НАҒЫЗ БІЛЕКТІ ЖӘНЕ ЖҮРЕКТІ ЖІГІТТЕР АУЫЛДАН ШЫҒАДЫ

42

Жуырда Ақмола облысының Щучинск қаласында спорттың джиу-джитсу түрінен жасөспірімдер арасында Республикалық чемпионат өтті. Чемпионатта Бразилиялық джиу-джитсудан күлгін белбеу иегері, жас бапкер Нұрсұлтан Орынбасаровтың үш бірдей шәкірті бірінші және екінші жүлделі орындарды иеленіп, Әлем  чемпионатына  жолдама алды.

Республикалық чемпионатта айқын басымдықпен қарсыластарын жеңіп, Әлем Чемпионатына жолдама алған 3 спортшы да осыған дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келген. Атап айтсақ, Нұртуған Бекмұрат джиу-джитсу жəне грепплинг күресі бойынша Республикалық жəне Халықаралық турнирларда бірнеше рет чемпион атанған. Елжан Жұмаділ де Республикалық, Халықаралық турнирлардың чемпионы, Әбу-Даби қаласында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, аралас жекпе-жектен Азия чемпионы. Ал, Мәди Құрманқожаев джиу-джитсу күресі бойынша Әбу-Даби қаласында өткен Әлем чемпионатында 3 дүркін  чемпион атанған.

«Дәл қазіргі уақытта алдағы наурыз айында өтетін Әлем чемпионатына дайындық қызу жүріп жатыр. Шәкірттерім осы жолы да Еліміздің көк байрағын биікте желбіретеді деген сенімдемін. Барлық жетістік ең алдымен бұқаралық, яғни, ауыл спортынан бастау алатынын ескерсек, қазіргі таңда Алматы облысының Іле ауданында джиу-джитсу түрін дамытуға барынша ықпал етіп жатырмыз. Келешектен үміт күтетін болсақ, ауыл спортын дамытуымыз керек. Себебі, нағыз білекті және жүректі жігіттер ауылдан шығады. Ауылда ондай балалар әлі де көп екені белгілі. Солардың жолын ашып, аңсаған армандарына жетуіне қол ұшын созғым келеді. Бүгінгі таңда алға қойған жоспарлар ұшан-теңіз. Жеке өзімнің басты арманым – шәкірттерім Әлемдік ареналарда топ жарса деген үкілі үміт»,  – дейді Нұрсұлтан Орынбасаров. 

P.S Джиу-джитсудан Әлем чемпионаты Әбу-Даби қаласында ағымдағы жылдың 1-5 наурыз күндері өтетін болады. Ел намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттіліктер тілейміз!

Авторы: Ұ.Батырқызы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз