“Бернабеудегі” Барса-шоу

28

Ла Лиганың 17-туры аясында “Реал Мадрид” өз алаңында “Барселонаны” қабылдады. Астана уақытымен 18:00-де басталған матч каталондықтардың жеңісімен аяқталды. 

“Эль-Классико” тарихында тұңғыш рет шаңқай түсте басталды (Испания уақытымен). Вальверденің “Барса” тізгінінде Испания чемпионатындағы алғашқы классикосы. Зиданның Ла Лигадағы “блауграналарға” қарсы бесінші ойыны.

Матч “Бернабеудегі” алаң иелерінің басымдығымен басталды. Тұс-тұстан шабуылдауға тырысқан Мадридтіктер жинақы ойын көрсетті. Роналду мен Бензема жіберген қателіктерге қарамастан, Модрич пен Марсело “Реал Мадридтің” “маэстросы” болды.

Бірінші таймда бір-бірін бақылаған қос алып, екінші таймда ширай түсті. Вальверде шәкірттері прессинг пен пасты сәтті қолданып, ойынның 54-минутында (Суарез) есеп ашты. 63-минутта қарсыластың айып алаңында қолмен ойнағаны үшін Дани Карвахаль алаңнан қуылды. “Реал” қақпасына 64-минутта пенальти тепкен Месси мүлт кеткен жоқ. Алаңда 10 ойыншымен қалған “галактикостардың” жағдайы қиындай түсті. Матчтың 72-минутында алаңға шыққан Бэйл мен Асенсио “Реалға” дем бергендей болды. Таблодағы есепке  90-минутта Робертоны алмастырған Видаль түзету енгізді. Лионель шығарған пастан Алейш 90+3-те үшінші голды салды.

“Барселона” Ла Лига шеңберінде үшінші ойын қатарынан “Сантьяго-Бернабеуде” жеңіске жетті. Ағымдағы маусымда чемпионатта 17 ойын өткізіп, 14 жеңіс, 3 тең ойын өткізді. Тур қорытындысы бойынша 45 ұпаймен 1-орында тұр.

“Реал Мадрид” клубының чемпионаттағы үшінші жеңілісі. Зидан шәкірттері осыған дейін 16 ойында 9 рет жеңіске жетіп, 4 рет тең ойнады. 17-турдың қорытындысы бойынша 31 ұпаймен 4-орында тұр. Мадридтік клубтың қосымша бір матчы бар.

Лионель Месси кезекті рекордын “Бернабеуде” жаңартты. Бір клубта соққан гол саны бойынша Герд Мюллерден асып түсті. Мюллер “Бавария” сапында 525 гол соқса, Месси “Барселона” сапында 526-шы мүмкіндігінде “Реал” қақпасын дәл көздеді.

Қос команда келесі матчтарын Испания Кубогында жалғастырады. 5-қаңтар күні “Реал Мадрид” “Нумансия” алаңына қонаққа барады. “Барселона” “Балаидос” стадионында “Сельтаға” қарсы матч өткізеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз