Пхенчхан-2018: нені еске сақтаймыз?

13
Правда-ТВ

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ақ Олимпиада аяқталды. Елімізден 46 спортшы қатысып, бір қола медаль еншіледік. 9-25 ақпан аралығында өткен олимпиада ойындарының алауы Қытай еліне жол тартты. Пхенчхан төрінен нені еске сақтамақпыз, бірге ойланып көрелік.

Олимпиадаға әлемнің 92 елінен 2500-ге тарта спортшы қатысты. 7 спорт түрі, 15 бағыт бойынша 102 медаль сарапқа салынды. Косова Республикасы, Малайзия, Нигерия, Сингапур, Эквадор, Эритрея мемлекеттері ақ олимпиадаға алғаш рет қатысты.

Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан спорттың 9 түрінен 46 спортшы қатысты.

«Ұзақ күттірген қола»

Олимпиаданың алғашқы күні фристайлшылар Юлия Галышева мен Аяулым Амренова сынға түсті. Галышева бірінші мүмкіндігінде 76,36 баллмен 7-орынға тұрақтады. Аталған көрсеткіш Юлияға финалға шығуға мүмкіндік сыйлады.

25 жастағы жерлесіміз АҚШ-тың Юте қаласында өткен сайыста жарақат алған. Пхенчхандағы олимпиада ойындарында Галышеваның қолында гипс болды. Дегенмен Өскемен аруы мойыған жоқ. Фристайлдың могул түрінен финалда 77,40 ұпай жинап, қола медаль иегері атанды. Олимпиада алтынын франциялық Перрин Ляффон алса, канадалық Жюстин Дюфур-Лапуант күміске қол жеткізді.

Галышеваның ерлігіне әлем жұртшылығы таңданыспен қарады. ChicagkTribune.com сайты Юлияның Ютедегі жарақатынан кейін олимпиада ойындарында қола медаль алғанын, бұл жетістік Қазақстанның қысқы ойындардан алған 8-ші медалі екенін жазған.

Галышеваның өзі қоласын алтыннан кем көрмейді. Болашақта мұнан да биік белестерді бағындырарына сенімді. Юлия олимпиададағы қоласы үшін 75 мың доллар сыйақы алады.

«Жәй ғана сәтсіздік»

Олимпиада ойындарына аттанарда ел Дмитрий Рейхерд пен Алексей Полтораниннен үміт күтті. Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваға да сенім білдіргендер баршылық.

Дмитрий Рейхерд фристайлдың могул түрінен алғашқы айналымда 79,77 ұпай жинап келесі кезеңге өтті. Аталған көрсеткішпен Рейхердті кестеде 6-орында тұрды. Екінші финалда Дмитрий жарыс жолына қателік жіберіп, 58,64 ұпай жинады. Нәтижесінде Рейхерд олимпиаданы 8-орынмен аяқтап, үшінші финалға өте алмады.

Денис Тен ақ олимпиаданы 26-орынмен аяқтады. Ерлер арасындағы мәнерлеп сырғанауға барлығы 30 фигурист қатысты. Денис мұз айдынына төртінші болып шықты. Бірінші айналымда 70,12 (30,77+39,35) ұпай жинады. Негізгі бағдарламаға өту үшін ТОП-24-тің қатарына ену керек. Отандасымыз үздіктердің қатарына ене алмады. Пхенчхан олимпиадасының алтын мен күмісін жапониялық Юдзуру Ханю мен Сема Уно алса, қола медаль испаниялық Хавьер Фернандеске бұйырды. Естеріңізге саламыз, Денис Тен 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында үздік үштікті түйіндеген болатын.

Мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында сынға түскен Элизабет Тұрсынбаева жаттығу жиындарын Канадада өткізеді. Олимпиада алдындағы дайындығында шет елде пысықтаған. Тұрсынбаева қос бағдарлама қорытындысы бойынша 171 ұпай жинап, 12-орынға ілікті. Олимпиаданың алтын-күмісін ресейлік Алина Загитова мен Евгения Медведова өз ара бөліссе,  канадалық Кэйтлин Осмонд қолаға қол жеткізді.

Алексей Полторанин шаңғымен 50 км-ге дейінгі қашықтықты 15-ші болып бағындырды. Жарыс жолының алғашқы 10-15 км қашықтығында Полторанин үздік үштікте келе жатты. Сайыстың бел ортасында күші сарқылдыма әлде көңіл-күйі болмады ма Полторанин әріптестерінен қалып қойды. 50 км-ге дейінгі қашықтықта алтын медальді Иво Нисканен алды. Жарыстың күміс пен қола жүлдесіне ресейлік Александр Большунов пен Андрей Лорьков ие болды.

Пхенчхандағы олимпиада Алексейдің 4-ші олимпиадасы. Осыған дейін отандасымыз 2006 жылы Туринде 15 км қашықтықта 39-орынға ие болды. 2010 жылы Ванкуверде дәл сондай қашықтықта 14-орын, 2014 жылы Сочиде 7-орынға табан тіреген. 30 жастағы спортшымыздың 2022 жылғы ақ олимпиадаға қатысуы екіталай.

Ақ Олимпиаданы Қазақстан бір қола медальмен 28-орынмен аяқтады. 2010 жылғы олимпиадада еліміз бір күміс жүлдемен 26-орын алды. 2014 жылғы Сочи олимпиадасында 1 қола медальмен 25-орынды иеленді. Қазақстан жалпы 1994 жылдан бері қысқы олимпиада ойындарында 8 жүлде жеңіп алды: 1 алтын, 3 күміс, 4 қола.

Олимпиада қорытындысы бойынша Норвегия 39 медальмен (14-14-11) көш басында. 31 медальмен (14-10-7) Германия екінші, Канада 29 медальмен (11-8-10) үшінші орынға тұрақтады. Олимпиада қожайындары Корея Республикасы 17 медальмен (5-8-4) 7-орын алды.

16 күнге созылған ақ олимпиаданың қызықты оқиғалары төменде:

Эстер Ледецкая

Эстер Ледецкая – Пхенчхан олимпиадасының қаһарманы. Чехиялық спортшы олимпиада ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды. Бірінші жүлдесін сноубордта параллельді алып слалом жарысында алса, екінші алтынын тау шаңғы спортынан алды.

Ақ олимпиадада қос алтын алу осыған дейін 1924 жылы норвегиялық Торлейф Хаугқа, 1928 жылы Йохан Гроттумсбратенге бұйырған.

Медведова ұстап тұрып, Загитова алып кетті   

Пхенчхан олимпиадасының тағы бір жаңалығы – Медведова мен Загитова дербиі. Қос бойжеткеннің мұздағы шайқасын олимпиада жанкүйерлері ұзақ күтті. Бірінші айналымда Загитова 81,06 ұпай, Медведова 81,61 ұпай жинады. Негізгі бағдарламада Загитова 82,92 ұпай, Медведова 81,42 ұпай жинады. «Анна Каренинаның» лирикалық образын, «Дон Кихоттың» ойнақы қойылымы басып озды. Не дегенмен мұздағы дуэл талайлардың таңдайын қақтырды. Қос мықтының жаттықтырушысы Этери Тутберизде алдағы 5-10 жылда мұз айдынында шәкірттері мұнан да жоғары көрсеткішке жететінін білдірді.

Алина Загитова 15 жасында олимпиада чемпионы атанған тарихтағы екінші мәнерлеп сырғанаушы болды. 1998 жылы Тара Липински осындай көрсеткішке қол жеткізген. Пхенчхандағы олимпиадада Тара Загитованың жеңіске жететініне сенімді болғанын жеткізді.

26 жылдан кейінгі қуаныш

Олимпиадада хоккейден Ресей құрамасы 26 жылда түңғыш рет алтын медаль жеңіп алды. Ресейік хоккейшілер финалдық овертаймда Германия құрамасын 4:3 есебімен қапы қалдырды.

1992 жылы СССР біріккен құрамы олимпиадада алтын медальға қол жеткізген еді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз