Теңбіл доптан директорлыққа дейін

37
Сурет Kazfootball-дан алынды

Қазақстан чемпионаты тарихындағы ең үздік ойыншы бұрынғы командасына қайта оралды. Бұл жолы футболшы емес, клубтың бас директоры боп тағайындалды. Смақов мансабында 11 рет Қазақстан чемпионаты медальдарына ие болған. Ойыншы ретіндегі жарқын сәттері де “Ақтөбе” сапында өткен.

“Қайратта” қайрат жиғанмын

7 жасынан доп тепкен Смақов мансабының прологы “Елімай” футбол клубында басталды. 1997-1998 жылғы маусымды Семейлік клубта өткізген футболшы 1999 жылғы маусымда “Ертіс” қатарына қабылданады. Самат Смақов ел футболшыларының ішінде “шетел көргендердің” қатарынан. Алғаш рет 2000-2002 жылғы маусымды Ресейлік “Ростсельмаш” сапында өткізеді. Ресей жерінде біраз жыл доп тепкен соң “Жеңіс” пен “Елімай” клубына қайта оралады. 2004 жылғы маусымда алматылық “Қайратпен” үш жылдық келісім-шартқа қол қояды.

Орталық қорғаушы “Қайрат” қатарында келген жылы чемпион атанады. Самат Смақов 2004-2006 жылдар аралығында алматылық клубтың капитаны атанады. Команда сапында 91 ойын өткізіп, 15 гол соғады. 2004, 2005 жылдары Қазақстан футбол Кубогының финалына шығады. 2005 жылы ҚПЛ-дің қола жүлдегері атанса, 2006 жылы ойыны сұйылған “Қайрат” чемпионатта 7-орын алады. “Қайраттағы” 2 жыл Смақов үшін орташа деңгейде өтті.

О, Ақтөбе, сен көп жаса!

2007 жылдың көктемінде “Ақтөбе” өз қатарына Самат Смақовты қосады. Смақов аяғының құты ма әлде бапкердің біліктілігі ме “Ақтөбе” үш жыл қатарынан ел чемпионы болады (2007-2009). 2008жылы Қазақстан Кубогын, 2008 бен 2010 жылы Қазақстан Суперкубогын ұтып алады. 2010 жылы ҚПЛ-дің күміс, 2011-2012 жылдары қола жүлдегері атанады. Самат Смақов 2007-2012 жылдары “Ақтөбе” жанкүйерлерінің жұлдызына айналады. Клубтың жанкүйерлер қатары жылдан жылға көбейе түседі. “Ақтөбе” үшін 171 ойын өткізіп, 30 гол соғады. Ойыншы “Ақтөбедегі” естен кетпес жылдардан соң Түркиялық “Ризеспор” сапына ауысады.

Түркия, қазақ баласын қарсы ал! 

Смақов “Чайкур Ризеспор” сапына Давид Лориямен бірге келеді. Самат “Ризеспордағы” дебюттік матчын сәтті өткізеді. Клуб Түркияның бірінші дивизон турнирлік кестесінде 3-орынға көтеріледі. Жартылай қорғаушы “Газиентеп Беледие” алаңында голдық пас береді. Нәтижесінде “Ризеспор” 4:1 есебімен жеңіске жетеді.

“Чайкур Ризеспор” 5 жылдан бері  Суперлигаға оралуды армандап жүрген еді. Бапкер Мұстафа Дизенли Түркия жанкүйерлерінің арманын ақиқатқа айналдырады. Смақов “Ризеспор” сапында барлығы 18 ойын өткізіп, 2 голдық пас береді. Түркияның “Marka-Futbol” басылымы жыл қорытындысын жасағанда “Үздік қақпашы” деп Давид Лорияны, “Үздік жартылай қорғаушы” атағын Самат Смақов иеленеді.

Самат Смақовқа Түркияда Қазақстан Лигасындағыдай жағдай жасалмады. Алайда ойыншы сұхбаттарында: “Түркияға өзімді нағыз футболшы ретінде сезіну үшін бардым. Футболға деген махаббатымды сынап көргім келді. Сонымен қатар ол жақтан көп нәрсе үйренгім келді. Бапкер болу мен клуб инфоқұрылымын бақылағым келді. Үйренгенімді қазақ футболының ертеңіне арнаймын” – деген. Футболшы “Ризеспор” қатарындағы жылын мансабындағы ең биік баспалдаққа балайды.

Футболмен байланысты ғұмыр

Самат Түркиядан тікелей Алматыға ұшады. 2013-2014 жылғы маусымды “Қайрат” сапында өткізеді. 2015 жылғы маусымды “Ертісте” бастап, 2016 жылдың ақпан айында “Ақтөбесіне” қайта оралады. Ақтөбеде көп тұрмай 2017 жылғы маусымды “Ордабасы” қатарында аяқтайды. Шымкенттік клубта ҚПЛ-дегі 11-нші медаліне ие болады.

39 жастағы қорғаушы мансабында 19 маусым бойы доп тепті. Қазақстан чемпионатындағы 6 клубта  453 матч өткізіп, 67 гол соқты. Еурокубоктерде 42 ойында 8 гол соқты.

Самат Смақов – Қазақстан ұлттық құрамасында ең көп ойын өткізген футболшы. Көк жейдеде 76 рет алаңға шығып, қос гол соққан.

2018 жылдың 4 желтоқсанында Смақов спорттық мансабын аяқтағаны мәлім болды. Футболшы “Ақтөбеге” қайта оралатын болды. Бұл жолы ойыншы емес, Смақовтың позициясы өзгерген. Футболмен байланысты ғұмырының эпилогы бас директор қызметімен түйіседі.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз