Толағай

9

     Кеңестер Одағының спорт тарихында ат төбеліндей аз қазақтың атағы дүркіреп тұратын. Баскетболда Әлжан Жармұхамедов, бокста Серік Қонақбаев, велосипед спортынан Марат Сатыбалдиев, волейболда Жәнібек Сауранбаев, грекрим күресінде Дәулет Тұрлыханов, Шәміл Серіков,  Жақсылық Үшкемпіров, еркін күресте Әбілсейіт Айханов, жеңіл атлетикада Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқов, су добынан Нұрлан Меңдіғалиев және футболда Тимур Сегізбаевтар қазақтың атын әлемге танытты. Осы жерде ауыр атлетикамен айналысқан алаштың ұлы болмаған ба деген заңды сұрақ туындайтыны анық. 70-жылдары қазақ құрамасында жалғыз қазақ  жүретін еді. Ол Қажымұрат Нұрғазин болатын.

Қажымұратты біреу білер, біреу білмес. 1951 жылы бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданында Ахметқазы Нұрғазиннің шаңырағында дүниеге келген сәбидің есімін Қажымұрат деп қойды. Құжатта Хаджимұрат деп жазылды. Мұның да тарихы бар-тұғын. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған уақытта адамның есімін дінмен байланыстыру қылмыс іспеттес еді.

Ауылдастары Мұрат деп атап кеткен жеткіншек спорттағы алғашқы қадамын Таскескен ауылында бастады. Ол кезде атақты Болат Тұрлыханов қарадомалақтарды спортқа баулып жүрген кез. Шырғасы берік Қажымұрат та күрестің қыр-сырын меңгерді. Тәп-тәуір күресетін. Белдесе жүріп, зілтемір көтеруді әдетке айналдыра бастаған өрен оңқай асықтай жылдам, шиыршық атып тұрған шағында Алматыдағы денешынықтыру институтына түсу үшін емтихан тапсырады. Орта бойлы жұқалтаң жігіт  өзінен екі есе үлкен ауыр темірді көтеріп, спорт шеберлігіне үміткер атанды. Үлкен ағасы Ермек те ауыр атлетиканы серік етті. Бір күні қала чемпионатында екеуі бірдей сайысқа түсіп, Қажымұрат бірінші, Ермек екінші орыннан көрінді. Ағасының көрегендігі сонда, «жолымды саған бердім. Мұрат, сен айналыса бер»,  деп батасын берді.

Оқуын оқи жүріп, Қазақ КСР-і құрамасына енген Қажымұрат П. Коломец, О. Чепайкин, С. Мельник сынды мықтылармен бірге жаттыққан-ды. Алғашқыда аса жеңіл салмақта өнер көрсетіп, кейіннен жеңіл салмақта зілтемір көтеруде қайығы желге өрледі. Тырнақалды табысы 1972 жылы ҚазКСР біріншілігінде аса жеңіл салмақта жастар арасында 185 келі көтеріп, жеке командалық есептегі бас жүлдесі болатын. Қайрауы жеткен шағында республика деңгейіндегі әртүрлі жарыстардың түгелге жуығын жеңді. Әскерде жүріп үш дүркін жүлдегер атанды. Мықтылығының арқасында прапорщик шенін де алды. 1975 жылы табаны қызып жүрген шағында Ферғанада өткен жеңіл салмақ категориялары бойынша бүкілодақтық сайыстарда 125 келіні серпи көтеріп, ешкімге ірге алдырмай жарыс жеңімпазы атанады. Міне, осылайша қазақтың абырайын одақтас елдерге танытып үлгерді. 21 жасында КСРО спорт шебері, араға төрт жыл салып, халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері деген атақтарды да қоса алды.

Спортшының жетістіктерін тізбелей кету де артық болмас.

Ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері(1972 жыл).

Халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері(1976 жыл)

 

КСРО-ның  құрылғанына 50-жыл толуына орай ҚазКСР кубогында қоссайыс нәтижесінде(282,5кг) 3-орыннан көрінді.

1973 жылы «Еңбек» спорт ұжымы сапында Орта Азия мен Қазақстан спорт ұйымдары кәсіподақтары біріншілігінде аса жеңіл салмақта 115 келіні көтеріп, жеңімпаз атанды.

ҚазКСР біріншілігінің 4 дүркін жеңімпазы

1975 жылы Ферғанада жеңіл салмақ категориялары бойынша Бүкілодақтық сайыстарда 125 келіні серпи көтеріп, жарыс жеңімпазы атанады.

1975 жылы әскерде прапорщик шенінде КСРО ҚК біріншілігінде 92,5 келіні  жұлқа көтеріп, жүлделі үшінші орынға ие болды. 1976 жылы Минскте КСРО ҚК кубогында аса жеңіл салмақта 120 келіні серпи көтеріп3-орын алды. 1977 жылы Құрлық әскерлері біріншілігінде жеңіл салмақта 220 келіні көтеріп, 2-орынға қол жеткізді.

1976 жылы ҚазКСР ведомствоаралық чемпионатында қоссайыста 210,0 келіні көтеріп, чемпион атанды.

1977 жылы Қазақ КСР-і чемпионатында жеңіл салмақта қоссайыс нәтижесінде 227,5 келіні көтеріп,  чемпион атанған.

Қажымұраттың ғұмыры қысқа еді. 1983 жылдың көктемінде Алматыда демікпе дерті себепші болып, дүние салды. Артында Роза есімді жары мен 4 жасар Әсел атты қызы қалған. Небәрі 32 жасында бақилық болған спортшыны Кеңес Одағы құрамасында өнер көрсетуге қауқарлы еді дейді білетіндер. Үлкен әпкесі Алтынайдың айтуы бойынша Таскескен ауылында оның құрметіне көше берілген. «Екі рет өз күшімізбен ініме арнап қалааралық турнир өткізгенбіз. Ешкімге алақан жаймадық. Алмағайып заманда өткен жарыс жалғасын таппай қалды. Ауыр атлетикадағы тұңғыш қазақ мемлекет деңгейінде әспеттелмеді. Кейіннен спорт комитетінің хатшысымын деп, Алматыдан біреулер хабарласқан. Сондағы айтқандары Қажымұрат Нұрғазин турнирін ұйымдастырсақ, сіздердің тараптарыңыздан қандай көмек болады деді. Мені қынжылтқаны осы болды. Халықтың атын шығарған ұлды мемлекет менсінбесе, біздің қолдан не келсін», деген Алтынай апа Қажымұрат Нұрғазиннің қалған суреттерін, мақтау қағаздары мен ол туралы жазылған әртүрлі газет қиындыларын көзінің қарашығындай сақтап отыр.

Қажымұрат өте бауырмал еді. Көп сөйлемейтін. Алматыдағы пәтерінде ауылдан келген спортшылардың барлығы түнеп жүретін. Қолынан келгенді аямай, артындағы інілеріне үнемі қамқорлық жасай білді. Ол туралы әртүрлі қызықты жайттарды достары аңыздай қылып айтып отырысады.

Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Қажымұратты Таскескеннің Толағайы дейтін. Шын мәнісінде ол қазақтың бағына біткен ұл еді. Амал қанша?! Толағайды қанша толғасақ та, орны толмайтыны анық.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз