ЧЛ күнделігі: бірінші айналым

8
vk.com/im

Футбол жанкүйерлерін 2 ай күттірген еурододаның бірінші айналымында 17 гол соғылды. Ірі есеп «Драган» алаңында тіркелсе, Туринде нәтижелі тең ойын өтті. Тартысты бәсекенің 8 командасы төменде:

«Ювентус» 2-2 «Тоттенхэм»

Италияда жанкүйерлер өзгеше ойын күтті. «Ювентус» «Тоттенхэмнің» шаруасын кейінге қалдырмас дегенде, Кейн басқаша жауап қатты. Ойын басталысымен алаң иелері есеп ашты (Игуаин, 2′). 9-минутта Игуаин пенальтиден гол соқты. Ойынның 35-минутында Кейн Буффон қақпасын дәл көздеді. Төреші алғашқы 45-минуттың түйіні ретінде «Тоттенхэм» қақпасына пенальти белгілегенімен, Игуаин мүмкіндігін жіберіп алды. Турин стадионында демін ішіне тартып отырған жанкүйерлерді Эриксен бір серпілтіп тастады. «Тоттенхэмнің» 26 жастағы жартылай қорғаушысы 71-минутта есепті теңестірді (2:2).

Матч барысында доп қонақтардың иелігінде болды (67%). «Ювентус» ойыншылары 5 мәрте ойыннан тыс қалды. Қос команда 5 реттен бұрыштама добын көтерді. Төреші ойыншыларға 5 ескерту қағазын көрсетті.

Ширек финалға жолдама алатын команданы 9-наурыз «Уэмблиде» анықтаймыз.

«Базель» 0 -4 «Манчестер Сити»

Гвардиоланың шәкірттері «Санкт-Якоб Паркке» тек жеңіс үшін барғанын дәлелдеді. Алаңда қонақтар 75% басымдыққа ие болды. «Манчестер Ситидің» қақпаға бағыттаған 12 соққысының 4-еуі гол болды. Өз кезегінде «Базель» 10 соққы жұмсағанымен нәтиже шығара алмады. «Қалалықтар» қатарынан Гюндоган дубль (14′,53′) авторы атанды. 18-минутта Силва, 23-минутта Агуэро Вацлик қақпасына гол соқты.

Ойын барысында «Базель» 4 рет, «Манчестер Сити» 3 рет офсайдта қалды. Төреші 4 ойыншыға сары қағаз көрсетті.

«Манчестер Сити» мен «Базель» арасындағы қарымта ойын 9-наурыз 1:45-те басталады.

«Порту» 0-5 «Ливерпуль»

Ширек финал үшін шайқастағы ең нәтижелі ойын Порту қаласында өтті. «Ливерпуль» «Портуға» қарсы әдемі шабуыл шебін ұйымдастырыпты. Мане, Салах, Фирмино үштігі ойынның әрін кіргізді. Клопп баптаған сенгалдық жас талант хет-трик (Мане- 25,53,85) жасады. Египеттің «Мессиі» 29-минутта мүлт кеткен жоқ. Коутиньо кеткен соң кең көсілген Фирмино 69-минутта «Базель» қақпасын дәл көздеді.

Тиісінше қос команда 22 рет қарсылас қақпасына соққы бағыттады. 6 рет бұрыштама көтерген портулықтар нәтиже шығара алмады. Алаң иелері 3 рет ойыннан тыс қалды.

«Ливерпуль» мен «Порту» арасындағы қарымта кездесу 8-наурыз 1:45-те «Энфилдте» өтеді. 

«Реал Мадрид» 3 -1 «ПСЖ»

1/8 финалдың орталық матчы Испаниядағы «Сантьяго-Бернабеу» стадионында өтті. Финалға бергісіз кездесу алаң иелерінің пайдасына шешілді. «ПСЖ-ның» жартылай қорғаушысы 33-минутта жанкүйерлерін қуантқанымен, ұзаққа созылмады. Төреші 45-минутта «Пари Сен-Жермен» қақпасына пенальти (Роналду’) белгіледі. 79-минутта Исконы алмастырған Асенсио «Реалдың» ойын жүйесіне дем берді. Асенсионың ширақ қимылымен ұйымдастырылған шабуыл Роналдудың голымен (83′) аяқталды. 22 жастағы жартылай қорғаушы Марселоға да әдемі пас шығарды. Испанияға жеңеміз деп келген Эмеридің жігері құм болды.

Ойын барысында «Реал» 8 рет, «ПСЖ» 1 рет офсайдта қалды. Төреші 6 ескерту қағазын көрсетті. Алаң иелері 11, қонақтар 4 рет бұрыштама добын көтерді.

«Парк де Пренсте» өтетін қарымта матч 8-наурыз күні 1:45-те басталады.

Чемпиондар Лигасы ширек финал үшін алғашқы айналымда ең таза ойын – «Порту» мен «Ливерпуль» арасында өтті. Төреші қос тарапқа ескерту қағазын көрсеткен жоқ.

«Ливерпуль» ойыншысы Фирмино мен Джеррардтың ЧЛ-дегі бір маусым бойына соғылған голдар саны теңесті (7). Жартылай қорғаушы «Портумен» қарымта ойында рекорд жаңартуы мүмкін.

«Ливерпуль» гол саны бойынша нәтижелі командалар көшін бастады. Осыған дейін «ПСЖ» 25 гол, «қызылдар» 28 гол соқты.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз