Қазақстан атлеттері алғашқы күні екі алтын жүлде иеленді

3


Иранның астанасы Теһран қаласында өтіп жатқан VIII жабық кешендегі Азия чемпионатының бірінші күні Қазақтанның жеңіл атлеттері 2 алтын және 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

1 ақпан күні таңертеңгі бағдарламада тек қыздар өнер көрсетті. 3000 метрге жүгіруден қостанайлық Татьяна Нерознак қарсыластарынан оқ бойы озып шықты. Ол 3 шақырымды 9 минут 33.65 секундта жүгіріп өтті. Сөйтіп, екінші орындағы қырғыз спортшысы Гүлшана Сатаровадан 14 секундқа озып кетті. Қола жүлде Вьетнамнан келген Тхи Оан Нгуенге бұйырды.

– Бұған дейін екі мәрте жабық кешендегі Азия чемпионатында 800 метрге жүгіріп, қола жүлде алғанмын. Осы жолы чемпион болу бақыты бұйырды. Әрине, алтынның әсері басқа, қуаныштымын. Жарысқа дайындығым өте жақсы болды. Енді 1500 метрде де жеңіске жетуді көздеймін. Сосын тамыз айында өтетін жазғы Азия ойындарына дайындаламын, – дейді Татьяна Нерознак.

Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын жүлдені үш қарғып секіруден Ирина Эктова салды. Солтүстік Қазақстан облысының тумасының Теһрандағы ең үздік көрсеткіші – 13.79 метр. Эктова 2018 жылды жақсы бастады. Ол бұған дейін қаңтар айында Өскеменде өткен үш жарыста топ жарған болатын. Екінші орынға – 2017 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері үндістандық Шина Нелликал тұрақтады (13.37 м). Үздік үштікті 13.22 метрмен Тхи Тху Тхао (Вьетнам) түйіндеді. Ал тағы бір қазақстандық атлет Мария Овчинникова төртінші орынды қанағат тұтты. Ол  13 метрге секірді.

– Өзге елде Қазақстанның әнұранын шырқап, еліннің туын көкке көтергенде ерекше әсерде боласың. Бұл сәттегі сезімді айтып жеткізу қиын. Нәтижем орташа десем болды. Сондықтан бүгінгі көрсеткен өнеріме +4 деген баға қоямын. Енді ұзындыққа секіруден қатысамын. Шамам келгенше Қазақстан құрамасына тағы бір жүлде сыйласам деп үміттенемін, – дейді үш қарғып секіруден 2018 жылғы жабық кешендегі Азия чемпионы Ирина Эктова.

Биіктіккке cекіруден Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Надежда Дубовицкая қола жүлдені жеіп алды. Жерлесіміз Теһранда 1.80 метрді бағындырды. Негізі жергілікті спортшы Сепидех Таваколидің де көрсеткіші Надеждамен бірдей болғанымен, ол қосымша көрсеткіштер арқасында күміс жүлдеге ие болды. Ал өзбекстандық Надия Дусанова 2018 жылғы жабық кешендегі Азия чемпионы атанды (1.87 м).

Сондай-ақ,  60 және 400 метрге жүгірген қыздарымыз финалға шықты. Ең қысқа қашықтықта Рима Кашафутдинова мен Виктория Зябкина өнер көрсетсе, 400 метрде Элина Михина мен Светлана Голендова бар. Ерлерден 400 метрге финалда Михаил Литвин жүгіреді. Ол бүгін іріктеу кезеңін 48.35 секундта жүгіріп өтті.

 

(Суретте Ирина Эктова)

 

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз