаңыз?

–Мен өзім бала кезімде осындай бір республика астанасындағы еңселі спорт мектебіне оқуға түссем деп армандаушы едім. Ол кезде осындай спорт мектебі мен үшін қол жетпес асқаралы арман еді. Кейінірек, ол арманыма да қолым жетті. Сондықтан да ауылдағы дарынды жасөспірімдердің бала армандарын орындалуына себепші болсақ үлкен сауап жасағанмен бірдей емес пе. Біздің мектепті білмейтін өңірлерге барынша насихатын жеткізіп, танытуымыз керек. Ауылдың талантты ұл-қыздары тасада қалып қалмауы үшін олардың арасындағы талантты жастарын іріктеп алып, осы мектебімізге тарта білуміз керек. Өйткені, ауыл қазақтың күре тамыры, алтын діңгегі. Елімізді айтпағанда, әлемге әйгілі спортшылар сол тоқымдай ауылдардан өсіп шықты. Мысалы, қазақтың біртуар тұлғалы спортшылары Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Ермахан Ыбрайымовтарды айтсақ жетіп жатыр. Сондықтан да мен қазір өзімнің жаттықтырушыларыма ауыл балаларын қабылдағанда мұқиятты болып, ауыл таланттарын оқуға көбірек алыңдар деп айтамын.

Жарыстарда жеңіп келген жас тлантты оқушы спортшыларға қандай қолдау құрмет көрсетіліп отырады?

–Біріншіден, жарыстардан жеңіспен оралғандарға арнайы қаржы бөлінбейді. Дегенмен қошамет-сый ретінде жақсы жеңілдіктер, көмектер қарастырғанбыз. Мысалы, спорт киімдерін береміз. Сонымен қатар, мен алғаш осы мектепке басшылыққа келген кезімде барлық балаларды жинап алып, «егер кімде-кім Азия, әлем, Еуорпа чемпионаттарында жеңіске жететін болса, жатақханадан жеке бір бөлме беретін боламыз», – деп айтқан едім. Сол сөзімде тұрып, бүгінгі күнге дейін жеңіспен оралған жеткіншектерге жекелей бөлме тарту етіп келуді дәстүрге айналдырып келеміз. Мұндай көмек жастарымыздың жағдайын түзеп, ертеңгі күнге сеніммен қаруына сәл де болса, себебі тиер жақсылықтың бірі болса деген үмітіміз. Бір жағынан бұл қадамымыз жас спортшылардың менде сондай жеке бөлмеде тұрғым келеді деген армандарын жетелейді деген ойдан туған игілікті іс.

Мектеп ауласында зәулім дзюдо ғимраты салынған екен. Бұл жаңа заман ағымына сай салынған ірі спорт кешені екені көрініп тұр. Мектепте осындай дзюдо академиясының бой көтеруі, дэюдо күресіне деген құрметтің ерекешелігін білдіреді ме?

–Дзюдо олимпиадалық жекпе-жек түрі болғандықтан осы күрес түрін көтермесе болмайды деп ойлаймын. Бір жағынан осы спорт мектебінен Олимпаданың жүлдегерлері Асхат Житкеев пен Елдос Сметовтер түлеп ұшты. Қазір міне, қарасаңыздар спорт залдың іші бір босамайды. Бозкілемде жасөспірімдер сабақтан бос уақытта тер төгіп жаттығуларын жасап жатады. Тоқсан адамдық жатақханасы, асханасы, тренажерлік залы бар мұндай төрт жағы келіскен спорт кешені Қазақстанды айтпағанда Азия аймағында алдыңғы қатарда тұр десем жаңылыс айтпаған болар едім. Осы жерде айтпай кетуге болмас, айтулы зәулім спорт кешенін тұрғызып бізге тарту еткен Кеңес Рақышевқа мектеп ұжымының атынан зор алғысымызды айта кеткеніміз. Біз болашақта ел үмітін Олимпида ойындарында абыроймен ақтайтын таланттарды шығаруға бар күші-жігерімізді салуға дайынбыз.

Оқушылардың қоғамдық ортады өздерін иманды, мәдениетті, мейірімді, жанашыр етіп тәрбиелеу үлкен бір мектеп десек, осындай өзекті мәселелердің күрмеуін қалай шешіп жатсыздар? Мектеп шаңырағында жасөпірімдердің қоғамдық шараларға белсенділігі қаншалықты?

–Өте дұрыс қойылған сұрақ. Біз болашақ ұрпақты тәрбиелеп жатқан оқу орны болғандықтан бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Біздің қаламызда мүгедек балаларға арналған балалар үйлері бар, жетім балалар мен зағип жандардың үйлері бар, біз сол орындарға барып, қолдау-көмек, рухани медеу көрсету шараларын жиі өткізіп тұрамыз. Өйткені, «Көңіл жақсы болғаны, өмір жақсы болғаны», – деген қанатты сөз бар емес пе, тағдыр тауқыметінен кемтер болған жандардың көңілдерін көтеріп, жебеу-жәрдем жасай білу үлкен адамгершіліктің белгісі деп білген дұрыс. Сонымен қатар, талантты жастарымыз суырлып шығып, концерттік бағдарламалар, дзюдо, көркем гимнастика сияқты түрлерден спорттық көрсетілімдер тарту етіп жатады. Жалынды жастардың өнерлерін тамашалап қызыққан балалар үйінен бізге хабарласып, бізде де талантты жеткіншектер бар соларды сіздер оқуға аласыздарма? – деген өтініштер айтып жатады. Біз ол жағында қазргі кезде қарастырып жатырмыз. Жастардың қоршаған ортаға сүйспеншілікпен қарап, мейірім-шапағатын ояту аясында осындай шаралар ұйымдастырып тұрамыз.

Өмірде адам бойынан қандай қасиеттерді жақсы қандай қасиеттерді жек көресіз?

–Өмірде адал еңбекпен жұмыс жасайтын адам ол ешқашанда өтірік сөйлемейді. Адам бойындағы ең жақсы қасиеті ол шындықты айту.
Ал, жалқаудың жасан әдеті ол әрине өтірік сөйлеу. Сондықтан ең жаман касиет ол жалған сөйлеу, өтірік айту.

Әңгімеңізге көп рахмет. Ел спортының еңсесін көтеруге әзер жасұрпаққа беріп жатқан еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Тарихы тереңнен тамыр тартқан айтулы мектеп, 1989 жылы № 2 Олимпиада ізбасарларының училищесі болып аталса, 1994 жылдың тамыз айында оған Каркен Ахметовтың аты берілді. 1998 жылдан бастап, К.Ахметовтың атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық арнайы мамандандырылған мектеп-интернат деген атау алды. Оның базасында 2012 жылы Олимпиада резервінің колледжі ашылып, бүгінгі күні К.Ахметов атындағы Олимпиада ізбасарларының республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі болып аталады.

Бұл мектептің негізгі мақсаттарының бірі баланың жеке тұлға болып өсіп, спорттағы жан-жақты шеберлігін танытуға барынша жағдай туғызу. Ендеше, жасұрпақтың бойына салауатты өмір салтын жөн-жүйесімен жүргізе білген, арманы биік, талабы зор ұжымы бүгінде дегендеріне жетіп келеді. «Талапты ерге нұр жауар», – демекші, бүгінгі күні К.Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің дарынды жастары ел чемпионаттарында топ үздігі атанып, ұлттық құрама сапында халықаралық, Азиялық жарыстарда еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр.

Мектептің табалдырығын тарыдай болып кіріп, аттап таудай болып шығып жатқан жасөспірімдердің алар асулары алда. Ең басты арман – Олимпиада ойындарында еліміздің көкб айрағын биіктен желбірету.

Әңгімелескен,
Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

АЛМАТЫ

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз