Дәурен Жұмағазиев: Олимпиадаға 11 келі салмақ қуып бардым

6

 

– Дәурен, сұхбатты 2017 жылы желтоқсанда өткен Конфедерация кубогынан бастасақ. Жеті ай үзілістен кейін кілемге қайтып оралдыңыз. Шыны керек, мұны көп ешкім күтпеді. Бәрі «бапкерлікке бет бұрды» деп жүрді.

– Жалпы Конфедерация кубогы спортшылардың жыл қорытындысы десек те болады. Төрт спортты біріктіріп, бір аренада, бір уақытта өткізу өте керемет идея!  Сегіз айға жуық тіземнің жарақатынан кілемге шықпадым. Сол тұста ағайларыммен келісіп, футболдағыдай «ойыншы жаттықтырушы» мәртебесін алдым (күліп). Жарақаттан жазылған соң күніне екі уақыт жаттықтым. Ал күресте жеті-сегіз ай жаттықпай кілемге шықсаңыз, өте қиын болады. Конфедерация кубогындағы өзімнің өнеріме риза емеспін. Әлі де дұрыс қалыпқа келе алмағаным байқалды. Олқылықтардың орнын толтыру үшін еңбектеніп жатырмын.

– Конфедерация кубогының финалында шығысқазақстандық Бақытбек Тұрсыновпен кездесуің де көңіліңізден шықпады ма?

— Шығыс Қазақстан және Алматы облысының балуандары екінші рет Конфедерация кубогының финалында кездесті. Екі жыл қатарынан кез келген команда шыға бермейді ғой. Финалдық кездесуде бапкерлердің тактикасы болды, егер жалпы есеп 4:4 болып қалған жағдайда таза жеңіс, болмаса ұпайдың басымдығы әсер етеді. Жаттықтырушылар «10:0 есебімен жеңу керек, болмаса таза жеңіске жету керек» дегенді құлағыма құйды. Сол сөз санамда қатып қалғандай болды. Белдесу басталғанан бірден шабуылдадым. Бірінші кезеңді сәтті өткіздім де, екіншісінде иығымның сіңірін жыртып алдым. Соңғы бір-екі минутты иығымды қорғаумен өткіздім. Бастапқында алған ұпайларым жеңіске жеткілікті болды. Сол жарақатыма байланысты Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров турниріне қатыса алмадым.

– Жеті ай бапкер болып  жүрдім дедіңіз ғой, сол сәтте көзіңізге оттай басылған балуандар болды ма?

– Алматы облысы жалпы балуанға бай мекен ғой. Залда жүрген балуандарға білгенімді айттым, үйреттім, көмектестім, көрсеттім. 57 келіде Жандос Исмайылов есімді бауырымыз жақсы келе жатыр. Сол сияқты Қуаныш Омаров пен Рүстем Мырзағалиев сынды інілерімнен де үлкен үміт күтемін.

– Балуан үшін керекті үш қасиет қандай?

– Нәтиже көрсету үшін, біріншіден – күн тәртібін ұстану, «режимнен» шығып кетпеу, екіншіден – еңбекқорлық және үшіншіден –  намыс болу керек.

– 2011 жылы Ыстамбұлдағы әлем чемпионатының жартылай финалында 60 келіде пуэрто-риколық Франклин Гомеспен кездесудің соңғы сәтінде әдісті сіз жасайсыз, бірақ екі ұпайды қарсыласыңызға береді. Финалға Гомес шықты. Өкінетін сәттер бола ма?

– Сол уақыттағы ережеге сәйкес ұпай берілген шығар. Оған өкінбеймін. Өтті, кетті. Кейде осы белдесудің жазбасын қайта қараймын: өзім үшінші кезеңде тұрып қаламын да шабуыл жасамаймын. Ал бірінші кезеңнен бастап қарасаңыз, бір секунд қалғанда ұпай алып, сол аралықта ұпай беремін. Екінші кезеңде бес секунд қалғанда өзім қарсыласымды ту сыртыма шығарып алып, абырой болғанда, ұпай бермедім. Үшінші кезеңнің аяқталуына бес секунд қалғанда қарсыласым аяғыма өтті, сол сәтте «петон» деген әдіс бар, соған орайы келіп тұрды. «Істесем бе, істемесем бе?» деп екі-ұшты ой болды. «Тәуекел!» деп қысып ұстап тұрған жерімнен лақтырдым. Егер ол жерде төрешілер 2:2, 2:1 ұпай бергенде, тіпті ұпайды қалай берсе де жеңіс менікі еді.

– Қола медаль үшін кездесуде грузин балуаны Малхаз Заруканы айқын басымдықпен жеңдіңіз. Бұл Мәулен Мамыровтан кейін араға 14 жыл салып әлем чемпионатынан қазақ баласының алған жүлдесі есебінде тарихқа жазылды. Осы кездесуге кеңінен тоқталып өтіңізші.

– Бұл кездесу де үш кезеңге созылды. Біріншісінде қарсыластың аяғын алып тұрып, жіберіп қойдым. Екінші кезеңде екі шабуыл жасап, 2:0 есебімен алға шықтым, ал үшінші кезеңде екеуміздің де шаршағанымыз білініп, бір-бірімізді күтіп жүрдік. Бұл турнирдегі алтыншы кездесуіміз болған соң, қатты шаршадық. Малхаздың күрес мәнерін осыған дейін Еуропа біріншілігінде көргенмін. «Келешекте қарсылас болып қалады-ау» деп қадағаладым. Сондықтан оның қалай өтетінін, қандай әдіс жасайтынын білетінмін. Жүгіріп екі аяққа өтіп кетеді. Мен соған дайындалып жүрдім, аяғыма кірді, мен кері лақтырадым да, таблоға қарасам, уақыт аяқталуға жақын қалыпты. Жеңіліп жатыр екенмін деп екі секунд қалғанда керісінше тағы лақтырдым. Үшінші кезең аяқталғанда есеп 5:0 болған, қарсы тарап келіспей, «челлендж» алды. Қайталау барысында әдісім таза болғаны дәлелденіп, тағы бір ұпай қосылды. Үшінші кезеңді 6:0 есебімен аяқтадым.

– Лондон олимпиадасының 1/8 финалында иран балуаны Масуд Есмайылпурдан жеңілдіңіз. Жалпы олимпиадаға дайындық қалай болды?

– Дайындық өте керемет болды. Тек салмағымды олимпиадаға дейін қатты өсіріп алдым. Сол кездегі таза салмағым 71 келі болды. Мен 60 келіде сынға түсуім керек. Яғни 11 келі салмақ қуып, соған күшімнің бәрін жұмсадым.

– Рио Олимпиадасы ше? Біздің Қазақстаннан 65 келіде ешкім қатыспады. Іріктеу турнирлерінде Саятбек Оқасов, Мейіржан Әшіров және өзіңізді есепке алғанда, жалпы үш мүмкіндікті беріп қойдыңыздар.

Қарасаңыз, 65 келі – әлем бойынша ең мықты балуандар шоғырланған салмақ дәрежесі. Бұйырмады. Кім жеңілгісі келеді, барлығы барын салды, қолдан келгенін істеді.

– Майк Тайсонның айтатыны бар: «Мен чемпион болып, жеңіске жеткенде достарым менің кім екенімді көрді, ал жеңіліп, уақыт езгісіне түсе бастағанда достарымның кім екенін көрдім» дейді. Сіз де осындай бір кезеңді өткізген сияқтысыз.

– Жалпы өмірдің өзі солай ғой. Кім жетістікке жетеді, оның қасында адамдар көп болады. Спортта да тура сондай. Жеңіске жетсеңіз, бәріне қажетсіз, жеңіле бастасаңыз, адамдар сирей береді. Жаныңызда шын жаны ашитын адамдар ғана қалады.

– Күрес өмірлік жолыңыз болғанына көңіліңіз тоғая ма?

— Керісінше, соны таңдағаныма қуанамын. Көп жақсылықтың бастауы болды, әлі де жемісін көріп келемін.

Сұхбаттасқан Серік ҚАНТАЙ

Жеңіс Ысқабайдың фотосы

Біздің анықтама: Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Шоқан ауылында 1989 жылы 19 шілдеде күні дүниеге келген. Күреспен бес жасынан айналысады. Алғашқы бапкері – Ғалымбек Жорабеков. Жеке бапкері – Руслан Өмірәлиев. Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің және Алматыдағы Қаркен Ахметов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың, Қазақ туризм академиясының түлегі.  Әкесі Нұрдәулет Мұхамеджанов пен анасы Анархан Үмбетәлина екі бала тәрбиелеп өсірді. Сымбат есімді қарындасы бар.

Еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері (2011), Азия чемпионы (2011), Азия ойындарының қола жүлдегері (2010).

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз