Серік Жаманқұлов: “Ширек финалда әлсіз қарсылас таппайсың”

22

     Словенияда футзалдан Еуропа чемпионаты өтіп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын кәрі құрлықтың қоласын қанжығалаған жерлестеріміз,  бұл жолы да, көз тимесін дейміз, тәп-тәуір ойнап жатыр. В тобында Польшаны жәукемдеп, Ресеймен терезесі тең ойын көрсеткен Қазақстан құрамасы жеке-дара топ бастап, ширек финалдан бір-ақ шықты. Ендігі қарсылас – Сербия құрамасы. Команданың сақа ойыншысы Серік Жаманқұлов турнир жайлы өз ойымен бөлісті.

– Серік, плей-офф кезеңіне сүрінбей шықтыңдар. Құтты болсын!  Топтағы қарсыластарды салыстыруға келе ме?

– Ресей азулы қарсылас қой қашанда. Бұрын бізді бұйым құрлы көрмейтін. Қазір қаймығады. Біз де барынша сақ ойнауға тырыстық. Матч басында қақпаға доп жіберіп алғанымыз болмаса, олардан еш кем түспейтініміз көрер көзге ұрып тұрды. Қайта қарсыластың апшысын қуырып жібердік-ау деймін. Польшаға келсек, соңғы кездері бұл ұжымның шеберлігі шыңдалып келеді. Ресеймен ойнағанда қайрауы жеткен қылыштай болды. Біз болсақ кездесудің басынан-ақ оларға ұпай ұстатпайтынымызды сездірдік.

– Какаудың екі ойынға деген жоспары қандай еді құпия болмаса?

– Бапкер мен ойыншылардың ойы бір жерден шығып жатады. Ширек финалға шығу үшін Польшаны міндетті түрде жеңу керек болды. Жалпы, қай турнирді алмасақ та, бірінші ойында жеңіске жетсең, ары қарай қиындық болмайды. Күштің бәрін осыларға жұмсаппыз. Әйтпесе Ресейді де жеңуге болар еді. Дегенмен алғаш рет көршімізден асып, топ бастап кеттік.

– Ширек финалда Сербия қарсылас атанады…

– Сербияны осыдан екі жыл бұрын өз алаңында Еуропа чемпионатының қола жүлдесі үшін болған матчта жеңгенбіз. Алайда ол осыдан екі жыл бұрын болды деп қайталап қояйын. Қазір олар да жүлдеден дәмелі. Тіпті плей-офф кезеңінде әлсіз қарсылас болмайды. Ол анық. Сондықтан жинақы ойнауымыз керек. Оны бәрі түсініп отыр.

– Леоның жоқтығы сезіліп жатыр ма?

– Әрине. Сөзсіз. Ол команданың белді мүшесі ғой.

– Жастар өсіп келеді олар туралы пікіріңді білгіміз келеді.

– Ақбалықов, Ораза, Тұрсағұлов. Көз қуантады. Ізбасарлар өсіп келеді.  Бұл – олардың ұлттық құрама деңгейіндегі алғашқы ірі жарыстары. Келесі турнирлерде бұдан да жақсы дайындықпен барады деп сенеміз. Қазір де сәтті ойнап жүр. Шынымды айтайын,  бәріміз қуанып жүрміз. Бір жақсысы – ұжымда алалау,  бөтенсу жоқ. Бір үйдің балаларындаймыз. Оларға тек жоғары жетістіктер тілеймін.

– Сербиядағы және биылғы Еуропа чемпионатының айырмашылығы неде?

– Белградта бізді ешкім білмеді. Қатардағы командалардың бірі деп ойлағандардың аузы күйді. Биыл “аузы күйден үріп ішедінің” кері болып тұр. Бізге қарсы бәрі ерекше дайындалатыны белгілі. Бар айырмашылық осыда деп топшылаймын. Сол жетістікті қайталау қиынның қиыны болмақ. Бірақ барымызды саламыз.

– Көп рахмет, Серік. Елдегі тақым қысқан жанкүйерге айтарың бар ма?

– “Көп тілеуі көл” деген бар. Қазақ жанкүйерлеріне үнемі ырзамыз. Шетелге шықсаң тілеуімізді тілеп отырады. Команда атынан алғыс білдіремін. Болашақта спорттың барлық түрінен әлем санасатындай ел болайық.

Превью суреті ProSports.kz сайтынан алынды

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз