Гвардиоланың футбол гвардиясы

30

Кез келген спорт түрінде таланттың көзін ашатын бапкер. Футбол әлемінде мұндай бапкерлер жетерлік:  Алекс Фергюсон, Кройф, Райкаард, Капелло, Моуриньо, Гвардиола. Соңғысының есімін соңғы кезде жиі естіп жүрміз. Неліктен Агуэро өзін басқа бапкер жаттықтырғанын қаламайды? Бускетс не үшін «Барселонадағы» жылы орнын Гвардиола үшін тәрк етуге дайын? Өзін 3 лигада сынап көрген Хосеп Гвардиола жайлы білерімізді бағамдап көрейік.

Гвардиола футболдағы ғұмырының көп бөлігін «Барселона» сапында өткізді. Ойыншы ретінде жарқырай қоймағанымен, болашақта оны үлкен жетістік күтіп тұрды. Испания, Италия, Катар мен Мексикада доп тепті. Пептің тамаша бапкер болатынына Кройфтың күмәні болған жоқ.

Кройфтың сиқыры Гвардиола көзімен

Хосеп өзін бапкер ретінде 2007 жылы сынап көрді. Алыстан арбалаған жоқ. 1990-2001 жылы доп тепкен клубына бапкер болып оралды. Испанияның төртінші дивизионында өнер көрсететін кіші «Барселонаны» баптады. Гвардиоланың тактикалық шеберлігінің арқасында кіші «Барселона» 2008 жылғы маусымды үшінші дивизионда өткізетін болды. Хосеп болса өзі армандаған орнына қол жеткізді. 2008-2009 жылғы маусымда Райкаардтың орнына «Барселона» тізгінін ұстады. 37 жастағы маманның XXІ ғасырдың ең қуатты командасын жасап шығатынына көбі күмәнмен қарады.

Гвардиола сұхбаттарының бірінде – «Кройф бізге қамал тұрғызып берді. Біз, «Барселона» бапкерлері сол қамалды жөндеп, қайта тұрғызумен айналысамыз» – деген. Шынымен, Пеп Кройфтың жолымен жүрді. Бапкерінің заңдылықтарын жадында ұстады. Бір кездері дәуірлеген Кройфтың «Dream Team-ін», жаңа замандағы қуатты «Барселонаға» айналдырды. Германияда бәсекеге қабілетті «Баварияны» түзді. Англияда «Барселона» кейіпіндегі «Манчестер Ситиді» жасап шықты.

Кройф + Маццоне+Бьелса=Гвардиола

Мұны бапкерлерді салыстыру деп ойлап қалмаңыз. Гвардиола тактикасы –  аталған бапкерлердің тактикаларының қосындысы. Пеп Гари Линекерге берген сұхбатында: «Менің атап айтатындай сиқырым жоқ. Тек білгенімді тәжірибе жүзінде іске асырамын» – деген. Жөн-ақ, Гвардиоланың қосындыдан қандай туынды шығарғанын көрейік.

«Футбол Пифагоры» (Кройф-ред.) каталондық клубқа 7 жылын, Гвардиола «Барсаға» 3 жылын арнады. Пеп ұстазының жолымен жүрді. Клубқа келісімен, ойыншыларды алмастыра бастады. Кройфтың тұсында «Барса» 15 ойыншы сатып, 12 ойыншы командаға қосылды. Жаңа бапкер Джанлука Дзамбротта, Лиан Тюрам, Эдмилсон, Деку, Эскерро, Роналдиньо сынды ойыншылармен қоштасты. Команда қатарын Дани Алвес,  Пике, Сейду Кейта, Касерес, Энрике, Александр Глеб секілді жастар толықтырды. Гвардиола Ла Лигада «Ла Масияны» ойнатты.

Кройфқа Алешанко, Пепке Пуйоль секілді жүректі капитан кездесті. Ұстазы секілді Гвардиола да 4-4-2 схемасын ұнатпады. 3-4-3, 4-3-3 каталондық бапкердің символына айналды. Италияның футбол тактикаларын кәдесіне жаратты. Бьелса секілді жартылай қорғаушыны басты нүкте етіп алу жүйесін де сәтті пайдаланды.

Футбол бұл – хореография

Кройф қателеспеген, «футбол бұл – хореография». Бапкер – хореограф. Футболшыларды позициясына дәл бекітсең, жұмысыңның нәтижесі бірден білінеді.

Гвардиола жақсы «хореограф». «Барсаға» келген жылы требл ұтып алды. Бір жылдық қорытынды бойынша мүмкін болған алты трофейді қанжығасына байлады. Пеп бапкер болған жылдары «Ла Масиямен» «Барселона» тығыз қарым-қатынас жасады. Білікті бапкер «Барселона» сапында 22 жас таланттың бағын ашты. Соның бірегейі – Бускетс. Бускетс «Барселонаның» негізгі құрамына Гвардиоламен (2008) бірге келді. Жартылай қорғаушының каталондық клубтың негізгі құрамында доп тепкеніне 10 жыл. Серхио – «Барселонаның» моторы. Бускетс жайында Гвардиола –  «әлемдегі ең үздік жартылай қорғаушы» десе, Хави өз сөзінде  «Бускетс болмаса «Барселона» мұндай жетістіктерге  жетпес еді» – деп пікір білдірген. Серхио «Marca» басылымына берген сұхбатында: «Менің «Барселонадан» кету туралы шешіміне екі адам ғана ықпал ете алады. Бірі менің жұбайым, екіншісі Гвардиола. Мен Гвардиолаға қарыздармын. Пеппен қайта жұмыс істеу мен үшін мәртебе болар еді. Бірақ ол менің «Барселонада» бақытты екенімді біледі. Сондықтан командадан кетуімді сұрамайтынына сенімдімін» – деген.

Гвардиола «Барселонада», «Баварияда», қазір «Манчестер Ситиде» ойыншылардың позициясын жақсы бекіте білді. «Барселонада» берік команда қалыптастырды, «Баварияда» түрлі тактикаларды сынап көрді. Бүгінде Англияда нәтижелі жұмыс істеп жатыр.

Пептің «Барселонадағы» негізгі нүктесі – Месси, «Баварияда» – Тьяго, Алонсо, Лам, «Манчестер Ситиде» – Де Брюйне. Белгіленген нүктелер арқылы әрекет ету – Гвардиоланың негізгі қаруы. Тактикалық шеберлік пен ерік-жігер Пепке 22 трофей сыйлады.

Әлемнің ең үздік бапкері (2009, 2011) мұнымен тоқтап қалмайды. Өзі үшін, командасы үшін тактика тәсілдерін шыңдай бермек. Кройф секілді Гвардиола да шәкірттеріне қамал тұрғызуға тиіс емес пе? Кейінірек Гвардиола тұрғызған қамалды жөндеу үшін Хави, Алонсо, Месси, Бускетс, Де Брюйне мен  Агуэролар көмекке келеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз