Алматыда студенттер каратэ-додан күш сынасты

10

«Алматы Арена» спорт сарайында жастар мен жасөспірімдер арасында кекушинкай каратэ-додан  Қазақстан  Республикасының ашық чемпионаты болып өтті.  Қазақтың Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің әр өңірінен  500-ге тарта спортшылар қатысып, жеңіс үшін жан аямай бар шеберіктерін көрсетті.

 Алматылықтар осындай аламан жарысты хан сарайындай соғылған  су жаңа «Алматы Арена» төрінде тамашалауды көптен бері сағынып қалса керек. Көрермендер шығыс жекпе-жегінен өз аймақтарының маңдайалды спортшыларының татамиде жеңіс үшін аянбай көрсеткен шеберліктеріне қол соғып, қошемет көрсетіп отырды. Алматы қаласы денешынықтыру басқарамасы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагикалық университеті және ҚР Кекушикай каратэ-до ұлттық федерациясының ұйымдастыруымен көрігі қызған бұл турнир қалалықтарға үлкен әсер қалдырды.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөйлеген университетінің бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов оқу орнының мерейтойына арналып отырған айтулы республикалық бәсекенің жастарға берері тәрбиелік мәні  зор екендігіне тоқталып, жас каратэ шеберлеріне жеңісті жекпе-жектер тіледі. Сосын сөз алған ҚР Кеушинкай каратэ-до федерациясының президенті Мұхтар Жолдасов осы жарыста жеңген спортщылардың ұлттық құрама сапына енуге мүмкіндіктері зор екенін айта кетті. Сонымен қатар, жарыс жеңімпаздары арасынан 16 жастан асқандары спорт шебері деген атаққа ие болса, 16 жастан төменгілер спорт шеберлігіне үміткер деген атақтармен марапатталатынын атап өтті.

Жастарды салауатты өмір салтына баулауда үлкен спорттың орны ерекше деп айтсақ, осындай жарыстар арқылы ысылған жастардың еліміздің намысын қорғай алатын азамат болып қалыптасатыны белгілі.  Сонымен Қазақстанның  барлық өңірінен ат желдіртіп жеткен 20 команданың спортшылары күні бойы татамиде шүмектеп тер төгіп, қас қарая жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Чемпионатта 37 кг салмақта бойынша сынға шыққан спортшылардың арасында Алматы қаласы командалық бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын Астана қаласының құрама командасына бұйырды.  Ұлттық құрама  команда сапына ену бақытына ие болғандарды алда Еуропа жарыстары күтіп тұр.

 

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

АЛМАТЫ

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз