ДУБАЙ ТУРЫ. 2 КЕЗЕҢ. РИККАРДО МИНАЛИ ҮШІНШІ КЕЛДІ

11

«Астана» велокомандасы тағы да тамаша өнер көрсетіп, қоржынға кезекті жүлдесін салды. Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан «Дубай туры» көпкүндігінде спринтеріміз Рикардо Минали Рас Аль Хайм деп аталатын екінші кезеңде көзге түсті. Кеше ғана екінші келген Магнус Корттың көрсеткішінен кейін бұл қатарынан келіп тұрған олжа еді.

— Мәреге жақындап қалған тұста мен жақсы позицияда болдым. Соңғы бұрылысты да сәтті өте білдім. Ал 300 метр қалған тұста мен сәл кейінірек шегіншектеп, ортаға қарай ойысып кеттім. Азын-аулақ күтіп тұрдым да, Вивианидің артын ала жылдамдыққа бастым. Нәтижесінде үшінші келдім. Бәлкім маған спринтті сәл ертерек баутау керек пе еді, білмедім, алайда осы көрсеткен нәтижемнің өзі жаман емес. Жалпы, жарыс күні ауыр өткеніне қарамастан жүлделі болғаныма қуаныштымын, — деді Рикардо Минали.

«Дубай турының» екінші кезеңі СкайДайв Дубайдан басталып 190 шақырымнан соң Рас Аль Хаймда аяқталды. Көпшілік күткендей-ақ кезең жаппай спринтпен аяқталды. «Астана» шабандоздары Жандос Бижігітов, Трульс Корсет және Руслан Тілеубаевтар команда спринтері Риккардо Минали ді алға шығару үшін соңғы 20 шақырымда керемет қызмет етті. Ал соңғы шақырымда Минали жақсы позиция таңдай біліп, кезең жеңімпазы Элиа Вивиани мен екінші келген голландиялық Дилан Груневегенмен бірге мәре сызығын кесті.

Ал «Астананың» тағы бір спринтері Магнус Корт Даниил Фоминых пен Лауренс Де Вриздің көмегімен финалдық спринтте жоғарғы нәтиже тіркеп, 6-орын алды.

— Кезең кешегідей жақсы өтті дей аламын. Бұл бір өзі жылдам жарыс болды ғой деп ойлаймын. Кеше жақсы позиция алып, мәре сызығында бағым жанған. Бүгін керісінше жол-жөнекей қарсы тұрған желге тап болып, көп күш жоғалттым. Соның кесірінен болса керек, соңғы метрлерде сарқылып қалдым. Дегенмен, командамыздың тағы бір шабандозы Рикардо жүлделі орынға ие болды. Сондықтан да, бүгінгі нәтижелер біз үшін жаман деп айта алмаймын. Әлемнің мықты спринтерлерімен бәсекелесе жүріп осындай орындарға ие болу мен үшін зор абырой, — деді Магнус Корт.

Голландиялық Груневеген «Дубай Туры» жарысында басты есепте бірінші орында. Ол Элиа Вивианиді 2 секундқа озып тұр. «Астананың» екі бірдей шабандозы Магнус Корт пен Риккардо Минали 4-5 орындарды алып тұр. Олардың лидерден қалып тұрған уақыты сәйкесінше 10 және 12 секунд уақытты құрайды.

«Дубай Турының» үшінші кезеңі СкайДайв Дубай мен Эль-Фуджайра эмиратының аралығында өтеді (183 км).

Zhandos Bizhigitov

Ермұхамед МӘУЛЕН

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: egemen.kz

Дереккөз Dodasport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз