ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ АРАСЫНДА ТҰҢҒЫШ АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ

6

Иран астанасы Тегеран қаласында өткен жабық кешендегі Азия чемпионатында әйелдер арасында 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Әйгерім Шыназбекова жеңіске жеткен болатын. Бір айта кетерлігі, жеңіл атлетикадан қазақ қыздары арасында бұрын-сонды ешкім құрлықта чемпион атанбаған. Жарыстан кейін Әйгерімді әңгімеге тарттық.

– Өте қуаныштымын. Тезірек жүгіруге тырыстым. Бүгінгі көрсеткен нәтижем – 8.32 секунд. Бұл да жаман емес. Бірақ одан да жылдам жүгіру қажет. Тіпті, әлем чемпионатының нормативінен де асып түссем деп ойлаймын. (жымиып). Неғұрлым жылдам жүгірген сайын соғұрлым жақсы. Сондықтан көп жұмыс істеу керек.

– Жарыс алдында қандай жоспарыңыз болған еді?

– 8.20 секунд көлемінде жүгірсем деп ойлаймын. Енді алда Өскемен Қазақстан кубогының екінші кезеңі мен финалы бар. Сол кезде әлем чемпионатының нормативін орындауға тырысамын (норматив –8.14 с – ред).

– Жеке рекордыңыз қандай?

– Дәл осы 60 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жеке рекордым – 8.24 секунд. 2016 жылы тіркелген.

– Әйгерім, бұл сіздің Азия чемпионатындағы алғашқы жеңісіңіз ғой?

– Халықаралық дәрежедегі ең бірінші наградам, жеңісім. Сондықтан көңіл күй өте керемет. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Алдағы уақытта жазғы Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетсем деп үміттенемін. Ол жарысқа дайындалу үшін екі рет Түркияға оқу-жаттығу жиындарына барамыз.

– Ал жалпы сіздің спортық карьераңыздағы арманыңыз қандай?

– Шынын айту керек, кез келген спортшы Олимпиада ойындарында баруды армандайды. Төрт жылдықтың басты додасында жоғары нәтиже көрсетіп, елімнің намысын лайықты қорғағым келеді. Әрине, біздің сайыста бәсекелестік өте жоғары екенін жақсы түсінемін. Бірақ әрдайым үздік болуға ұмтылу қажет. Ең болмаса әлемдік жарыста үздік ондыққа еніп жатсам да жаман болмас еді. Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес дейді ғой.

– Спорттан өзге қандай хоббиіңіз бар?

– Уақытымның көп бөлігі жаттығу мен жарыстарға арналған. Реті келгенде жаңа сән әлемінің жаңалықтарын қарап отырамын, бренд киімдерді жақсы көремін. Болашақта мүмкіндік болып жатса, өзімді дизайнер ретінде сынау жоспарымда бар. Кез келген қыз жақсы асханада дәмді ас дайындағанды армандайды ғой. Менде пайдалы әрі дәмді тағамдар әзірлегенді жақсы көремін

Дереккөз:kazathletics.kz

Дереккөз Dodasport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз