ӘЧ-18: 21-доданың 21 ерекшелігі

4

2018 жылы жұрт назарын аударатын спорт жарыстары аз емес. Соның ең негізгісі – футболдан әлем чемпионаты.

Биылғы 21-рет өтетін мундиальдің мынадай 21 ерекшелігі бар:

  1. Әлем чемпионаты тұңғыш рет Ресейде өткізіледі;
  2. Әлем чемпионаты тұңғыш рет Шығыс Еуропада өтеді;
  3. Әлем чемпионаты тұңғыш рет Еуропа мен Азияда – екі құрлықта қатар өтеді;
  4. Ресей – әлемдік доданы қабылдаушы рейтингі ең төмен ел (ФИФА рейтингіндегі қазіргі орны – 64);
  5. Әлем чемпионаты Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді;
  6. Әлем чемпионаты 2018 жылдың 14 маусымы мен 15 шілдесі аралығында өтеді;
  7. 11 қаланың 6-ында (Калининград, Волгоград, Нижний Новгород, Саранск, Самары, Сочи) премьер-лига командалары жоқ;
  8. Осы чемпионатқа орайластырып, Ресейде 7 стадион (Ростов, Волгоград, Калининград, Самара, Саранск, Санкт-Петербор, Нижний Новгород) жаңадан салынды, 2 стадион («Лужники» және Екатеринбург) қайта жөндеуден өтті, салынғанына 3-4 жыл ғана болған 3 стадион («Открытие», «Қазан-Арена» және «Фишт») қосылды;
  9. Ресей – мундиальді қабылдайтын он сегізінші ел. Бұған дейін тек Мексика, Франция, Италия, Бразилия екі рет әлем чемпионатын қабылдады. 2002 жылы әлем чемпионаты екі елде – Оңтүстік Корея мен Жапонияда өтті;
  10. 2018 жылғы әлем чемпионатына бұған дейін финалдық кезеңдерге шығып көрмеген екі құрама – Исландия мен Панама қатысады;
  11. Перу – 36 жыл үзілістен кейін (соңғы рет 1982 жылы қатысты), Египет – 28 жылдан кейін (1990), Марокко – 20 жылдан кейін (1998), Сауд Арабиясы 12 жылдан кейін (2006) әлем чемпионатына қатысады;
  12. Биылғы додаға әлем чемпионы атанған құрамалар ішінен Италия ғана қатыса алмайды. Италиялықтар 1958 жылдан кейін араға 60 жыл салып мундиаль жолдамасынан тыс қалды. Басқа чемпиондар – Уругвай, Бразилия, Германия, Англия, Аргентина, Франция, Испания құрамалары дода көрігін қыздырады;
  13. Бразилия – барлық әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан жалғыз құрама;
  14. 2018 жылғы әлем чемпионатының ресми бойтұмары – Забивака есімді қасқыр. Оны дизайнер студент Екатерина Бочарова жасап шығарды. Интернетте дауыс беру қорытындысы бойынша Забивака Жолбарыс пен Мысықты артта қалдырды;
  15. Ресейдегі додада тұңғыш рет бейнеқайталау пайдаланылады;
  16. Мундиальдің ашылу салтанаты мен финалдық матч «Лужники стадионында өткізіледі. Турнирдің беташар матчында Ресей мен Сауд Арабиясы кездеседі;
  17. ФИФА әлем чемпионатының сыйақы қорын молайтты. Енді чемпион құрама 50 млн АҚШ долларын иеленеді. 2014 жылғы чемпион 35 млн доллар алған еді. Биыл чемпионатқа қатысатын 32 құрамаға 582 млн доллар сыйақы бөлінген. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 476 млн еді;
  18. Жаңа талап бойынша, әлем чемпионаты кезінде қарсыласын нәсілдік тұрғыда жәбірлеген немесе шыдамдылық танытпаған оқиға болып жатса, төреші ойынды тоқтата тұруға, тіпті мүлде өткізбеуге де құқылы;
  19. Ойын кезінде де, ойыннан тыс уақытта да барлық командалардың футболшылары ВАДА аккредитациясынан өткен лабораторияға қажетті анализ тапсырады;
  20. Биылғы додада Бразилия топ жаратын болса, әлем чемпионы атағын 6-рет иеленеді. Ал Германия чемпион атағын сақтап қалса, Бразилияны қуып жетпек (5 рет);
  21. Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыруға 20 млрд долларға жуық ақша жұмсалды. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен мундиальдің шығынымен шамалас.

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз