Дэвис кубогі. Ширек финалдың шырмауынан шыға аламыз ба?!

31

Сонымен, Астанада үш күнге созылған Теннис тойы аяқталды. Ширек финалдың жолдамасын сарапқа салар ойында Қазақстан мен Швейцария құрамалары кездескен болатын. Нәтижесінде жерлестеріміз 4-1 есебімен жеңіске жетті. Диас Досқараев бастаған жігіттер ойынның екінші күні-ақ, жанкүйерлерге  жеңіс сыйлады. Ойыннан кейін құрама команда журналистермен кездесіп, ойыннан алған әсерлерімен бөлісті.

Теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев:

– Бұны үлкен жеңіс деп санауға болады. Себебі біз төртінші рет ширек финалға шықтық. Өздеріңіз көргендей Швецария командасы мықты құрамасын алып келмеседе, бізге лайықты қарсылық көрсетті. Шынын айту керек ойын өте қиын болды. Әр ұпай, әр гейм, әр сет үшін екі құрама арасында үлкен талас болды. Біздің жігіттер қиын ойында бар қайратын ортаға салып, сенімді түрде жеңіске жетті. Алғашқы күннен ақ Швейцарияның қарымды қарсылық көрсететіні анық еді. Сәттілік біздің жағымызда болды.

– Жеңіске жетуімізге басты себепкер болған жанкүйер қауым. Ойынның басынан аяғына дейін қиқулап, теннисшілерімізге қолдау білдірді. Тамаша теннис мейрамы болды деп атауға болады. Жанкүйерлерге барлық команданың атынан алғыс білдіремін.

– Әрине ¼  финал қуаныштымыз. Өкінішке қарай Роман Хасанов дебьюттік ойынында сәттілік жетіспеді. Алайда соңғы ойынынан сабақ алды деп ойлаймын. Алдағы уақытта бапкерлермен ақылдасып, қателіктермен жұмыс жасайтын боламыз. Теннисшілердің ішінен Попконың ойынын атап өтуге болады. Енді Михаил Кукушкинғада артылар жүк жеңілдейді. Себебі артынан еріп, орнын жоқтатпайтын жас теннисшілер бар.

– Мен жақында Манчестер Сити командасың бапкерінің сұхбатын оқыдым. Олар өз академиясынан он жылда команда доп тебуге лайық бірде бір ойыншы шығара алмаған. Ал, біз соңғы он жылда құрамаға Попко, Хабибулин,Хасановтарды спортшы ретінде тәрбиелеп, құрама сапына қостық. Демек біздің ұстанған бағытымыз дұрыс. Меніңше бұл мақтануға тұрарлық дүние. Бұл біздің еңбегіміздің жемісі. Ең алдымен Федерацияның күн-түн демей атқарып жатқан жұмысының нәтижесі. Федерация қызметкерлерінен бастап, бапкерлер құрамы, қатардағы менеджерлер, осы теннистің айналасында жүргендердің көксегені Қазақстандағы теннистің көсегесін көгерту. Нәтижесі алдарыңызда кезесті рет ширек финалға шығып отырмыз. Трибунада ине шаншар жер жоқ айта алмаймын. Алайда, тенниске аңсары ауа бастаған жанкүйер қауымның қарасы күннен күнге көбейіп келе жатыр.

– Бізді өте қиын матч күтіп тұр. Қарсыласты өтуге болады бірақ бұл оңай шаруа емес. Қонақта Хорватиямен ойнауымыз ғажап емес. Әлбетте қарсыласымыз Канада болғанда мүмкіншіліктеріміз жоғарылай түсер еді. Бірақ Хорватия оңай шағылар жаңғақ емес. Дайындалуға екі ай уақытымыз бар. Дұрыс қорытынды жасап, алдағы ойынға дайындалатын боламыз

Естеріңізге сала кетейік Қазақстан құрамасы осы кезге дейін үш мәрте ширек финалға шыққан болатын. Әзірге аталмыш турнирдегі үздік нәтижеміз осы ширек финалмен тоқтап тұр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз