Мюнхен трагедиясы – 15:03

14
Карриковедение

6 ақпан 1958 жылы әлем жұртшылығы «Манчестер Юнайтедтің» қайғылы оқиғасына куә болды. Еуропа Чемпиондары Кубогында «Црвена Звездамен» тең ойнаған «қызыл сойқандар» отырған ұшақ әуе апатына ұшырады.

ХХ ғасырдың 50-жылдары «Манчестер Юнайтед» атағы тек Англияда емес, Еуропа ареналарында жиі естілетін. Команда сапындағы ойыншылардың көпшілігі «Манчестер Юнайтед» түлектері еді. «Қызыл сойқандардың» сондағы құрамын «Басби балалары» деп атайтын.

Клубтың бас бапкері Мэтт Басби «Юнайтедтің» ең үздік құрамын жасақтағандардың бірі. Көмекшісі Мерфимен бірге талай таланттың жұлдызын жағады. 58-жылғы «қызыл сойқандардың» құрамында орташа есеппен ойыншының орта жасы 20-ны құраған.

Жұлдызды құрамның шамын жаққан Басби болса, жарқырай түскен – Бобби Чарльтон мен Дункан Эвардс. Футбол сарапшыларының өзі Эдварсты Англия футбол тарихындағы ең үздік ойыншы деп бағалайды.

Манчестерден шыққан жеткіншектер Еуропада доп тебуді армандады. Әлемнің алпауыттарына өздерін дәлелдегісі келді. Басбидің де қалауы осы еді. Алайда Англия футбол федерациясы Еуропа турнирлеріне бас ауыртқысы келмеді. Футболды ойлап тапқан ел, аладопты ғаламдық дәрежеге көтергендерге мұрын шүйіре қарады.

«Қызыл сойқандардан» 1 жыл бұрын «ақсүйектер» де өздерін Еуропада сынап көргісі келді. Федерация қарсылық танытқаннан кейін, жылы жауып қоя салды. Басби мен «Юнайтед» айтқанынан қайтпай, Еуропа Чемпиондар Кубогына қатысатын болды. Англия Футбол Федерациясы Лига матчтарын кейінге қалдыра алмайтындықтарын жеткізді. Басби де үлгеретіндеріне сеніммен жауап берді.

Олар ұшып барып-келіп жүрді. Ширек финалға дейін өзгеріссіз ойнап жүрді. Белградтағы тең ойыннан кейін «Манчестер Юнайтедті» Англияда жауапты матч күтіп тұрған. Югославиядан Англияға бағыт алған ұшақ Мюнхен әуежайына тоқтайды.

Ұшақ бірінші және екінші мүмкіндігінде де әуеге көтеріле алмайды. Жолаушыларды әуежайға жібереді. Германияда таңға дейін қалса, ойынға үлгермей қалатынын аңғарған жолаушылар ұшуға шешім қабылдайды. Қалың қар жауып тұрғандықтан қажетті жылдамдықты жинай алмаған ұшақ әуежай маңында жарылады. Ұшақтағы 21 адам табан астында қайтыс болады.

Басби балаларының жетеуі ұшақта қаза табады. Дункан ауруханада 2 аптадан кейін көз жұмады. Одан бөлек 2 ойыншы ауыр жарақат алып, футболмен қоштасады. Мэтт Басби 3 ай ауруханада емделеді. Тірі қалған футболшылардың қатарында Бобби Чарльтон, Билл Фоулкс және Гарри Грегг бар еді.

Әуе апатынан кейін «Манчестер Юнайтед»  жастар құрамасының жаттықтырушысы Мерфи жаңа құрамды жасақтайды. 19 ақпан  күні «Манчестер Юнайтед» «Вулверхэмптонды» өз алаңында 3:0 есебімен жеңеді. Аталған жеңіс «Манчестер Юнайтед» жанкүйерлерінің есінде қалды.

Басби «Манчестер Юнайтедті» қайта құрады. «Басби балалары» Англия лигасына, Еуропа турнирлеріне қайта оралады. Бірнеше мәрте Англия чемпионатын, Англия Кубогын ұтып алған команда, 1968 жылғы Еуропа Чемпиондар Кубогын «Мюнхен трагедиясына» арнайды. Әуе апатының арасына 10 жыл салып «қызыл сойқандар» қаза тапқандарға кубокпен құрмет көрсетеді.

«Басби балаларынан» Бобби Чарльтон мансабын 1975 жылы аяқтайды. Сэр Чарльтон «Басби балаларының» футболдағы соңғы ойыншысы болатын. Мэтт Басби 1994 жылы қайтыс болады. Даңқты бапкерге құрмет ретінде «Олд Траффорд» орналасқан көшені Сэр Александр Мэттью Басби атына ауыстырады.

Жыл сайын 6 ақпан күні әлемнің түкпір-түкпірінде «Мюнхен трагедиясын» еске алады. Манчестерде, Мюнхен қаласында арнайы  митингілер өтеді. Футболдың әрбір жанкүйері бұл күні «Басби балаларына» таңданыспен қарап, «Мюхен трагедиясы» фильмін тамашалайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз