Шын шеберлік шыңдалатын шақ….

23

Бүгін, көктемнің алғашқы күні ұлттық құрама жанкүйерлеріне жағымды жаңалықпен есте қалды.  2014 жылдан бастап елордалық клубты тізгіндеп келе жатқан Станимир Стойлов ресми түрде еліміздің бас командасына бапкер болды. Астананы баптаған 4 жылдың ішінде 4 рет ел чемпионы атанды. Одан бөлек қазақстандық клубтардың ішінен алғаш болып, ЧЛ топтық кезеңіна шығарды. Биылғы маусымда жоғарыдағы көрсеткішін жаңартып, Еуропа лигасының 16/1 финалына дейін жетті. Иә, болгар маманың ел футболына қосқан үлесі зор. Астананың бағын ашқан бапкер деп атауға  болады. Енді, болгар маманының Астанаға дейінгі жүріп өткен жолына бір көз жүгіртіп көрелік

Бапкерлік мансап жолын 2003 жылы Левски командасынан бастаған маман. Стойловқа дейін сүреңсіз өнер көрсетіп жүрген Левски, Стойлов келгеннен кейін түлеп сала береді. Кілең клубтың академиясынан тәлім алған шәкірттерден құрылған команда 2005 жылғы футбол маусымында жанкүйерлерін қуынашқа бөлейді. Әуелі марсельдің «Олимпигі», мәскеудің «ЦСКАсы», италиялық «Удинезе» сынды азулы командаларды жолда қалдырып,  Еуропа лигасының 4/1 финалына дейін жетеді. Ал, 2005-2006 жылы болгариялық клубтардың тарихында алғаш болып, Левскиді ЧЛ топтық кезеңіне шығарады. Бапкерлік ғұмырындағы ауыз толтырып айтарлық нәтижелер осылар.

Ал, күні кеше Астанамен жеткен жетістіктері ел футболы тарихында алтын әріппен жазылары һақ.

Ұлттық құраманы жаттықтыруда да тәжірибесі жоқ емес. 2009-жылы Болгария ұлттық құрамасын баптаған. 2010-жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Италия, Ирландия, Кипр, Черногория, Грузия, құрамаларымен бір топта өнер көрсетті. Нәтижесінде Италия (24 ұпай) мен Ирландияны (18 ұпай) алдыға жіберіп, 14 ұпаймен үшінші орынға жайғасып, жолдамадан қағылды. Одан өзге қатарынан үш ойында жеңіліске ұшырады. Алдымен, жолдастық кездесуде Ресейге (0-1) есебімен жол берсе, Еуро 2012 іріктеу ойынында Англия (0-4) мен Черногория (0-1) құрамаларына есе жіберді. Соңғы жеңілістен кейін өз еркімен отставкаға кетті.

Негізі,  дәл қазіргі уақытта ұлттық құрамаға Стойловтан артық, лайықты маман табу қиын. Әнеу бір кездегі Беранек, Шторктар сияқты «аспаннан» түскен жоқ. Төрт жыл бойы елордалық клубтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген, ел футболының қыр сырына  қанық, кем-кетігін білетін жаттықтырушы. Менменсіген аяқдопшылардың атағына қарамай, қосалқы құрамда отырғызып қоятын табанды бапкер.

Осы кезге дейін білікті бапкерге зар боп келген құраманың төрт құбыласы түгелденгендей. Соңғы ойындардағы нәтижелері көңіл көншітпей жүрген бас командаға  Стойлов келді дегенде футбол сүйер қауымның көкейінде үміт оты ұялағаны анық. Енді, алдымызда болатын ұлттар лигасында ұлттық құрамамызға артар сенім мол. Астананың бағын ашып, қарт құрлыққа танытқан бапкер, ұлттық құраманыңда тасын өрге домалатарына сенеміз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз