Апталық футбол қызықтары

24
Сурет Livesport-тан алынды

Әлем футболындағы ТОП-5 чемпионат клубтары тізбектегі екінші айналымды бастады. Бундеслига мен А Сериясы жаңа жылдан кейінгі матчтарын енді  ғана өткізсе, Ла Лига, АПЛ, Лига 1 19-турды артқа қалдырды. Апталық футболдағы қызықты жайттар төменде.

Бундеслига

13-қаңтар күні Бундеслигада 18-тур ойындары өтті. “Бавария” “Байер” алаңында жеңіске жетсе (1:3), “Айнтрахт” өз алаңында “Фрайбургпен” тең түсті (1:1). “Вердер” мен “Хоффенхайм” (1:1), “Боруссия” мен “Вольфсбург” (0:0) өзара ұпай бөлісті. “Штутгарт” “Гертаны”, “Аугсбург” “Гамбургты” минималды есеппен жеңді (1:0). “Кельн” “Боруссия М-ге” (2:1), “Лейпциг” “Шалькеге” (3:1), “Ганновер” “Майнцқа” (3:2) мүмкіндік бермеді.

Лига 1

Франция лигасының 20-турында “Генгам” сырт алаңда “Страсбурдан” басым түсті (2:0). “Ренн” “Марсельден” жеңілсе (0:3), “Дижон” мен “Мец” өзара ұпай бөлісті (1:1). “Бордо” “Труаны” (1:0), “Ницца” “Амьенді”, “Лилль” “Канды” жеңді. “Монпелье” мен “Монако” (0:0), “Лион” мен “Анже” тең ойнады. “Сент-Этьен” “Тлузаны” жеңсе, “Пари Сен-Жермен” сырт алаңда “Нанттан” басым түсті (1:0).

Лига 1 төрешілері қызыл қағаз көрсетуден көш бастап тұр. Бір ғана 20-турда 5 ойыншы алаңнан қуылған. А Сериясында 2 ойыншы, Ла Лига мен АПЛ-де 1 футболшыға қызыл қағаз көтерген.

Чемпионаттағы қызық “Нант” пен “ПСЖ” арасындағы ойында болды. Төреші ойынның 90-минутында “Нант” ойыншысының аяғына шалынып құлайды. Орнынан тұра бергенде төреші футболшының аяғынан тебеді. Мұнымен қоймай Тони Шапрон  ойыншыға сары қағаз көрсетеді. Осыған дейін сары қағазы бар Диего Карлос алаңнан қуылады.

А Сериясы

1898 жылы негізі қаланған лига 20-тур ойындарын өткізді. Италия чемпионаты аптасындағы ірі есеп СПАЛ мен “Лацио” арасындағы ойында тіркелді (2:5). “Кьево” мен “Удинезе” (1:1), “Фиорентина” мен  “Интер” тең ойнады.”Торино” “Болоньяны” (3:0), “Беневенто” “Сампдорияны” (3:2) жеңді. “Наполи” “Веронадан”, “Дженоа” “Сассуолодан” (1:0) басым түсті. “Милан” “Кротонені” жеңсе, “Аталанта” “Рома” алаңында (2:1), “Ювентус” “Кальяри” алаңында (1:0) айласын асырды.

Англия премьер-лигасы

Жанкүйерлер нұсқасы бойынша үздік лига санатындағы АПЛ-дің 23-туры да қызыққа толы болды. “Кристал Пэлас” “Бернлиді” жеңсе, “Челси” өз алаңында “Лестермен” тең ойнады. “Эвертон” қонақта “Тоттенхэмнен” 4:0 есебімен жеңіліп қалды. “Арсенал” “Борнмутқа” (1:2), “Брайтон” “Вест Бромвичке” (0:2) жол берді. “Ньюкасл” “Суонси Ситимен”, “Уотфорд” “Саутгемптонмен” тең тарқасты. “Ливерпуль” өз алаңында “Манчестер Ситиді” 4:3 есебімен жеңді. “Манчестер Юнайтед” “Сток Ситиге” мүмкіндік бермеді.

Харри Кейн осы аптада өз атын “Тоттенхэм” тарихына жазды. Кейн “Тоттенхэмнің” АПЛ тарихындағы үздік сұрмергені атанды. Тедди Шерингем (97) рекордын “Эвертонға” қарсы матчта бұзды. Аталған ойында дубль жасап 198 ойында 98 гол соқты.

Юрген Клопп АПЛ-дегі Гвардиола мәшинесін тоқтатты. “Манчестер Сити” 30 ойын бойы жеңілмей келе жатқан еді. Көктер “Энфилдте” 4:3 есебімен жеңіліп қалды. “Манчестер Сити” 2008 жылдан бері “Ливерпуль” алаңында жеңіске жеткен емес. Қызығы, “МанСити” форварды Агуэро “Энфилдте” гол соқпаған.

Ла Лига

Ла Лиганың 19-туры да көрерменге қуаныш сыйлады. “Хетафе”  “Малаганы”  жеңсе, (1:0), лиганың жаңалығы “Жирона” “Лас-Пальмасты” ойсырата жеңді (6:0). “Реад Мадрид” өз алаңында “Вильярреалдан” жеңілсе, “Атлетико” қонақта “Эйбардан” басым түсті (1:0). “Валенсия” сырт алаңда “Депортивоны”, “Сельта” “Левантені” жеңді. “Алавес” өз алаңында “Севильяны” жеңсе, “Эспаньол” мен “Атлетик” тең тарқасты. “Барселона” “Реал Сосьедадпен” ойында тамаша камбэк жасады (4:2). “Реал Бетис” “Леганестен” басым түсті (3-2).

Лео Месси 19-турда кезекті рекордын жаңартты. ТОП-5 лига ішінде  бір клубта ең көп гол соққандардың көшін бастады. Аталған рекорд осыған дейін 365 гол соққан бұрынғы “Бавария” ойыншысы Герд Мюллерге тиесілі болған. Месси “Реал Сосьедад” қақпасына стандарттан тамаша гол соғып, Мюллер рекордын бұзды. 10 нөмірлі ойыншы Испания чемпионатында 401 ойында 366 гол соқты.

“Реал Мадрид” құлдырау кезеңін бастан кешіруде. Зиданның шәкірттері өз алаңында “Вильярреалдан” жеңіліп қалды. “Вильярреал” 1998 жылдан бері “Сантьяго-Бернабеуде” жеңіске жетпеген еді. Хавьер Кальеха шәкірттері үшін бұл ерлікпен пара-пар.

“Барселона” Ла Лигадағы “Аноэта қарғысына” нүкте қойды. Каталондықтар 2007 жылдан бері “Реал Сосьедад” алаңында жеңіс туын желбірете алмады. 19-турдағы ойында Вальверде ойыншылары 2:0 есебімен жеңіліп жатып, 2:4 есебімен жеңісті қолдан жұлып алды.

“Манчестер Сити” “Ливерпульдан” жеңілгеннен кейін “Барселона” ТОП-5 лига арасында қазірге жеңілмеділғыз клуб. Блауграналар 29 ойын бойы жеңілмей келе жатыр.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз