Сиқыр әлде сәйкестік?

47

Айналамызда тылсым дүниелер жиі кездеседі. Бірі шынымен сиқыр күшімен орындалса, ендігісі жәй ғана сәйкестік есебінде. Футболда да мұндай тосын жайттар орын алып жатады. Ендеше бірге оқып көрейік.

«100  жылдық қарғыс»

Өздеріңізге белгілі Бела Гутманн Еуропадағы ең атақты бапкерлердің бірі болған. 60-жылдары Гуттманның «Бенфикасы» еуротурнирлердің алдын бермейтін команда еді. Гуттманның бапкерлігімен «Бенфика» Еуропа Чемпиондар Кубогын қатарынан екі мәрте жеңіп алды.

Гуттманн өз кезегінде 21 клубқа жолбасшы болды. 42 жыл бапкерлік мансабында 4-2-4 классикалық ойын схемасын футболға енгізді.  Беланың бапкерлік жұлдызы «Бенфикада» жанды. Гуттманн мен командасы әйгілі «Барселона» мен «Реалды» еурододаларда ығыстырып отырды. 1961 жылы «Барселонаны» финалда тоқтатса, 1962 жылы 5:3 есебімен «Реалды» тізе бүктірді.

«Бенфиканың» жеңісті жылдарында тек бапкердің емес, шебер ойыншылардың да үлесі бар еді. Гуттманн Эйсебио, Колуна секілді футболшылардың жолын ашты. Білікті бапкер клуб президентіне жалақысын көтеру жөнінде ұсыныс тастайды. Президент көп ойланбай-ақ «Эйсебио мен Колуна бапкерсіз де жүлде алады» – деп мәлімдеме жасайды. Гуттманн клубтан кетуге ұйғарады. Кетерінің алдында: «Мен кетемін, бірақ алдағы 100 жылда «Бенфика» да, басқа португалдық клуб та  Чемпиондар Кубогын ұта алмайды» – дейді.

Сенесіз бе, содан бері «Бенфика» 8 финалда жеңіліс тапты. Гуттманн сөзінен кейін 56 жыл өтсе де, қарғыстың күші қайтар емес.

1963 жыл. «Бенфика» Гуттмансыз да Чемпиондар Кубогының финалына жетеді. Алайда өз мүмкіндіктерін жіберіп алады. Португалия қырандары 1:2 есебімен «Миланға» жол береді. Эйсебио мен Колуна клуб президентінің сөзін жоқа шығарады. «Бенфика» Беласыз шарасыз күйде қалады.

1965 жыл. Арада екі жыл өткенде «Бенфика» финалға қайта оралады. «Қырандар» қанша тырысқанымен, «Интердің» жылдам шабуылы ойын тағдырын шешіп кетеді.

1968 жыл. «Бенфика» финалда «Басби балаларымен» кездеседі. Ойын тең нәтижемен аяқталғандықтан (1:1), қос команда овертаймда бақ сынайды. Басби мен Мерфидің балалары Гуттманнсыз «Бенфиканы» жүлдесіз қалдырады.

1983 жыл. Лиссабондықтар УЕФА Кубогының финалына шығып, атақсыз «Андерлехттен» жеңіледі.

1988 жыл. Эйндховеннің шәкірттері ойын бойы қорғаныста жүріп, «Бенфикамен» финал пенальтиге ұласады. Пенальти сериясында лиссабондықтардың жолы болмай, ПСВ кубокты қанжығасына байлайды.

1990 жыл. Тарихта қалған атақты «Вена финалы». «Миланмен» ойын алдында Эйсебио Гуттманн мазарына барып тәу етеді. «Бенфика» форварды Гуттманнға сөзін қайтып алуды сұрап жалбарынады. Бела жібімеген сыңайлы, себебі  «Бенфика» 1:0 есебімен жеңіледі.

2013 жыл. Эйсебионың арқасында барлық португал клубтарына айтылған қарғыс кейін қайтады. «Порту» үйіне екі рет Чемпиондар Кубогын әкеледі. «Бенфика» жанкүйерлері де қарғыстың жойылғанына сенгісі келеді. Алайда «Челси» 90+2 минутта қарғыстың күшінде екенін дәлелдейді.

2014 жыл. Бұл жолы «Бенфика» турнирдің сөзсіз фавориті. Еуропа Лигасының жартылай финалында «қырандар» «Ювентусты» жолда қалдырды. Финалдағы қарсыластары – «Севилья». Португалдар мен испандықтар 90 минут бойы теке тіреседі. Ақрында пенальти сериясы бойынша (4-2) кубок «Севильяға» бұйырады.

Рэмзи соққан «өлім голдары»

Аарон Рэмзи – талантты футболшы. «Арсеналдың» жартылай қорғаушысы мансабын 16 жасында бастаған. Уэльстің «Кардифф» командасын біраз жыл алға сүйреді. Ұлттық құраманың үміті 2008 жылы «Арсеналға» ауысады. Бұл кезең Рэмзи мансабының толысқан  сәті еді. 27 ақпан 2010 жылы Аарон жолында қара сызық пайда болды. «Британия» стадионында «Сток Ситиға» қарсы ойында Рэмзи ауыр жарақат алады.  Бір маусым бойына жарақатынан айығудың жолын іздейді. Жазылған соң, кононирлердің қатарына емес, «Кардиффке» қайтады. «Ноттингем Форресте» де бақ сынап көреді.

Рэмзи «Арсеналға» толығымен 1 мамыр  2011 жылы оралады. «Эмирейтс» алаңында «Манчестер Юнайтедке» қарсы матчта Аарон гол соғады. Осылайша қара сызықтан соң жаңарған мансап, танымал адамдардың өліміне «себеп» болады. Рэмзи «Юнайтед» қақпасына гол соққан түні әйгілі терроршы Усама бен Ладен қаза табады. Мұны жәй ғана сәйкестікке баларсыз. Алайда бес ай өткен соң, Аарон тағы да гол соғады.

02.10.2011 ж. «Арсенал» ойыншысы «Тоттенхэм» қақпасына гол соғады. Үш күннен соң Стив Джобс қайтыс болады.

19.10.2011 ж. Аарон «Олимпик» қақпасын тулатады. Ертесі әлем Муамар Каддафи өлімін естейді.

11.02. 2012 ж. Рэмзи «Сандерлендке» гол соғады. Сол түні ән әлемі Уитни Хьюстоннан айырылып қалады.

22.03.2013 ж. Футболшы Уэльс сапында Шотландияға гол салады. Келесі күні Борис Березовский қайтыс болады.

14.05. 2013 ж. Рэмзи «Уиган» қақпасына гол соғады. Үш күннен кейін 87 жастағы аргентиналық диктатор Хорхе Видела түрмеде көз жұмады.

30.11.2013 ж. Аарон «Кардифф» қақпасына дубль жасайды. Артынша Юрий Яковлев пен Пол Уокер қаза табады.

10.08.2014 ж. Рэмзи «Манчестер Сити» қақпасына гол салғанда, Робин Уильямс қайтыс болады.

9.01. 2016 ж. Уэльстік ойыншы «Сандерлендке» гол соғады. 10 қаңтарда атақты музыкант Дэвид Боуи қайтыс болады.

13.01.2016 ж. Аарон «Ливерпуль» қақпасына гол салады. 69 жастағы Алан Рикман өмірден өтеді.

19.07.2017 ж. Рэмзи «Баварияға» гол соғады. «Link Park» тобының әншісі Честер Беннингтон қайтыс болады.

03.02.2018 ж. Ойыншы «Эвертон» қақпасына хет трик жасайды. «Huntsman Corporation» компаниясының негізін салушы Джон Хантсман, «Альзира» клубының 15 жасар ойыншысы Начо Барбера қайтыс болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз