Жасыл алаңдағы футболшының ғұмыры ұзақ емес. Оған бүгінгі оқиғалар дәлел. “Рома” әлі де алаңда ойнап жүр. Бірақ “Олимпиада стадионында” Тотти көрінбейді. Джеррард “Ливерпульдің” кіші командасын жаттықтырып жүр. Кейде “Энфилд” трибуналарынан байқап қаламыз. Лэмпард “Челсидің” тірі аңызы. “Стэмфорд Бридж” әрдайым сүйікті сегіздігін сағынады. Жақында ғана Рики өз мансабын аяқтады. “Миланның” даңқты футболшысы мансабының нүктесін “Орландо Ситиде” қойды.

Аталған ойыншылар шебер футболшы болатын. Арасында елден ерек сиқыршы бар еді. 17-қаңтар күні жасыл алаң сиқыршысы мансабын аяқтады. Роналдиньо “Керетаро” (2014-2015), “Атлетико Минейро” (2012-2014), “Фламенго” (2011-2012), “Милан” (2008-2001), “Барселона”, “ПСЖ” (2001-2003) , “Гремио” (1998-2001) сынды клубтарда өнер көрсетті.

2002 жылы Бразилия құрамасымен әлем чемпионатын жеңіп алды. Корея мен Жапония бірігіп ұйымдастырған додада Роналдиньо  жұлдыздай жарқ етеді. Роналдо Ривалдо Роналдиньо үштігі Германияға мүмкіндік бермейді. “Иокогама” стадионында Бразилия тарихында бесінші мәрте чемпион болады.

Роналдиньо кәсіби мансабында соңғы рет 2015 жылы “Флуминенсе” (2015) сапында матч өткізеді. Кез-келген спортшының дәуірлеу кезеңі бар деп есептесек, Роналдиньо мансабының шарықтау шегі “Барселона” сапында өтті.

Роналдиньо “Барса” қатарында 2003-2008 жылдар аралығында ойнады. “Барселонамен” бірге Чемпиондар Лигасын жеңіп алды. 2004 жылы ФИФА тарапынан “Жыл ойыншысы” атанды. 2005 жылы “Алтын доп” иегері болды.

Роналдиньоны “Барселонаға” клуб президенті Жоан Лапорта алып келді. Алғашында клуб басшылығы Дэвид Бекхэмді сатып алғысы келген. Алайда “Барселонаны” мұнан да күшті ойыншы күтіп тұрған еді. Осылайша Роналдиньо “Барса” сапын 2003 жылы толықтырды. Ауысым құны – 32,25 млн. еуро. Клуб сапындағы алғашқы жолдастық кездесуін “Миланға” қарсы өткізіп, гол соғады. Ресми кездесуін “Атлетик Бильбаоға” қарсы өткізеді. Ресми кездесулеріндегі алғашқы голын “Севилья” қақпасына соғады.

“Барселонадағы” 2005-2006 жылғы маусым Роналдиньо үшін ертегідей өтті. 2005 жыл 19-қараша “Барселона” жанкүйерлерінің мәңгі есінде қалады. “Реал Мадрид” алаңында “Барселона” 0-2 есебімен жеңіске жетеді. Қос голдың авторы – Роналдиньо. Ойын соңында Райкард Роналдиньоны алмастырады.”Барсаның” даңқты ондығын күллі “Сантьяго-Бернабеу” орнынан тұрып шығарып салады. Бұл қарсыластың да Роналдиньо шеберлігі алдындағы құрметі еді.

Аталған маусымда “Барселона” Чемпиондар Лигасында да сәтті өнер көрсетеді. Финалда “Арсеналды” тізе бүктіріп, айқұлақты трофейдің иегері атанады. Роналдиньо турнирдің ең үздік ойыншысы деп танылады (7 гол, 4 голдық пас). Испания біріншілігінде жеңіске жетіп, “чемпионаттағы үздік шетел футболшысы” деген атаққа ие болады.

Роналдиньо 2007-2008 жылғы маусымнан соң “Барселонадан” кетеді. Клуб сапында Испания чемпионатында 145 ойын өткізіп, 72 гол соғады. Еурокубоктерде 28 матч өткізіп, 10 гол соғады.

37 жастағы  шаубылшы мансабында ел чемпионаттарында барлығы 334 ойын өткізеді. Еурододаларда 80 ойында алаңға шығады. Бразилия құрамасында 97 ойын өткізіп, 33 гол соқты.

Ойыншы мансабының соңғы жылдарын мини футболға арнады. 2016-2017 жылдары Үндістанның “Гоа” мен “Дели айдаһарлары” сапында 10 матч өткізіп, 21 гол соқты. 2018 жылы Ресейде өтетін Әлем Чемпионатына құрметті қонақ ретінде шақырту алды. Қазіргі таңда “Барселонаның” әлемдік елшісі. Сонымен қатар “Барселонаның” аңыздар құрамасының үздік ондығы.

Роналдиньо әлем футболы тарихындағы ерекше құбылыс. Футболшының ойнау мәнері бүгінгі күнге аңыз боп жеткен. Алаңда жасаған сиқырлары жанкүйер жадындағы ерекше естелік. Бразилиялық бірнеше клубта өнер көрсетсе де, ойыншы “Барселонаның” аңызға айналған ондығы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз