Алматыда дәстүрлі доданың жалауы желбіреді

6

«Адам денесінің жетілуі  — оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болса, онда денді сауықтыру керек» — деп, денсаулықтың қадірі туралы ұлы шығыстың ойшылы  әл-Фараби асқан  білгірлікпен айтқан екен. Спорт оптимистік өмірмен, сергектік мәдениетін қалыпастыратын болса, осы бір қамшының сабындай қысқа уақытта, дене қимылын арттырып, қозғалысты күшейткенде ғана өмірге деген сүйіспеншілік арта түседі деп ойлаймыз.

Жуырда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Сауықтыру дене мәдениеті»  кафедрасының ұйымдастыруымен  тамаша бір денсаулықты жақсартуға  арналған дәстүрлі спартакиада басталды.

Негізі еліміздегі оқу ордалары  арасында  тұңғыш рет іргесі қаланған  киелі  қара шаңырақтың тарихы тереңде жатқанын  жақсы білеміз. Биыл айтулы білім ордасы өзінің  90 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Сондықтан да университет ұжымы мерейтой алдындағы ізгілікті шараларды бастап та кетті. Соның бірі – оқу орнының спорт саласына арналған жарыстары. 9 – 12 қаңтар аралығында «Денсаулық-2018» атты дәстүрлі спартакиада салтанатты түрде жалауын көтерді. Бұл спорт шарасының денсаулыққа пайдасы зор. Әрине, үлкен спортта жүрмегендіктен анда-санда осындай сайыстарға қызу кірісіп кеткен жандарға ауыр тиері де сөзсіз. Тіпті, жарақат алып қалуы да мүмкін. Мысалы, жастар атқа шауып, спорттың бірнеше түрімен белсене айналысса, орта жастан асқан егде адамдар үшін жаяу жүріп, аздап жүгіргеннің өзі денсаулығына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Атақты классик жазушы Ғабит Мүсірепов «Дұрыс жолға қойылған денешынықтыру ойындары оқу- білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе» — деген екен. Сондықтан да  спорттың жалпы адамның денсаулығының шыңдала түсуіне берер пайдасы шексіз.

Университеттің ішіндегі профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлер  өзара мықтыны анықтау үшін сын алаңдарында өнер көрсетеді.  Спорттың  футзал, үстел теннисі, арқан тарту,  шахмат және волейбол, коньки және шаңғымен сырғанау секілді түрлерінен өтетін тартысты жарыстар  денсаулық үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетсе, бір жағынан жеңіс үшін  жан аямай сынға түсуге мүмкіндік береді.

Жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры,  Тахир Оспанұлы  Балықбаев «Денсаулық-2018 Спартакиадасының білім саласында ұстаздық етіп жүрген оқытушылар үшін орны айырықша екендігін сөз етіп, саламатты өмір, спорт арқылы  ойы жүйрік, білімді, денсаулығы мықты қоғам жастарын тәрбиелеуге зор мүмкіндік беретіндігін айтып, жарысқа қатысушыларға жеңіс тіледі.

Дәстүрмен еліміздің әнұраны  ойналып, командалар жарыс алаңдарына  шығып, жеңіс үшін ойындарын бастап кетті.

Спартакиаданың Ауыспалы Кубогын команда болып жеңіп алу оңай шаруа емес. Сондықтан да ұстаздар қауымы бір қолдың саласындай ұжымдық нәтиже көрсетуге барын салып жатты.

Жарыстың жоғары деңгейде  ұйымдастырылуына    мұрындық болып үлесін қосқандардың бірі  — «Сауықтыру дене мәдениеті» кафедарасы меңгерушісі, профессор Амантай Қарақовпен кездесіп, айтулы шара туралы піркірін тыңдағанамызда: «Біздің Спартакиаданың жылдан жылға деңгейі көтеріліп келеді. Университет оқытушылары мен қызметкерлерінің спортқа деген құмарлығы арта түскенін көріп келеміз. Негізігі мақсат спорт арқылы жас студенттерге үлгі көрсетіп, саламатты өмір сүруге күш салу», — деп ойын ортаға салған еді.  Расымен де  жоғары оқу орындарында ұстаздар арасындағы  өтетін осындай тартысты сайыстар, жас студенттерге  үлкен үлгі екені даусыз.

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» — деген екен А.Шопенгауер. Ендеше сол бақытымызды денсаулығымыздан табу үшін, осындай  пайдасы шексіз спорт шараларын сыртай тамашаламай  белсене қатысып отырудың жөні бөлек емес пе. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу керектігіне кей кезде  мән бермей соңынан зардабын тартып жатамыз. Сол себепті осындай спорт шараларының жиі  ұйымдастырып тұрылуы, саламатты өмір сүруге жетелейтін берекелі шара деп білеміз.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

 АЛМАТЫ

 

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз