БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ШОРТ-ТРЕКШІЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

5

Жабық мұз айдыны сарайында Олимпиадаға қатысатын қазақстандық спортшыларды қолдауға арналған қысқы спорт түрлері бойынша фестиваль өткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Шараға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтап, барша батысқазақстандықтардың ел намысын қорғайтын олимпиадашыларымызды қолдайтынын, олардың жеңісіне сенетіндіктерін білдірді.

Фестиваль барысында хоккейшілер мен мәнерлеп сырғанаушылар және шорттрекшілер өз өнерлерін көрсетті. Соңында барлық спортшылар мұз үстінде «Нұрберген мен Абзал, Ақжайық сіздерді қолдайды!» деген жазуды бейнеледі.

Олимпиада-2018: Батысқазақстандықтар шорттрекшілерге сәттілік тіледі

Шараға келгендер алдағы Олимпиада ойындарына қатысатын Абзал Әжіғалиев пен Нұрберген Жұмағазиевтің аналары Шолпан Тұрарбекқызы мен Зинегүл Нұғманқызымен танысуға мүмкіндік алды.

Айта кетейік, спорттың шорт-трек түрі Қазақстанда бұдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Алматы, Қостанай, Ақтөбе облыстарында дами бастады. Оралда аталмыш мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін 2002 жылы қолға алынды. Белгілі бапкер Мәдіғали Қарсыбеков келіп, шорт-трек бөлімшесіне дарынды жасөспірімдер тартылды. Қазіргі таңда мұнда Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Максим  Лозовой бастаған мамандар М.Қарсыбековтің ісін жалғастыруда. 15 жыл ішінде батысқазақстандық шорттрекшілер өз табыстарымен көпке танымал болды. 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасына Қазақстаннан жалғыз Айдар Бекжанов қана қатысса, Сочиде негізін батысқазақстандықтар құраған ерлер құрамасы 5 мың метрлік эстафетада бесінші орынға табан тіреді. Содан кейін А.Әжіғалиев, Н.Жұмағазиев сынды спортшыларымыз әлем кубогы кезеңдерінде топ жарды. Биылғы Олимпиадада алғаш рет елімізден жеті бірдей шортрекші жоғары орындардан көріну үшін барын салатын болады. Оған қоса дүниежүзілік доданың ашылу салтанатында Абзал Әжіғалиев Қазақстанның көк байрағын алып шығады.

 

Дереккөз Dodasport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз