Әйгілі футболшы, бапкер Темір Сегізбаев қайтыс болды

38

Қазақстан футболы тарихындағы үздік ойыншылардың бірі, «Қайраттың» көп жылғы капитаны Тимур Сегізбаев 76 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясы.

«Қазақстан спорты орны толмас қазаға ұшырады. Қазақстанның футбол федерациясы, ойыншылар, бапкерлер, ардагерлер және төрешілер корпусы, сонымен қатар еліміздің футбол қауымдастығы Тимур Санжарұлының туыстары мен жақындарына көңіл айтады» делінген хабарламада.

Алматы футболының түлегі Тимур Сегізбаевтың бүкіл спорттық карьерасы «Қайратта» өтті. Ол команданың сапында 1958 жылдан 1970 жылға дейін 200-ден аса матч өткізді.

Жартылай қорғаушы позициясында ойнаған ол команданың капитаны болды. Ал КСРО чемпионаты жоғары лигасында Мәскеудің «Спартак» командасы қақпасына бір ойында екі гол соғуы отандық футболдың ірі жетістігі саналады. Алайда, жарақаттары салдарынан ол 29 жасында футболмен қош айтысуға мәжбүр болды.

Тимур Сегізбаев 1971 жылдан 1988 жылға дейін бапкерлік қызмет етті. Ол Қызылорданың «Автомобилист», Қарағандының «Шахтер», Шымкенттің «Мелиоратор» және «Қайрат» командаларын жаттықтырды. Сонымен қатар ол Йемен құрама командасының бас бапкері болды.

Оның жетекшілігімен «Қайрат» КСРО чемпионатында жетінші орынға шықты. Бұл «Қайраттың» КСРО жоғары лигасындағы ең ірі жетістігі.

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз