Баянғали ӘЛІМЖАНОВ: Қазақ пен Қазанат

38

Қазақ пен Қазанат

Арғы атаң түрік пен ғұн, батыр сақ та,
Хандықтың жартысын берген тұлпар атқа,
Адамзат алты қырдан бір-ақ асты
Ең алғаш адам атқа қонған шақта,
Пырақты шырақ қылып түнек кезде
Тәңірім берген шығар біздің баққа!

Күлтегін Алып Шалшы арғымақпен
Сан ғасыр сеңгірінен орғып өткен.
Қобыланды Тайбуырылды тебініп қап
Қазанның қамалынан қарғып өткен.
Зынданнан суырып ап Алпамысты
Байшұбар жау заманын тар ғып өткен.
Шыдамай шабысына жер жарылып
Шалқұйрық Ер Төстікпен ағып өткен.
Абылай Бөкең берген Нарқызылмен
Шарыштың шойын басын қағып өткен.
Құйғытса Қубас атпен ер Қабанбай
Аумаған қауға тиген қалың өрттен.
Көсілтіп Кенесары Көкбуырылмен
Қазақты бодан қылмай, бар ғып өткен.
Сүліктей қаракермен Иманжүсіп
Бір өзі бір селоны дірілдеткен.
Құлагер серке санды, сері мінез
Сергітіп сар даланы дүрілдеткен.
Қанат қып қазанатты қазақ елі
Жалғасқан бергі бетпен, арғы бетпен.
Жарықтық бабаларым өз тарихын
Тұлпардың тұяғымен жазып өткен!!!

Кең дала жеңген талай жауыздықты,
Жеңгенін жаулары да аңыз ғыпты,
Тарихта ұлы өзгеріс болған екен
Атаң ойлап тапқанда ауыздықты.

Жалғанның талай-талай жұрты болған,
Кең дала көздерінің құрты болған.
Тұлпар ат түрік үшін танкі десек
Ауыздық басқаратын кілті болған,
Тұрғанда тізгін қолда,ерде тақым,
Кетпеген кең даланың құлпы қолдан.
Қазіргі тілмен айтсақ, ат – ракета,
Ауыздық – электрон пульті болған!

Табиғат жаратса да көп ғажапты,
Ежелден ынтықтырған ат қазақты.
Жылқының жұлдызға да атын беріп
Көкке ұшырған ақбоз ат, көк бөз атты!

Қазағым қазанатпен еркелескен,
Ежелгі шығар ма екен ертегі естен?
Жүрісі су жорғаның жанға жайлы
Кем бе еді «Джип» пенен «Мерседестен?!»

Қыз қуып, көкпар тартса дала тынбай,
Қазақтың қанына от толатындай.
Доп қуса ат үстінде, шөген ойнап,
Жұлдыздар жерге таяп ағатындай.
Тұлпарлар құйғытқанда дүрс-дүрс етіп,
Жүрегі кең даланың соғатындай.
Мұндайда қиқу салып, селт етпеген
Жігіттер қазақ болмай қалатындай.
Жым болып жауыздық та жол береді
Жүйріктің тізігініне оратылмай.
Шау тартып, шал болғанша шабандоздың
Тәні де, жаны да сау болатындай.
Жел қаққан жан сарайын азаматың
Қуатты қазанаттан алатындай.
Кентавардай тұтасып тұлпар-жігіт,
Келешек ғасырларға баратындай!!!

Жеңе алмаған жылқыны,
Жиырмасыншы ғасырдың
Гүрілдеген темірі.
Қазанат пен Қазағым
Бір-бірінің айнымас
Мәңгі бақи серігі.
Бөлініп сірә көрмеген
Бір-бірінен сенімі.
Иен жатқан даланың
Еркелей басқан елігі.
Шоқтығына қол тисе
Жігіттің ұстар желігі.
Көлбете шауып өткенде
Көкке жетер қазақтың
Көк дөненнен жүйрік көңілі.
Ат болмаса алаштың
Не болар еді өмірі?!

Қыза шапқан ат қандай,
Жыр мұхиты-дастандай.
Жел көріктей кеудесі
Гулеп бара жатқандай.
Қос танауы делдиіп
Даланың қанын қыздырып,
Үрлеп бара жатқандай!

Жылқы – малдың жүйрігі,
Түркі – елдің тұйғыны.
Әуелден бірге жаралып,
Бір болғандай бұйрығы.
Қыл аяғы қобыздың
Қылы болып бебеулеп
Тұрған жоқ па құйрығы?!
Жылқы деген жарықтық
Жаратқанның қазаққа
Айрықша берген сыйлығы!

Атсыз қалдық дегенше
Тақсыз қалдық десеңші.
Байтақ қазақ баласы
Бақсыз қалдық десеңші.

Кең далада тұлпарға
Үкілеп моншақ тағатын.
Мөлдіреген қыз болсын,
Дүбірлете шабатын.
Желбіреген ұл болсын,
Ерікті еркін халқымның
Орындалып арманы
Басында бейбіт күн болсын!!!

1.11.2016ж.- 17.07.2017ж.

Арғымақ пен арба

Құлагер тектес,
Қас тұлпар құстай ұшатын,
Төгілсе тері,
Сөгіліп қолтық,
Көктегі бұлтты құшатын.
Бұрқырап көбік,
Жал, құйрық бірдей суылдап,
Темірдей тұяқ,
Дүбірге бөлер,
Тып-тыныш жердің бір сәтін!

atarba

«Жүйріктің неге
Құс болып ұшу арманы,
Бұлт құшып көкте,
Ұшқанның қанша бар мәні?
Азығын қамдап,
Қамбаны жазда толтырып,
Сүйреген артық
Жем толы ескі арбаны!»

Егесі бір қу,
Тапқандай ақыл, айланы,
Ойлады мықтап ,
Мерейден бұрын пайданы,
Он қап жем артқан
Салдырлақ ескі арбаға,
Жүйрікті жегіп,
Жетегін мықтап байлады.

Киген соң тұлпар
Тұғырдың ноқта, қамытын,
Сұлқ түсіп, сөнді,
Салғандай біреу сабытын.
Есерлеу еге,
Қамшымен тартып жіберді,
Қайда деп, қане,
Бәйгеде қозған шабытың!

Желқанат шіркін,
Шыққанда қиқу,
Құйыннан озған құйғытып,
Тыпырлап бақты,
Тұяғы тасты сырғытып.
Қамытқа қор боп,
Намыстан күйген жануар,
Теңселе басты,
Арбаны әрең жылжытып!

Илеген тасты,
Сом тұяқ болды майтабан,
Жүйрікті жеккен
Есердің ісін,
Көргендер басын шайқаған…
Аламан дүбір,
Шыққанда бейбақ, бәйгеге,
Тағы да қосты,
Қас тұлпар бірақ,
Ұша алмай қалды қайтадан!

Қызғанда бәйге,
Жүйріктің ерек егесі,
Көсілте сілтеп,
Көріп-ақ еді
Кібіртіктей берді,
О несі?!..
Желкеден басып,
Кейінге тартып тұрғандай ,
Жем артқан ескі,
Салдырлақ арба елесі!

Атқандай еді,
Алдынан таңы арайлап,
Атақ пен даңқ та
Алғандай еді орайлап,
Жете алмай қалды,
Жүйріктің серті сырт беріп,
Жем артқан ескі
Арбаға қайта қарайлап!

Балтамен ұрып,
Мылтықпен атып
Малмай-ақ қолды қанға да,
Жүйрікке жүген,
Күлікке шідер,
Айламен салып замана,
Тұлпарды талай,
Шобыр ғып жуас жіберген,
Еріксіз жегіп ,
Жем артқан ескі арбаға !
6.08. 7.08. – 16.08. 2017ж.

Қазағымның қымызы- ай!

Мама бие жайлауда мамырлаған,
Сүт кернеген желіні тамырланған,
Құба жонда құлыны құлдыраңдап
Ойпаң жердің отының нәрін алған.

Қымызым-ай, қымызым,
Өмірде бір қызығым,
Дуылдаған думанның
Демі болған қымызым,
Мың аурудың мың да бір
Емі болған қымызым,
Желкілдеген жігіттің
Желі болған қымызым,
Сый- құрметтің ежелден
Жөні болған қымызым!

Қазағымның қымызы-ай
Даланың иісі аңқыған,
Қазағымның қымызы-ай
Ішкеннің бойы балқыған,
Қазағымның қымызы- ай
Көңілің көкте шалқыған,
Бал қымызды баптаған
Айналайын халқымнан!

photo_

Дала кезсе жылқышы дүрсілдетіп,
Бие сауар зайыбы күрпілдетіп,
Саумал күйі тербейді төңіректі
Көн сабаны піскенде күмпілдетіп.

Айғыр мен арлан

Кең даланы аралап,
Көлдің бойын жағалап,
Келді қыста ауылға
Үйір жылқы паналап.

Аталары мал жайлап,
Жастар жүрген айғайлап,
Аққаланы соғуға,
Күрек сайлап, қар жайғап!

Асан айтты Асқарға:
– Жем берейік аттарға,
Жем мен шөпке тойғызып,
Аунатайық ақ қарға!

Kaskyr & at

Асқар айтты: Барайық,
Құйрық-жалын тарайық,
Жылқы біздің досымыз,
Бір көмекке жарайық!

Атасы да қостады,
Жем апарып тастады,
Бас қойғанда жылқылар
Бір әңгіме бастады:

– Былтыр боран соққанда,
Аппақ болып ақпанда,
Шоқ ағаштың түбінен
Жылқы пана тапқанда.

Көздері оттай жарқылдап,
Азулары сақылдап,
Бір топ қасқыр жылқыға,
Келіп қалды жақындап.

Үйір басы құла айғыр,
Шауып олай, бұлай бір,
Шыр айналды жылқыны,
Асыл текті бұл айғыр!

Қатты болды қарқыны,
Қасқырды оттай шарпыды,
Арттан келсе тепкілеп,
Алдан келсе тарпыды!

Көкжал қасқыр арланы,
Айғыр күшін аңдады,
Қашқан болып өтірік,
Құла айғырды алдады!

Алданбады бірақ та,
Ұзамады жыраққа,
Алдырмады үйірін,
Ұқсап ұшқыр пыраққа!

Қасқыр қаны қарайып,
Атылды арттан зорайып,
Айғыр тепті басынан
Арлан қалды тырайып!

Тағы бірін тындырды,
Қабырғасын сындырды,
Тепкен кезде құла айғыр,
Аш қасқырлар шыңғырды!

Сонда салып «аттанды!»
Жылқышылар кеп қалды,
Гүрсілдетіп мылтықты
Жаудырды кеп оқтарды!

Қасқыр жалап бүйірін,
Қашты тартып күйігін,
Асыл айғыр ешқашан,
Жауға бермес үйірін!

Атасы айтып мақалын,
Сипап қойды сақалын:
– Содан былай құланы
«Асылым!» деп атадым!

Жастар, үміт ақтаңдар,
Бұғып үйде жатпаңдар!
Қорқауларға жегізбей,
Еліңді аман сақтаңдар!

Бас изеді балалар,
Балаларда сана бар,
Ойға шомып атасы,
Көз жіберді далаға!

Жемге жылқы кенелді,
Біледі дос дегенді,
Бұрқыратып ақ қарды,
Шұрқырасып жөнелді!

bayangali-alimjanovБаянғали Әлімжанов, argymaq.kz

Дереккөз Argymaq.kz ұлттық танымдық порталы

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз