ҚАМШЫБЕК ҚОҢҚАБАЕВ: АУЫР САЛМАҚТА ДА БӘСЕКЕЛЕСТІК БАР

17

Бокстан аса ауыр салмақта қос Олимпиаданың қоласы мен әлем біріншілігінің күміс жүлдесін иеленген Иван Дычко кәсіпқой боксқа ауысқан соң, оның орнын қызылордалық оғлан Қамшыбек Қоңқабаев басты. Былтырдан бері құраманың бірінші нөмірлі боксшысы атанған ол өткен жылы тұңғыш рет Азия және әлем чемпионатына қатысып, екеуінде де күміс жүлде иеленді. Жуырда мамандардың назарына іліккен Қамшыбекпен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Қателеспесем, рингке шық­­­­­па­ғаныңа алты айдан асып­­ты. Жартыжылдық үзіліс спорт­­­тық бабыңа кері әсерін ти­­­гізбей ме? 

– Әрине спорттық бабыңда болу үшін жиі-жиі жарыстарға қатысу керек. Бірақ біз белгілі бір уақытқа дейін ем-дом қа­былдап, әлем чемпио­натынан кейін демалысқа шықтық. Өйт­кені түрлі деңгейдегі қол, де­не және бел жарақаты болды. Оның үстіне жаңа жылға дейін маңызды халықаралық жарыс­тар жоқ еді. Сондықтан бас бапкер бізді толық ем алу үшін және маңызды жарыстан соң аздап тынығу үшін демалысқа жіберді. Ал жаңа жылдан бастап алғашқы оқу-жаттығу жиынын аяқтап, ақырындап бабымызға еніп келеміз. Алда тағы бір жиын өткізіп, онан соң халықаралық турнирге қатысып, тәжірибемізді шыңдаймыз.

–Салыстырмалы түр­де қа­расақ, Өзбекстан құ­ра­ма­­сы­ның боксшылары ха­лық­аралық турнирлерден ке­йін аз уақыт демалып, қайта ринг­ке көтеріліп, ел чемпионатында сынға түсіп жатады. Олар­дікі жан қинаушылық па, әлде?.. 

– Әр елдің дайындығы, жос­пары, мақсаты бөлек болады. Біздің елде әр маңызды жарыс­тан соң алған жарақатыңды емдеп, тынығуыңа мүмкіндік береді. Бұл өте дұрыс. Өйткені, жарақатыңды толық емдемей, келесі жарысқа шықсаң ескі жараң сыр береді. Кейде жекпе-жекті жалғастыра алмайтындай дәрежеге жетіп, асқындырып алатын жағдайлар да болады. Денсаулығың сыр берсе, саптан ұзақ уақытқа шығып қалуың әб­ден мүмкін, тіпті қолғабыңды шегеге ілуге де тура келетін жағ­­­дайлар кездеседі. Сондықтан алған жарақатыңды толық емдеп алмайынша, жарысқа қатысудың қажеті жоқ деп есептеймін. Ал­ Өзбекстан құрамасы туралы олардың бапкерлері мен бас­шы­ларынан сұраған дұрыс шығар.

– Өзбекстан деп қалдық қой, өзің үш рет жеңген өзбек бокс­шысы Жалоловтан Азия чемпионатында не себепті же­ңіліп қалдым деп есептейсің?

– Барлығына өзім кінәлімін. Өйткені жарыс Өзбекстанда өтіп, финалда өзбек боксшысымен жұдырықтасқан соң, қарсыласымнан бір, тіпті үш бас жоғары тұруым қажет болатын. Сондай-ақ жеңімпазды анықтауды төрешілердің ше­шіміне қалдырмай, нокаутпен жеңуім керек еді.

– 2017 жылы Азия және әлем чемпионатының күміс жүл­­дегері атандың. Жалпы, өт­кен жыл сен үшін олжалы бол­ды ғой? 

– Ең алғаш Азия және әлем чемпионатына қатыстым. Жай қатысып қана қоймай, елі­ме күміс жүлде сыйладым. Бар­лығына еңбегіміздің, төккен теріміз бен бапкерлеріміздің айт­қан ақылының арқасында жет­тік. Кейде, шіркін, сол бірін­шіліктерде елімнің әнұранын шырқатқанда ғой, деп іштей қынжылып қаламын. Бұйырса, алдағы чемпионатта осы қате­ліктерімді түзетіп, көк туымызды биікте көтеру үшін барымды саламын. Аса ауыр салмаққа енді ғана бой үйретіп келемін.

– Жалпы, аса ауыр салмақта іш­кі бәсекелестік қандай? Өзіңе қай боксшы лайықты қар­­сы­лас деп айта аласың? 

– Ішкі бәсекелестік барлық салмақта өте жоғары. Кез келген боксшы халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғауға дайын. Ал менің салмағымда павлодарлық Олжас Бұқаев, маңғыстаулық жас боксшы Айболды Дәуренұлы және Нұрболды Сермаханов бар. Бұлардың біреуі жас, екіншісін «қалпақпен ұрып алам» деуге болмайды. Ұлттық құрамаға деңгейі төмен боксшылар қа­был­данбайды ғой. Әрқайсысы ла­йықты қарсылас бола алады.

– Өзіңді әлі қай жағынан же­тілдіре түсу керек деп ойлай­сың? 

– Менің басқа боксшыларға қарағанда, физикалық мүмкін­дігім төмен екені көрініп тұрады. Сондай-ақ тағы да 10 кило салмақ қосуым керек деп ойлаймын. Әлем чемпионатында салмағым 96 болса, қарсыластарымның ара­сында ең төменгі салмақ 110 болды. Ең ауыры – 130 кило. Таза 106 кило болсам, нағыз өз ба­бымда болар едім. Және де сол салмағыма сай физикалық мүм­кіндігімді де арттыру керек.

– Бокстан Қазақ­стан құра­масының алтын дәуі­рі деп қай кезеңді айтар едің? 

– Егер нәтижеге қарайтын бол­сақ, 2000 жылғы ұлттық құ­рамамыз мықты болды. Бар­шаға белгілі, Сидней Олим­пиа­дасында боксшылар екі алтын және екі күміс медаль иеленді. Ол кездегі боксшылардың шоқтығы мен үшін әрқашан биік. Ал медаль саны аз болды демесеңіз, 2016 жылы Рио Олимпиадасына барған құраманы алдыңғылардың сапына қосар едім. Себебі төрешілер бұрмаламай, әділ төрелік еткенде Қазақстан құрамасы елге бір емес үш алтын жүлдемен оралатыны анық-тұғын.

– Қазір әуесқой бокстың құты қашып бара жатқандай көрі­неді. Оған түрлі себептер бар екенін өзің де білесің. Кәсіп­қой боксқа ауысу ойыңда жоқ па?

– Бірден айтайын, кәсіпқой бокс­қа ауысуға ниетім де, құл­қым да жоқ. Әлем чемпионаты­нан соң жан-жақтан қоңырау ша­лып, келісімшарт ұсынғандар көп болды. Барлығына «жоқ» деген нақты жауапты бердім. Менің барлық арман-мақсатым – Олимпиада чемпионы атану.

– Екі жыл «Астана ар­­лан­дары» сапында­ жұдырық­тас­­қаныңды білеміз. Бұл мек­тептің саған қанша­лықты кө­мегі тиді? 

– Олимпиада болатын жы­лы бас жаттықтырушымыз Мыр­зағали Айтжанов мені «ар­ландарға» жіберді. Өйт­кені ол уақытта әлі де ши­кілеу едім. Мырзағали ағай «ар­ландарға» бар, піс, шыңдал, тәжі­рибе жина» деді. Ұлттық құрамада бес жылдан бері жүрген соң ол кісі менің қандай деңгейде екенімді жақсы біледі. WSB жобасы мен үшін үлкен бір мектеп болды. Өзімді техникалық және физикалық тұрғыда жетілдіруіме үлкен көмегін тигізді.

– Әңгімеңе рахмет.

Әңгімелескен Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз Dodasport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз