Қаршыға Дәуітбек: Спортшыға ең керегі – мінез

22
Deskgram

– Қаршыға, кез келген спортшының спортқа келуіне бір жәйт түрткі болады. Сіз спортқа алғаш қалай қадам бастыңыз және кім себепкер болды?

– Қазақ халқында «бұлақ көрсең, көзін аш» деген керемет сөз бар ғой. Менің спортқа -деген қызығушылығымды байқаған Ілияс Оралбеков есімді алғашқы бапкерім 2009 жылы тұңғыш рет бокс залына алып келген болатын. 2009-2013 жылдар аралығында бокспен айналысып, біраз жетістіктерге жеттім. Жасөспірімдер, жастар арасында түрлі жарыстарда жүлделі орындардан көріндім.

– Алғашында бокспен шұғылданып, айтарлықтай жеңістерге қол жеткіздіңіз. Тіпті, Қазақстан чемпионатында жүлделі орындардан көріндіңіз. Осындай жетістіктерге жете тұра, ММА-ға бет бұруға не себеп болды?

– 2013 жылы отбасылық жағдайларға байланысты спорттан қол үзіп, екі жыл көлемінде үзіліс алдым. 2015 жылдың басында алғашқы бапкерім себепкер болып Мұрат Естанов, Алмас Шыманов секілді жаттықтырушылармен таныстым. Осы таныстық себепкер болып, ММА спортына біржола ауысқан болатынмын.

– Қазіргі бапкеріңіз Мұрат Естанов «Kazakhstan Top Team» клубында бапкерлік қызметте. Яғни, жас файтерлерге көп көңіл бөлуде. Олардың ішінде Ердәулет Марданбаев, Дамир Төленовтер сегіз бұрышта сәтті өнер көрсетуде. Өз кезегіңізде, артыңыздан ерген інілеріңіз жайлы ойыңызбен бөліссеңіз.

– Бұл жігіттермен талай жаттығулар жасағанмын. Жетістіктері жаман емес, жақсы нәтижелер көретуде. Болашағынан зор үміт күттіретін жігіттер.

– Жақында «Alfa Fighting Championship» спорт клубымен келісім-шартқа қол қойдыңыз. Жаңа командамен қандай биік белестерді бағындырмақсыз? Алдағы жоспарларыңыз жайлы айта өтсеңіз.

– Иә, Әділбек Тұрғынбаев ағамыз басқаратын жауынгерлік клубпен келісім-шартқа отырдым. Алға қойған мақсаттарымыз баршылық. Әзірге барлық жоспарды айтпаяқ қояйын. Негізгі мақсатымыз мұхит асып, америкалық ұйымдармен келісімге келу, сегіз бұрышта айқасу жоспарымыз бар. Желіде «Қаршыға «Бүркіт» Дәуітбек әлемдік проумоушын «Вellator» тұжырымымымен өзара келісімге келді» деген ақпарат көп талқылануда.

– Жалпы, осы ақпар қаншалықты рас, америкалық ұйыммен қашан келісімге келесіздер?

– Бұл мәселе қозғалған болатын. Америкалық менеджерлермен сөйлесіп, жұмыс жасаудамыз. Бұл тақырып төңірегінде Әділбек Тұрғынбаев пен бапкерлерім айналысуда. Толық ақпаратты айта алмаймын. Қазіргі уақытқа дейін келіссөздер жүруде.

– Қазақстандық жауынгерлердің көпшілігі оқу-жаттығу жиындарын Таиланд, Дагестан елдерінде өткізеді. Жалпы, елімізде жаттығумен шекара асып, өзге елде жаттығу жұмыстарын өткізудің нендей айырмашылығы бар?

– Қазақстанда бапкерлермен техникалық тұрғыда көп жұмыс жасаймын. Әдіс-тәсілдерді үйреніп, физикалық әлеуетімді шыңдаймын. Ал, Таиланд, Дагестан секілді елдерге әлемнің әр нүктесінен жауынгерлер жиналады. Файтерлер көп,тиісінше қарсыластармен спарринг өткізіп, жекпе-жеккке дайын болып келеміз.

– Қазақ жанкүйерлері Қаршыға «Бүркіт» Дәуітбекті қашан сегіз бұрыштан көреді?

– Келесі жекпе-жегім сәуір айында орын алуы мүмкін. Қандай ұйымда, кіммен шығатыным әзірге белгісіз. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы «Alfa Fighting» академиясында Берік Құрақбаев бапкеріммен алдағы кездесуге дайындалудамыз.

– Сіз малайзиялық тұжырым «ONE Silat»-тың 65 келі салмақтағы чемпиондық белбеуін жеңіп алдыңыз. Қазіргі кезде аталмыш ұйыммен келесім-шарт бар ма?

– Қазіргі уақытта ешқандай келісім-шарт жоқ. Бірақ, 2018 жылы белбеуімді қорғауым керек болған. Меніңше, қаржылық жағдайларға байланысты ұйым өз жұмысын уақытша тоқтатты.

– Спортта белгілі бір дәрежеге жету үшін спортшының бойында қандай қасиеттер табылуы шарт?

– Спортта үлкен жеңістерге қол жеткізу үшін еңбекқорлық, ептілік, шыдамдылық керек. Үлкен белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көріну үшін бастысы  мінез керек. Спортта қашан, қай уақытта нәтижеге жететініңді білмейсің, сол себепті сабырлық сақтау да артық етпейді.

Сұхбатыңызға көп рахмет! Биік белестерді бағындыра беріңіз!

Сұхбаттасқан: Ильяс Сәрсенбай

“Ұлан газеті”, №9, 27 ақпан, 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз