Премьер-лиганың қара маржандары

32
Сурет Sputnik Казахстан-нан алынды

Жақында ғана Еуропа лигасының плэй офф кезеңіне өткен «Астананың» айналасында әңгімелер көп. Құрамындағы үздік ойыншыларға көз сүзіп отырғандар жетерлік. Үздіктердің бірі шабуылшы Патрик Твумаси.

Ганалық шабуылшыға құда түсіп отырғандардың ішінде «Бурсаспор» белсенді. Алайда Твумасидің қалың малына келіспей, қабақ шытып тұрған жәйі бар. Негізінде елордалық клубтың атқа мінерлерінің сұрап отқан бағасы көп емес  (қазіргі трансферлік құнмен есептегенде).Соның өзінде түріктер «түсірсеңші» деп өтініп отыр.

Жалпы Твумаси Түркияға барғаннан не ұтады? Анадолыдағы ағайындардың супер лигасы біздің премьер лигадан супер екеніне дау жоқ.

«Фенербахче», «Бешикташ» , «Галатасарай» сынды еурокубокта ойнайтын клубтар қызықса бір сәрі, супер лиганы бір мәрте түрік кубогын бір мәрте иеленген, Чемпиондар Лигасы қоя тұрып, Еуропа Лигасының топтық кезеңінде доп теппеген клубқа неге бүйрегі бұрып тұрғаны түсініксіз. «Астана» сапында еурододаларда армансыз атой салып жүрген Патриктің патша көңіліне не кірбің түсті екен?

Бұдан өзге «Астананың» Конгалық легионері Кабанганыңда жүгін жинастырып, кетуге ыңғайланып жатыр деген сыбыстар шыққан еді. Бірақ мансабын қайда жалғастыратыны белгісіз. Өзі де жақ ашып, ештеңе айтқысы жоқ. Кабананганы қармаққа түсіреміз деп отырғандардың ішінде Қытай және БАӘ-нің клубтары бар көрінеді. Ұзын құлақтың айтуынша Кабанангаға Италияның А сериясында ойнайтын «Кротонеде» дәмелі  көрінеді. Қытайға немесе БАӘ футболшылардың не үшін ауысатыны түсінікті. Қаржылай жағына келгенде оларға бірінші нұсқа тиімді. Бірақ олардың еуропаның алдыңғы қатарлы лигаларында ойнағаны бізге тиімді. Бұл біздің премьер лиганың абыройына да әсер етеді. ҚПЛ-дан Еуропаның үздік лигаларына ауысуға һәм ойнап кетуге болатынының дәлелі емес пе?! «Астананың» сапында доп тепкен Максимовичті білесіздер ме? Жазғы Трансферлік ауысым кезінде «Валенсияның» қатарын толықтырған еді. Міне сол Максимович кеше «Лас-Пальмасқа» қарсы ойында алғашқы голын соқты. Ал, турнирлік кестеде «Валенсия» үздік үштікті қорытындылап тұр. Бұлда болса қарт құрлықтың скауттарының назарын бізге аудартады.

Әңгіменің басын Патриктан бастадық қой, Патрикпен аяқтайық. Тағы бір сыбыс Твумасиге Францияның 1-Лигасында ойнайтын «Кан» қызығып отыр екен. Ганалық жартылай қорғаушының әуелгі құны 3 млн еуро болса, «Кан» 5 млн еуроға дейін қаражатты ұсынуға дайын көрінеді. Түрік клубы Ганалықты өз қатарында көргісі келсе, шындап тер төгу керек. Бұл жәй ғана сыбыс. Осы арада жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды деген мақалды қыстыра кетуіміз заңды.

Твумаси мен Кабанангаға артар өкпе жоқ. Олардан еш жаманшылық көрмедік. «Астананы» қолтықтап жүріп Еуро додада одан қалды  премьер лигада сүйреуін ақ сүйреді. Төрт мәрте чемпиондыққа да қосқан үлесі зор. Әгәраки қауесет ақиқат болып, кетіп жатар болса қара маржандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз