ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ҚЫР АСТЫНДА

80

XXIII қысқы Олимпиада ойындарының басталуына да бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Нақтырақ айтар болсақ, байрақты бәсеке 2018 жылы 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтеді. 4 жылда бір рет алауы тұтанып, жалауы желбірейтін Олимпиада ойындары әлемдік спорттың ең биік шыңы саналатынын барша спортсүйер жанкүйерлері жақсы біледі. Дүбірлі дода спортшылар үшін өз деңгейлерін анықтап, қарым-қабілеттерін көрсететін үлкен сынақ іспетті. Әрине, біздің ел бұл жарыста басты фаворит саналмаса да жоғарғы нәтиже көрсетуге барынша күш салмақ. Бұған дейінгі жеткен жетістікті, көрсеткішті жақсарту Қазақстан құрамасының басты міндеттерінің бірі. Ал Норвегия, АҚШ, Финляндия, Канада, Германия, Польша, Швеция сынды қысқы спорт ойындары қарқынды дамыған мемлекеттер алғашқы үштікке таласатын үздік құрамалар екені сөзсіз. Жарыс қожайындары Оңтүстік Корея да жоғарғы орыннан көрінуді мақсат тұтып отыр. Қалай десе де, байрақты бәсекенің бәсін арттырып, көрігін қыздырар спортшылар ел намысы сынға түсер шешуші сәтте аянып қалмасы анық.   

Олимпиадаға әлемнің 80 елінен 5000-ға жуық спортшылар мен ресми тұлғалар қатысады деп ­жоспарлануда. Барлығы 15 спорт түрінен 102 ­медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстанның спорттық делегациясы 9 спорт түрінен сынға түседі. Олар: биатлон, мәнерлеп сырғанау, тау шаңғысы жарысы, шорт-трек, конькимен сырғанау, шана спорты, шаңғы тебу, трамплиннен шаңғымен секіру, фристайл (акробатика, могул). Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы 23 олимпиадалық лицензияға ие: биатлон – 10, мәнерлеп сырғанау – 3, шорт-трек – 10. Лицензия алу 2018 жылдың 20 қаңтарына дейін жалғасады. Бұл көрсеткіш Олимпия ойындарына дейін әлі де өсуі мүмкін.
Бұл олимпиаданың өзге олимпиадалардан бір ерекшелігі қаладағы спорттық нысандар бір-біріне өте жақын орналасқан. Бұл тарихтағы ең ықшам қысқы ойындар. Пхёнчхандағы Олимпиада Сочидегі тұжырымдамаға сәйкес ұйымдастырылады: жарыстар тау және жағалау кластерлерінде өтеді. Пхёнчханда Олимпиада ойындарының жүрегі болатын орталық алаңнан кез келген басқа нысанға жарты сағат ішінде баруға болады. Ал олимпиадашылар Альпенсия, Енпхен, Феникс-Парк тау-шаңғы курорттарындағы және Каннын қаласындағы қонақүйлерге жайғасады. Тау кластері шаңғы спорты, биатлон, бобслей, шанамен сырғанау және скелетоннан өтетін жарыстарды қабылдайды. Бұдан бөлек Олимпиада – 2018-дің ашылу және жабылу салтанаттары өтетін олимпиадалық стадион да осында орналасқан. Жағадағы кластерде хоккей турнирлері, конькимен жүгіру, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау мен керлинг ұйымдастырылады.Алдағы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының екі негізгі маскоттары – Сухоран деп аталатын Ақ жолбарыс және Бандаби қара аюы. Олар «Pyeongchang-2018» ұйымдас­тырушылары комитеті сәттілік әкеледі деп үміттенеді.
Бұған дейін 7 500 алаушы Олимпиада алауын тоғыз Оңтүстік Корея провинциясына және сегіз ірі қалаға жеткізеді. Олимпиада алауының дизайны мен мыңдаған шамдарды жергілікті таны­мал мүсінші және сәулетші Ким Юн Се әзірлеген.
Олимпиада алауы эстафетасы дәстүр бойынша Грекияда 2017 жылы 24 қазанда өтті. Алғашқы алаушы грек шаңғышы Апостолос Ангелис болды. Грекиядан шыққан алауды «Манчестер Юнайтед» ағылшын клубының бұрынғы футболшысы және оңтүстік кореялық Пак Джи-Сунг командасы бірден қабылдады. Грекия аумағында эстафета жеті күн, ал 31 қазанда Афинадағы «Панатинаикос» стадионында Олимпиада алауы 2018 жылдың 9 ақпанында Пхёнчхан қаласында өтетін Ойындардың ұйымдастыру комитетінің өкілдеріне тапсырылады.
Оңтүстік Кореяның аумағында эстафета 1 қарашада басталды – ойындар ашылғанға 100 күн қалғанда жеткізілді. 7 500 алаушы қатысатын эстафеталық эстафета 2018 шақырымға созылып, Оңтүстік Кореяның 17 қаласы мен провинцияларынан өтеді.
Бас бапкерлер мен жаттықтыру­шылар ­қа­зақ­­стандық спортшыларға үлкен үміт артып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында спортшылардың дайындықтары туралы айтып, қазіргі таңдағы басты мақсат – Олимпиада ойындарында табандылық танытып жүлдеге іліну керектігін де тілге тиек етті. Коньки тебу спортынан Қазақстан Республикасының бас бапкері Вадим Саютин алдағы уақытта команда жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенімді.
– Қазір қысқы спорт түрлерінен спортшыларымыз қандай күйде екенін жақсы түсінемін. Олимпиада ойындарының басталуына 30 күн қалғанда ең қызу кезең басталады. Сондықтан қысқы спорт түрлерінен ұлттық құраманың мүшелеріне сәттілік тілеймін. Міндетті түрде біздің спортшыларға жанкүйер боламыз, қолдау білдіреміз, — дейді Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметов.
«Олимпиада ойындары кез келген спорт­шының ғұмырындағы ең басты спорт жарысы. Сондықтан олар сол ойындарға ерекше дайындалады. Қазір басты мақсат – Оңтүстік Кореяда өтетін Олимпиадаға іріктеліп жолдама алу. Ал олимпиадалық ойындарда жақсы нәтиже көрсету үшін біз барымызды саламыз» дейді қазақстандық конькиші Денис Кузин.
Танымал «Gracenote» статистикалық агентігі 2018 жылы Пхёнчханда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына болжам жасады. Статистикалық агенттіктің сараптауы бойынша Оңтүстік Корея жерінде норвег спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын алады екен. Агенттік сарапшылары Скандинавия түбегінің өкілдері бұл додада 15 алтын, 11 күміс, 14 қола медаль еншілейді деп топшылады. Сондай-ақ алғашқы үштікке Германия (13 алтын, 11 күміс, 10 қола) мен АҚШ (10 алтын, 11 күміс, 11 қола) құрамалары енеді деп болжаған. 2018 жылғы қысқы Олимпиада Франция құрамасы үшін табысты болмақ. Сарапшылар француз құрамасының жетістігін Мартен ­Фуркад (биатлон) пен Мари Дорен-Абер (биатлон) есімімен байланыстырып отыр.
«Gracenote» статистикалық агентігі 2018 жылғы Олимпиадада 29 елдің спортшылары жүлдегерлер қатарынан көрінеді деп топшылауда (соңғы үш Олимпиадада тек 26 елдің спортшылары жүлдегер атанған). Ал бұл қатарда Қазақстан құрамасы жоқ. Сондай-ақ Сочи Олимпиадасында жүлде алған Хорватия мен Украина елдері де жүлдесіз қалады деп болжанған.
Ал біздің болжамымыз, сенім артқан саңлақта­рымыз XXIII қысқы Олимпиада ойындарында кемінде 4-5 жүлдеге қол жеткізуі әбден мүмкін. Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен мен Элизабет Тұрсынбаеваға үміт артамыз. Ел мақтаған Айза Имамбек те жүлдеге талас үшін барын салары анық. Шорт-тректен ерлер арасында Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Ажғалиев, Денис Никиша және қыздар арасында Йонг Ким, Анастасия ­Крестовалар да ел қоржынына олжа салар талантты спортшылар. Бағы мен бабы келіссе ел мерейін асқақтатар саңлақтарымыз көп-ақ. ­Екатерина Айдова мен Роман Креч те біз үшін үздік спортшылар қатарында. Олардың әлемдік додада атой салып жүргенін талай мәрте көзіміз көрген. Дегенмен, олимпиаданың орны бір бөлек. Өзге жарыстардан бәсі жоғары бұл үлкен сынақта осал қарсылас жоқ екендігі белгілі. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран спортшылар өз елінің абыройы үшін жарыс жолында барын салары санық.
«Жүйріктен жүйрік озар жарыс­қанда, Алыпты алып жығар алысқанда» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек-ті. Байрақты бәсеке алдында ел намысын қорғайтын саңлақтарымызға сәттілік тілейміз!

Оқырмандар үшін  маңызды он дерек
* Ең алғашқы қысқы Олимпиада ойындары 1924 жылы Францияның Шамони қаласында бастау алды. Алғаш рет ұйымдастырылған додаға әлемнің 16 елінен 280 спортшы қатысты. Қазіргі уақытқа дейін қысқы олимпиада ойындарының алауы 22 рет тұтанды. 
* Қазақстан Қысқы Олимпиада ойындарына жеке команда ретінде тұңғыш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен олимпиадада бақ сынады. Жарысқа әлемнің 69 елінен 1739 спортшы қатысқан болатын. Атақты шаңғышы Владимир Смирнов Қазақстан қатысқан алғашқы олимпиада ойындарында 1 алтын, 2 күміс жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте еліміз 12 орынға орналасты. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық құрама командамыз 7 Олимпиада медалін жеңіп алды. Оның ішінде 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль бар. 
* 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити және 2006 жылы Италияның Турин қалаларында өткен қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшыларға жүлде бұйырмаған. 
* 2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын 52 спортшы қорғады. Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жекелей бәсекеде Денис Тен қос бағдарламада 255,1 ұпай жинап, Қазақстан қоржынына қола жүлде салды. Осылайша 2014 жылы Қазақстан жалпыкомандалық есепте 26 орынды иеленді. 
* Солтүстік Корея мемлекеті де бұл жарысқа қатысуға ниетті. Қысқы олимпиада ойындарында бұл елдің намысын екі спортшы қорғайды. Олар: мәнерлеп сырғанаушылар Рём Тэ Ок және Ким Чжу Сик.
* Алдағы қысқы олимпиада ойындарына Ауған спортшылары тұңғыш рет қатыспақшы. Ауғанстан Олимпиада комитетінің өкілі хабарлағандай, тау шыңғысы бойынша Саид Әлішаһ Фарфанг пен Сайад Хұсейн бақ сынайды. Айта кетейік, Ауғанстан спортшылары Олимпиада ойындарына 13 рет қатысқан. Алайда олардың бәрі жаздық Олимпиада ойындары болатын. 
* Олимпиада ойындарының Азия құрлығында өткізілуінің өзі – сирек кездесетін жағдай. Осы күнге дейін мұндай мәртебеге екі мәрте тек Жапония мемлекеті ғана ие болды. 1972 жылы Саппоро қаласында алғашқы рет өткізілсе, 1998 жылы Наганода алауын жақты. 
* Канвон – екі елдің аумағында орналасқан провинция. Мұндай аумақ әлемде мүлде кездеспейді. Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея шекарасы осы провинция арқылы өтеді. Бұл – 1953 жылғы Корей соғысының нәтижесі. 
* Бастапқыда Скандинавия елдерінің өкілдері қысқы Олимпиадалық ойындар өткізуге және оны Олимпиадалық ойындар қатарына қосуға қарсылық білдірген. Бұл ел қысқы спорт түрлерін өздерінің ұлттық ойыны деп санайды. 
* Оңтүстік Кореяның бұрынғы азаматы Пхёнчханда өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстан намысын қорғайды. Ким Йонг А – Қазақстанның шорт-тректен әйелдер құрамасының спортшысы.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ —  Ана тілі газеті

Дереккөз Dodasport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз