Ескі сүрлеу — жаңа жол

9

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының жаңа маусымына әлі 1,5 айдан астам уақыт бар. Қазір командалар оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, құрам жасақтап, бапкер анықтап, қым-қуыт тіршілік кешіп жатыр. Дегенмен жыл сайын байқалатын үрдістер бұл жолы да тым жаңара қойған жоқ. Премьер-лигадағы 12 команданың дені ескі сүрлеуге түсіп алып тартып барады.

Бірінші сүрлеу – легионер-бапкерлер

Жыл санап премьер-лигадағы отандық бапкерлердің үлес салмағы азайып жатыр. Өткен жылы Вахид Масудов («Ақжайық») пен Ваит Талғаев («Тараз») ғана тізгін ұстады. Бюджеті шағын командалармен екеуі де сәтті жұмыс істеді. Алты ұпайын алып тастамағанда, Талғаевтың «Таразы» премьер-лигада тұрақтап қалу мәселесін шешетіні күмәнсіз еді.

Биыл жаңа маусымға В.Масудов («Атырау»), Д.Огай («Жетісу») және В.Никитенко («Тобыл») дайындалып жатыр. Былтырғымен салыстырғанда отандық мамандар саны біреуге көбейген. Бірақ бұрынғы бапкерлерімен келісімшарт ұзартпаған «Ордабасы» да, «Шахтер» де, «Ертіс» те, «Ақжайық» та, «Қызылжар» да шетелдік жаттықтырушыларға сенім артты. Енді болгарлар Г.Дерменжиев пен Н.Спасов – «Ордабасы» мен «Қызылжарды», украин В.Мазяр – «Ақжайықты», белорус В.Журавель – «Шахтерді», испан Х.Нус «Ертісті» биікке (әлде құрдымға) жетелейді. Ал «Ақтөбеде» (В.Муханов), «Астанада» (С.Стойлов), «Қайратта» (К.Алос), «Қайсарда» (С.Младенов) келімсек бапкерлер бұрыннан бар. Мына қызықты қараңыз, премьер-лигадағы 12 команданың төртеуін болгариялық мамандар жаттықтырады, яғни өзіміздің жаттықтырушылардан да көп.

Келгендердің бәрі С.Стойловтай нәтиже көрсетпесі және белгілі. Мысалы, өткен жылы «Атырау» – сербиялық З.Вулич пен ресейлік С.Павловқа,  «Оқжетпес» ресейлік В.Муханов пен украиналық В.Пасулькоға тізгінді кезек ұстатты. Ақыры көкшетаулықтар бірінші лигаға бірден жол тартты, ал атыраулықтар жас маман Қ.Қабдоловқа сенім артқан соң ғана шабысын түзеді.

Биыл да сол жағдай қайталанбасына кім кепіл? Ал Огай, Никитенко, Масудов сияқты қадау-қадау өз адамдарымыздың әр қадамына үңілеміз. Олар отандық бапкерлердің өзгелерден еш кем емес екенін дәлелдеуге тиіс.

Екінші сүрлеу – жыл сайын жаңа құрам

«Ордабасыдан» – 18, «Ақтөбеден» 17 футболшы кетті. «Атырау», «Ақжайық», «Жетісу» жаңарып жатыр. «Тобыл» мен «Ертіс» кемі 4-5 жаңа футболшы алмақ, бұрынғы 8-9 ойыншыны төрт тарапқа босатып қоя берді. «Астана» өткен маусымның соңында алғашқы трансферлерін жасап үлгерді. «Қайраттан» бас мергені мен орталық қорғаушылары кетті.

Байқағанымыз – бұрынғы әдет өзгере қойған жоқ. Қазақ футболының басты дерті жыл сайын жазылудың орнына, асқынып бара жатқандай көрінеді: жыл сайын премьер-лига командаларының тең жартысынан астамы құрамын кемі 80 пайызға жаңартады. Демек, жыл сайын бөлінетін қаржы жаңаша игеріледі, жаңа келісімшарттар жасауға жұмсалады. Ол шарттар жаңа футболшыларды екі-үш жылға бір-ақ байлап тастаса бір сәрі, бір жылға ғана жасалады да, маусым соңында командалардың аты ғана қалады. Мұндай жағдайда жергілікті жерде инфрақұрылымды дамыту, манеж салу, алаң жағдайын жақсарту, балалар мен жасөсөпірімдер футболына көп көңіл бөлу сияқты шаруалардың кейіндей беретіні, тіпті атқарылмайтыны түсінікті. Нәтижесінде, бұрынғы футболшылары ФИФА-ға жүгінген соң, «Атырау», «Тараз» сияқты қарызы көп командалар адал термен тапқан 6 ұпайынан бір-ақ айырылады. Биыл «Ақтөбе» сондай жағдайға тап болуы мүмкін.

Ендеше, биыл да «Астана» мен «Қайрат» ә дегеннен құйрық үзе шауып, өзгелерге қара көрсетпей кетуі мүмкін. Өйткені олар құрамын нақты қажетті ойыншылармен ғана толықтырады, өзгелер секілді толайым сауда жасап, футболшыларды шеттен қорап-қорабымен әкелмейді. Өткен маусымда «Қайраттан» кейінгі орынға жайғасып, қола медаль алған «Ордабасы» екі көшбасшыдан 20 ұпай артта қалған-ды. Биыл осы айырмашылық көбейе түспесіне кім кепіл? 18 футболшысы кеткен шымкенттіктер жаңа құрамды әбден машықтандырғанша біраз уақыт қажет болады. «Ақтөбе» жаңа 15 футболшы алса да оңай болмақ емес.

Демек, биыл да «Астана» мен «Қайрат» 33 ойынның кемі 24-25-інде жеңіске жетіп, өзгелерден анағұрлым алда болады. Басқаша жаңалық көріп тұрғанымыз жоқ.

(«Ақжайық» ФК фотосы)

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз