Арман Шораевқа жауап. Қазақ күресін сергелдеңге салған біз емес

22

Еліміздің бас газетінде жарық көрген Арман Шораевтың «Қазақ күресін сергелдеңге салған кім?» (16.11.2017) деген мақаласын оқып, оның кейбір ұшқары пікірлері мен негізсіз айыптауларына жауап жазғанды жөн санадым.
Бұл мақаланы оқыған адам Арман Шораев республикалық қазақ күресі федерациясының президенті қызметіне сайланғанға дейін Қазақ елінде ұлттық күрес болмағандай, болса да қиюы қашқан, берекесі жоқ тірлікті көзге елестетеді. Арман Шораев ұлттық күрестен балуан болса — бір сәрі, бапкерліктің ауыр қамытын киіп, шәкірт баптаса — бір сәрі. Немесе, қазақ  күресінен мектеп ашып, осы саланың бейнетіне иығын тосса — сөзі татымды, сыны жарасымды болар еді. Бұл жігіт қазақ күресіне бір бүйірден, төтеден қосылды. Біз Арманды жатырқаған жоқпыз, бөтенсің деп шетке қақпадық. Бауырға тартып, талай жарыс-жиындарда бірге жүрдік, реті келгенде айта кетейін, республикалық федерацияның тізгінін оның қолына ұстатқан мен болатынмын.

Шораев мақаласында Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы (ДҚКФ) құрылтайшыларының «кейбірінің қазақ күресінің саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын он адам екендігін» тілге тиек етіпті. Арманның бұл айыптауына жауап дайын: саналы ғұмырларын ұлттық күреске арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Бауыржан Жаналин, Марат Жахит, Диқанбай Биткөзов, Бақыт Жаңбырбаевтардың ұлттық күреске сорпасы қосылмаса, онда Шораевтың сорпасы қалай   қосылмақ? Мен де қазақ күресінен алыс адам емеспін. Кезінде осы күрестен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлделері үшін жарыстың түйе балуаны атағым бар. Бұлардан басқа белгілі спорт тарихшысы, ұзақ жыл республикалық спорт мекемелерін басқарған Қыдырбек Рысбек,  республикаға танымал спорт қайраткері, ұлттық мұра жанашыры әрі балуан, ұзақ уақыт Қызылорда облысының спортын басқарған Садық Мұстафаев және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Құлекешов федерацияның алғашқы құрылтайшылары болып табылады.  Шораев айтқан он адамның сегізі – осы азаматтар. Тоғызыншысы – еркін күрестің белді балуаны Нұрлан Аманқосов.  Осындай мамандар құрылтайшы болған ұлттық күрес бірлестігін «көлденең көк  аттылардан құралды» деуге Арманды не итермелегені белгісіз. Осы жерде Шораевтар құрған «Халықаралық Қазақ күресі федерациясы» құрылтайшыларының  қатарында осындай майталман мамандар бар ма екен? деген заңды сауал туады.

Осы азаматтардың тікелей атсалысуымен ұлттық күрестің жаңа ережесі жазылды; дербес күрес күртешесі тігілді; бұрын әдістер самбодағыдай 1, 2,  3… деп санмен бағаланып келсе, ендігі жерде «таза жеңіс», «жартылай жеңіс», «жамбас», «бүк» деген қазақша терминдерді пайдалана бастадық.  Қай құрылықта жарыс өтсе де төрешілер балуандарға: «баста!», «тоқта!»… деп қазақша бұйрық беретін жүйені ең алғаш біздер қолданысқа енгіздік. Сондықтан Шораевтың ДҚКФ құрылтайшылары «қазақ күресінің саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын он адам» деген айыптауы негізсіз. Арманның ақылы болса, ұлттық күрес өгей баладай шетке ысырылып қалған кезде шын ниетпен осы шаруаға белсене атсалысып, бейнетіне төзген адамдарға алғыс айтар еді.  Өз басым бұл азаматтарға басымды иіп,  шынайы көңілден ризашылығымды білдіремін. Арманның екінші айыптауы ДҚКФ он адамнан тұратын қоғамдық бірлестік ретінде құрылып, Астана қаласының әділет департаментінде тіркелді, бұл заңға қайшы, дегенге саяды. Кез келген қоғамдық бірлестік жекелеген мүдделес тұлғалардан құрылады. Сонымен бірге бірлестіктің басшысы қай жерге тұрақты тіркелген болса, кеңсесі де сол жерде болатыны белгілі. Ал Шораевтың «…федерация тіркеуден өткен кезде  Астана қаласының әділет департаментінде басшылық қызметте болған Серік Төкеевтің туған інісінің ықпалы болуы мүмкін», дегені ел ішінен өсек терген адамның сөзі тәрізді. Федерация тіркелген кезде інім Жақсыбек Төкеев Астанадағы әділет департаментінде емес, басқа мекемеде қызметте болатын. Сондықтан оның бұл айыптауы да негізсіз.

Арманның үшінші айыптауын спортты білмейтін адамның сөзі дер едім.  Оның айтуынша, 2017 жылы күзде Ашхабадта болған жабық кешендегі Азия ойындарында қазақ күресі белбеулі күрестің тасасында қалыпты. Бұл жерде Шораев қателесіп отыр. Біз  ұлттық күресімізді ешкімнің аяғының астына салып бермейміз. Қазақ  күресі, қырғыздың алашы және белбеулі спорттық күрес   Біріккен Күрес одағындағы (қазіргі UWW, бұрынғы ФИЛА) Дәстүрлі белбеулі күрес түрлері комитетінің құрамында болғандықтан жарыс бағдарламасына  «белбеулі күрес» деген жалпы атаумен кірді. UWW-дегі  грек-рим, еркін және әйелдер күресі «Олимпиялық күрес түрлері комитетінің»  құрамына енеді.  Сондықтан кейде журналистер мен мамандар: «олимпиялық күрес түрлерінен әлем чемпионаты болып жатыр» деп, жоғарыдағы үш күресті бір атаумен түйіндей салады. Сондықтан жабық кешендегі Азиада бағдарламасындағы «белбеулі күрес» деген сөзден үркудің қажеті жоқ. Жалпы бағдарламада «белбеулі күрес» деп жазылғанымен,  қазақ күресінен, қырғыздың алышынан және спорттық белбеулі күрестен Азия ойындарының жүлделері жеке-жеке сарапқа түсті. Жарыс кезінде «Kazakh kuresi» деген айшықты жазу сарай төрінде жарқырап тұрды. Ең бастысы, біздің балуандар жабық кешендегі Азия ойындарында UWW-дің бауырында  кілемге шықты. Шораев  аталмыш  мақаласында «Бұл ойынның бағдарламасында өзбектің курашы, түркменнің көрөші, татардың белбеу күресі… бар. Бірақ қазақтың күресі жоқ», дегенді  жазбас бұрын мәселенің мәніне тереңдеп барғаны дұрыс  еді. Өзбектің курашы мен түркменнің көрөші жабық Азия ойындарына жеке атаумен енгені болмаса, UWW-дің құрамында жоқ. Яғни, бұл екі күрестен өткен әлем чемпионатын Біріккен Күрес одағы ресми түрде мойындамайды. Өзбек пен түркмен басты жарыстарын «әлем чемпионаты» деп атағанымен, UWW үшін бұл бәсекелер қатардағы «халықаралық турнир» боп есептеледі.

2010 жылы Астанада өткен үшінші әлем чемпионатына ФИЛА президенті Рафаэль Мартинеттиді арнайы шақырдық. Сол жолы Рафаэль Мартинетти Дүниежүзілік  қазақ күресі федерациясын ФИЛА мүшелігіне қабылдау туралы құжатқа қол қойды. Бұл — ұлттық күресіміздің тарихындағы ең бір жарқын әрі тарихи сәт болатын. Арман өз мақаласында бұл тарихты айналып өтеді. Осы жарыстардың қандай бейнетпен атқарылғанын білмейтін адамның кейпінде ой қорытады. Осы шаралар өзінен өзі өте салғандай көсемсиді. Жарайды, жұмыс істеген адамның қателесуі заңды. Әу баста әлемдік деңгейдегі балуандардың саны шектеулі болды.  Бірақ біздер табанды түрде алға ұмтылумен болдық.

2005-2017  жылдары Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен  7 әлем чемпионаты, 11  Азия чемпионаты, 3 Әлем кубогы, 3 Еуропа біріншілігі, Иран мен Бразилияда кадеттер мен жастар арасында  әлем чемпионаттары және Оңтүстік Африкада  2 Африка біріншілігі, Бразилияда Оңтүстік Америка чемпионаты  ұйымдастырылды.  Бүгінге дейін 30-ға жуық  ірі халықаралық жарыстар өткіздік. Бұл бәсекелерге халықаралық құзырлы орындардың (ФИЛА, кейін UWW)  бақылаушыларын  әдейілеп  шақырып отырдық. Біздің ендігі мақсатымыз: қазақ күресін олимпиадалық емес спорт түрлерінен Дүниежүзілік және Панамерика, Еуропа ойындары бағдарламасына енгізу. Жер шарының 50-ден астам елімен қазақ  күресін бірлесе дамыту жөніндегі меморандумға қол қойдық. Сонымен бірге, 2010-2016 жылдарда қазақ күресін ЮНЕСКО танып, мойындауы үшін қыруар шаруа атқарылды. Біздің команданың табанды әрі нәтижелі әрекетінің арқасында 2016 жылы Эфиопияда болған ЮНЕСКО-ның 11-сессиясында  қазақ күресі ЮНЕСКО-ның  материалдық емес мәдени мұра тізіміне кірді. Бұл да ДҚКФ-ның ауыз толтырып айтатын ірі жеңісі екенін ұмытпаған дұрыс.

Бірақ жоғарыдағы ресми жарыстар ҚР Туризм және спорт министрлігінің, одан кейін Спорт және дене шынықтыру агенттінің  жарыс кестесіне сай бекітілгенін, бұл бәсекелерге мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенін, қаншама спортшының әлем және Азия, Еуропа чемпионы болғанын Шораев мырза неге қаперге алмайды?! Осы жарыстар арқылы ұлттық күресіміздің өрісі  ұзарумен қатар, насихаты қатар жүргенін Арман неге ескермеді екен? Егер Шораевтың уәжіне құлақ ассақ, онда 2005 жылдан бергі әлем және құрылық чемпионаттарын тарихтан сызып тастау керек, деген ой туады. Сонда қалай, әлемнің 4 дүркін чемпионы Айбек Нұғымаровты, 3 дүркін чемпион Ғани Сейділдаевты, дүние жүзінің 2 мәрте чемпиондары,  Бақтыбай Қисықов, Бауыржан Тәліп, Ерлан Естек, Мұхит Тұрсынбавты, әлем чемпионы Бейбіт Ыстыбаевты, басқа да жеңімпаз жігіттерімізді спорттық атақтарынан  және министрлік тағайындаған дәрежелерінен айырып, ұлттық күрес тарихын «Халықаралық Қазақ күресі федерациясы» 2017 жылы күзде Астанада ұйымдастырған «әлем біріншілігінен» бастауымыз керек пе? Онда спорт министрлігі мен спорт агенттігінің қазақ күресіне қатысты бірнеше жылғы құжаттары мен тірлігі желге  ұшпай  ма? Сонымен бірге осы кезеңде республика спортын басқарған адамдардың бәрі қателескен болып шығады емес пе.

Ал нақты заңдылық жағына келсек, бұрынғы ФИЛА, қазіргі «Біріккен күрес әлемі» (UWW) ресми түрде танымаған, мойындамаған «Халықаралық Қазақ күресі федерациясының» әлем чемпионатын ұйымдастыруға хұқы жоқ. Себебі, қазақ күресінен ресми әлем чемпионатын өткізу хұқы тек қана Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құзырына берілген. Бұған дәлел ретінде  UWW  бас  хатшысы Мишель Дюссон мырзаның ДҚКФ-ның қазақ күресі бойынша бір ғана халықаралық орган екенін таныған ресми хаты қолымызда тұр. Сондықтан «Халықаралық Қазақ күресі федерациясы» былтыр жалаулатып «әлем чемпионаты» деп атаған Астанадағы жарыс UWW үшін қатардағы «халықаралық турнир» болып қана  есептеледі. UWW-дің құрамына енбеген федерацияның жарысы WADA (Бүкілдүниежүзілік допингке қарсы агенттік) тарапынан да мойындалмайды.

Шораев аталмыш мақаласында Дүние жүзілік қазақ күресі федерациясы заңсыз құрылды, мен республикалық федерацияға басшы болып келгенге дейін ДҚКФ-ның ауқымы тар болды, дегенді айтады.  Осы жерде жоғарыдағы әлем және Азия, Еуропа чемпионаттары мен Әлем кубоктарын, басқа да халықаралық жарыстарды кімдер ұйымдастырды; кімдер сол бәсекелердің бел ортасында жүрді; кімдер шетелдерге ұлттық күрес ережелерін апарып, сол елдерде федерациялар ашты; кімдер сырт мемлекеттерде семинар-кеңестер мен жаттығу жиындарын ұйымдастырды деген заңды сауал туады. Бұл шаруалардың басы-қасында, керек десеңіз бел ортасында Дүние жүзілік қазақ күресі федерациясының азаматтары жүрді. Ақиқатына келсек, қазақ күресін әлемдік аренаға шығару оңай болған жоқ. Біз бар күшімізді жұмылдырып, қаржылық және басқа да қиындықтарға мойымай ұзақ уақыт олимпиадалық спорт түрлерінің көлеңкесінде қалған ұлттық күресіміздің  еңсесін көтеруге күш салдық. Тек халықаралық және республикалық  жарыстар ұйымдастырумен  шектелмей, әлем мойындаған белді ұйымдардың назарын қазақ күресіне аударуға тырыстық.  Біздің жігіттер уақытпен санаспай, барға қанағат қыла жүріп, қазақ күресінің ел көлемінде және сырт мемлекеттерде біртіндеп алға басуына үлес қосты.

Мен 2000 жылдың күзінен 2006  маусым айына дейін республикалық штаттағы ұлттық командалар және спорт ізбасарлары дирекциясын басқардым. Шынымды айтайын, сол жылдары қолда күш тұрғанда облыстық спорт басқармалары басшыларына арнайы хабарласып, жоғары спорт шеберлігі мектептері мен басқа да спорт мекемелерінде қазақ күресінен бөлімдер ашылуына, жаттықтырушыларға штаттық бірлік бөлінуіне шама жеткенше атсалыстым.  Ол кезде біраз облыста қазақ күресі жоққа тән еді. Солтүстік пен батыстағы кей облыстардың спорт басшылары Қазақстан чемпионаттарына команда жіберудің өзін мойындарына артық жүк санайтын. Оңтүстік Қазақстандағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы және Бақыт Жаңбырбаев турнирінен басқа ауыз толтырып айтатын жарысымыз да болған жоқ. Біздің табанды әрекетіміздің арқасында  ұлттық күреске шекеден қарап келген біраз облыста қазақ күресі үйірмелері жұмыс істей бастады. Қысқасы, бұл жылдары біраз аймақта қазақ күресінен бөлімдер ашылып, ондаған жаттықтырушылар ұлттық күрестен шәкірт баптауға кірісті. Соның нәтижесінде кейінгі жиырма жылда ұлттық күрестің ауқымы кәдімгідей кеңейіп, елдің әр қиырында өтетін жарыстар саны көбейе түсті.  Қазіргі таңда республика бойынша қазақ күресінен 9 республикалық, 4 халықаралық турнир өтеді. Осы жерде баса мән беретін жағдай: 2005 жылғы Азия, 2006 жылғы әлем чемпионаттарынан кейін  қазақ күресінде үлкен сілкініс пайда болды. Бұрын тек республикалық, халықаралық жарыстармен шектеліп келген балуандар мен мамандарға ендігі жерде   құрылық және әлем біріншілігіне жол ашылды.  Біздің осы тәуекеліміз ұлттық күрестің жаңа деңгейге көтерілуіне әсер етті.

Иә, Арман Шораев 2011 жылы «Қазақстан барысы» коммерциялық жобасын қолға алғанда ұлттық күрестің өрісі мен насихаты біраз жерге барып қалған еді. Турасын айтсақ, «Қазақстан барысының» дуын қыздырып, беделін көтерген балуандар Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы талай жыл ұйымдастырған бәсекелерде шыңдалып шыққан жігіттер екенін жұрттың бәрі біледі.  Біз бірнеше жылдан бері шамамыз келгенше, төрт құрылықты аралап, ұлттық күрестен семинарлар, шеберлік сабақтарын, жарыстар ұйымдастырып келеміз. Ал Шораевтың федерациясы осындай дүниелерді жасап көрді ме екен? Қай елге барып, қазақ күресінің тарихын айтып, әдіс-айласын таныстырып, күртешесін таратыпты? Қазақстанның қай облысына күрес кілемін әперді екен? Қандай маманы біздің Марат Жахитов, Бақыт Жаңбырбаев, Нұрлыбек Ермағанбетов, Қуаныш Наханов, Ғалым Құлекешов, Рафаел Хабиров секілді халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарда ұлттық күресті насихаттап, семинарлар ұйымдастырып көріпті? Біздің мамандар шетелдердегі бәсекелер біткен бойда бірнеше күн сонда қалып шеберлік сабақтарын, жаттығу жиындарын өткізіп жүр. Бұл айтуға ғана оңай.

Иә, дайын балуандардың басын қосып, өкіметтің және демеушілердің мол ақшасына «Қазақстан барысын», «Еуразия барысын» және «Әлем барысын» өткізу аса қиын шаруа емес. Арман, әңгімені өзің бастадың, ендеше,  Қазақстан, Монғолия және Қытайдың бір ауданының басын қосып ашқан   «Халықаралық Қазақ күресі федерациясын» «Біріккен күрес әлемінің» ресми танымағаны бәріңіз үшін үлкен минус. Ал Монғолия мен Қытайдың құзырлы орындары өздерінде «Халықаралық Қазақ күресі федерациясының» филиалы бар екенін растағаны туралы құжаттарың бар ма?  Меніңше, ондай құжат қолдарыңда жоқ. Тағы айтарым, былтыр шөгеннен (ат үстіндегі поло) халықаралық турнирге келген 30-дан аса елдің күрестен хабары  жоқ  адамдарын  «Халықаралық Қазақ күресі федерациясына» тіркеп, «пәленбай елде филиалымыз бар» деп, жалаулатқан тірлігің көзі ашық, көкірегі ояу адамдарға қалай әсер ететінін терең ойлап көрдің бе?

Ал, сіздерге қосылуға қарсы болған себебім: екі федерация біріккен жағдайда ДҚК  федерациясының талай жылғы тарихы, мамандар мен спортшылардың көп жылғы еңбегі жоққа шығатын еді. Бұған сіздермен келіссөздер барысында көзім анық жетті.  Екіншіден мен Армандар тәрізді коммерциялық турнирмен шектелгім келмеді. Біздің федерацияның басты мақсаты – қазақ күресін дүние жүзіндегі ірі кешенді ойындарға енгізіп, сол арқылы бес құрылықта кең қанат жаюына күш салу. Сондықтан  біреуге сын айтпас бұрын кешегі және бүгінгі тарихқа, азаматтардың көп жылғы еңбегіне адами көзбен қараған дұрыс дер едім. Ал ұлттық күреске  кімнің қалай еңбек сіңіргенін халық өзі сараптап, әділ бағасын беретіні анық.

Серік ТӨКЕЕВ, Дүниежүзілік қазақ  күресі федерациясының бірінші вице-президенті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор.

Қазақтың аптал азаматы, спорттың шын жанашыры Серік Төкеев ағамыздың бойындағы тектілікке риза болып отырмын. Секең өзінің сөзімен, ісімен бəріне үлгі бола алатын азамат қой. Ол кісімен бірімізге аға, бірімізге іні болып сыйласып келе жатқан кезден бері осыны байқаймын.

Секеңнің мақаласынан да ірілікті көруге болады. Бұл материалда Серік аға осыған дейін газетке шыққан мақалаға бүкіл дəлелдерін келтіріп сауатты жауап берген екен. Серік Адамболсынұлына қаттырақ жауап жазуына болар еді. Бірақ, ол олай етпеді. Ұсақ-түйекке бармай, мәдениетті түрде əрбір сөзіне дəлелдермен жауап берді.

Мақала «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Əлем барысы», «Жас барыс», «Əскер барысы» сияқты төл күресімізді дамытып, насихатталуына барынша қызмет етіп жүрген əріптесіміз, қазақтың тағы бір айтулы азаматы Арман Шораевқа арналған. Секеңнің осы жазғандарының бəрімен келісемін. Өйткені, сол кісі бастаған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы 2002 жылдан бері төрткүл дүниенің төрт бұрышына төл күресіміздің туын тігіп келеді. 

Арекеңді азамат ретінде сыйлаймын. Ол қоғамда болып жатқан келеңсіз оқиғаларға үн қосып, азаматтық пікірін білдіріп жүрген ағаларымыздың бірі. Ал қазақ күресіне келгенде Арекеңе айналаңыздағы адамдардың ақылдарына, кеңестеріне бір сын көзбен қарап көріңізші деймін. Осы сөз — өз сөзім. Бұған Ареке, айып етпеңіз. Сіз де , Секең де , мен де, осында отырған бәріміз де бір қазақтың баласымыз. Ендеше, бір-бірімізге өкпе-реніш болмай, сыни пікірді ер жігітше, ер азаматша қабылдайық.

Дастан КЕНЖАЛИН

https://egemen.kz/article/164133-arman-shoraevqa-zhauap-qazaq-kuresin-sergeldenhge-salghan-biz-emes

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз