Жыл қорытындысы – 2017

13
Сурет informburo.kz сайтынан алынды

2017 жыл Қазақстан спорты үшін сәтті жыл болды. Допинг дауы елді есенгіретсе, қысқы Универсиада-2017 ойындарын өткізу абыройымызды асқақтатты. Sportportal.kz оқырмандарына жыл қорытындысын ұсынады.

Футбол

Қазақстан құрамасы 2017 жылы жанкүйерлерін қуанта алмады.  Александр Бородюк бастаған жігіттер 2017 жылы 7 ойын өткізіп, тек бір матчта тең ойнаған. Ұлттық құрама ӘЧ-2018 іріктеу кезеңінде 1 ұпай жинап, Е тобында 4-орын алды. Құрама ФИФА рейтингісі бойынша 137-орында тұр.

Ұлттық құрама үмітті ақтамаса да, «Астана» айбарымызды асырды. Төрт жыл қатарынан ел чемпионы атанған клуб, енді Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнайтын болады. А тобынан 2-орынмен шығып, еурокөктемде Португалия жерінде матч өткізеді.

Sportportal нұсқасы бойынша жыл командасы – “Астана» клубы

Sportportal нұсқасы бойынша жыл бапкері – Станимир Стойлов («Астана»)

Sportportal нұсқасы бойынша жыл ойыншысы – Патрик Твумаси («Астана)

Sportportal нұсқасы бойынша жыл жартылай қорғаушысы – Серікжан Мужиков («Астана»)

Sportportal нұсқасы бойынша жыл қорғаушысы – Карлос Фонсека

Sportportal нұсқасы бойынша жыл қақпашысы – Ненад Эрич («Астана»)

Волейбол

Волейболдан әйелдер құрамасы 2007 жылдан бері әлемдік Гран-приларды жіберген емес. 2017 жылғы Гран-при ойындарында құрама 9 ойын өткізіп, 8 ойында жеңіліп, тек біреуінде жеңіске жетті. Жалпы есеп бойынша 24-орынға тұрақтады.

Волейболдан ерлер құрамасы үшін 2017 жыл сәтті өтті. 1993 жылдан бері Азия чемпионатын жібермей келе жатқан құрама, биыл Азияның вице-чемпиондары атанды. Қазақстан құрамасының Азия чемпинонатындағы ең үлкен жетістігі 2009 жылғы 5-орын еді. 2017 жылы құрама чемпионаттың күміс медаліне ие болды.

Sportportal нұсқасы бойынша жыл құрамасы – «Алтай»

Sportportal нұсқасы бойынша жыл бапкері –  Игорь Никольченко

Sportportal нұсқасы бойынша жыл ойыншысы (ер) – Роман Фартов («Павлодар»)

Sportportal нұсқасы бойынша жыл ойыншысы (әйел) – Сана Анарқұлова («Алтай)

Дзюдо

Дзюдодан Қазақстан құрамасы 2017 жылы «Grand Prix», «Grand Slam», Азия чемпионаты,  «European Open Men», Әлем Чемпионаты сынды бәсекелерге қатысты.

Дзюдодан тартысты кездесулер жылдың екінші жартысында басталды. Ұлттық құрама Будапеште өткен Әлем Чемпионатында 1 қола медальмен 16-орынға тұрақтады. Әлемнің 126 елінен 731 саңлақ бақ сынаған бәсекеге еліміздің атынан Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбайев, Галбадрах Отгонцэцэг т.б.  сияқты дзюдошылар барды.

26-28 мамыр күндері Гонконгта Азия Чемпионаты өтті. Чемпионатта Қазақстан намысын 18 спортшы қорғады. 73 келіге дейінгі салмақта Жансай Смағұлов қола медаль, 48 келгіге дейінгі салмақта Галбадрах Отгонцэцэг күміс медаль, 60 келгіге дейінгі салмақта Елдос Жұмақанов күміс медаль игері атанды.

6-8 қазан күндері Ташкент қаласында әлемнің 27 елінен 183 дзюдошы жиналды. Гран-при бәсекесінде 60 келі салмақта отандасымыз Абылайхан Шаратов қола медаль еншіледі. Жансай Смағұлов 73 келіге дейінгі салмақта Жансай Смағұлов алтынан алқа тақты. 78 келі салмақта өнер  көрсеткен Гүлжан Исанова күміс медаль алды. 57 келі салмақ дәрежесінде Севара Нишанбаева қола медальға ие болды.

Sportportal нұсқасы бойынша жыл дзюдошысы (ер) – Жансай Смағұлов

Sportportal нұсқасы бойынша жыл дзюдшысы (әйел) – Галбадрах Отгонцэцэг

Қазақша күрес

Қазақша күрес жыл сайын жаңа деңгейге көтеріліп келе жатыр. «Қазақстан Барысы», «Әлем Барысы», «Еуразия Барысы» сынды бәсекелер көпшіліктің сүйіктісіне айналып үлгерді.

Осымен жетінші рет өткізілген «Қазақстан Барысы-2017» турнирінде Еламан Ерғалиев жеңіске жетті. Турнирдің жүлде қоры  шамамен 35 миллион теңгені құрады.

8 қыркүйек күні Астанада «Әлем Барысы – 2017» турнирі өтті. Бәсекеге әлемнің 38 елінен 42 балуан қатысты. Турнирде ел намысын Айбек Нұғымаров, Ержан Шынкеев, Айбат Сейтен, Еламан Ерғалиев, Дәурен Нуралинов секілді балуандар қорғады. Айбек Нұғымаров турнирдің абсолютті чемпионы атанды.

Қатарынан 5-нші мәрте өткен «Еуразия Барысы – 2017» турниріне 8 мемлекеттен спортшылар қатысты. Жапония құрамасын жеңген Өзбекстан құрамасы турнирдің қола медаліне ие болды. Финалда Қазақстан құрамасы мен Қазақстан құрамасы-2 өзара мықтыны анықтады. Бұрын соңғы мұндайды көрмеген жанкүйерлер аңтарылып қалды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы турнир чемпиондары атанды. Жарыстың жүлде қоры шамамен 20 миллион теңге болды

Sportportal нұсқасы бойынша жыл балуаны – Айбек Нұғымаров

Sportportal нұсқасы бойынша жыл бәсекесі – «Еуразия Барысы – 2017»

Теннис

17 қыркүйек күні Жапонияның Токио қаласында өткен Women’s Open турнирінде Зарина Дияс топ жарды. 23 жастағы бойжеткеннің  WTA сериясындағы алғашқы жүлдесі. Зарина WTA рейтингісі бойынша 66-орында тұр. Тағы бір саңлағымыз Ярослава Шведова WTA рейтингісі бойынша 37-орынға тұрақтады. Михаил Кукушкин болса 74-орынды місе тұтты.

2017 жыл ел есінде Қазақстан спортшыларының жетістігімен қалады. Алматыда өткен 28-нші  Қысқы Универсиада – 2017 ойындарында 56 елден 1604 спортшы қатысты. Елбасымыз шымылдығын ашқан ойын спортшыларға сәттілік алып келді. Жалпы медаль саны бойынша Ресей құрамасы 1-орын алды (29 алтын, 27 күміс, 15 қола). Қазақстан құрамасы 36 медальмен екінші (11 алтын, 8 күміс, 17 қола), Оңтүстік Корея 21 медальмен 3-орынға (11 алтын, 5 күміс, 5 қола) қол жеткізді. Универсиада ойындарының арқасында “Алматы Арена”, “Халық Арена” сынды жаңа спорт кешендері ашылды. Болашақта ел чемпиондары аталған спорт сарайларында тәрбиеленетін болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз