Стойловсыз «Астана» «Спортингке» қарсы тұра ала ма?

74

Станимир Стойлов Sporttal.bg-ге берген сұхбатында «Астана» клубынан кететінін мәлімдеген. Білікті бапкер Еуропа елдерінен ұсыныс күтіп жүр.

Стойлов 2014 жылы «Астанаға» бапкер боп келді. Бапкер болған бірінші жылы-ақ «Астана» ел чемпионаты атанды. Станимир Стойлов ҚПЛ тарихында қатарынан 4 жыл чемпион болған алғашқы жаттықтырушы. Қазақстан футбол тарихында Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне шыққан бірінші бапкер. Станимир 2016 жылы Болгарияда жыл бапкері атанды.

2009 жылы құрылған «Астанада» 6 бапкер жұмыс істеген. Станимир Стойлов келердің алдында Йоан Андоне «Астана» тізгінін ұстаған. Андоне «Астана» бапкері ретінде ҚПЛ-да 33 рет ойын өткізіп, 19-ында жеңіске жетсе, 5-еуінде жеңілген. 8 ойын тең нәтиже көрсеткен. Қарсылас қақпасына 54 гол соғып, ҚПЛ-дің күміс жүлдегері атанған. «Астананың» ҚПЛ-дегі статистикасы:

2009 жыл – күміс.

2010 жыл – 4-орын

2011 жыл – 4-орын

2012 жыл – 5-орын

2013 жыл – күміс

2014 жыл – алтын

2015 жыл – алтын

2016 жыл – алтын

2017 жыл – алтын

Стойлов «Астанаға» керемет қарқын берді. Стаимир шәкірттері ҚПЛ чемпионатында алтын покер жасады. Клуб жыл сайын ысыла түсті. 2013 жылы 54 гол соққан «Астана» 2014 жылы 63 гол соқты. Қақпасын берік ұстауға үйренді. ҚПЛ-да 2009 жылы 24, 2010 жылы 28, 2011 жылы 37, 2012 жылы 24, 2013 жылы 35 доп жіберген «Астана», 2014 жылдан кейін түрленді. 2014 жылы Қазақстан  чемпионатында 24, 2015 жыл 24 гол жіберсе, 2016 жылы 21, 2017 жылы 21 гол жіберді. Қорғаныс пен шабуыл бір арнаға түскен соң «Астана» Еуропаны бағындыруды қолға алды.

Еуропада Стойлов пен «Астана» біраз биікті бағындырды. 2014/15 жылғы маусымда Еуропа Лигасының іріктеу кезеңінен өткен «Астананы» «Вильярреал» тоқтатты. 2015/16 жылғы маусымда Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінен өтіп, топтық кезеңге жолдама алды. «Астана» Португалиялық «Бенфика», азулы «Атлетико Мадрид», Түркиялық «Галатасараймен» С тобына түсті. ЧЛ-дің топтық кезеңіндегі алғашқы қадамдарын 4-орынмен аяқтады.

2016/17 жылғы маусымды Чемпиондар Лигасында бастаған елордалық клуб, кейінірек Еуропа Лигасында өнер көрсетті. Еуропа Лигасының іріктеуінен өткен Стойлов шәкірттері В тобына түсті. «Батэ», «Олимпиакос», «Янг Бойз», АПОЭЛ-мен бір топта болған «Астана» кезеңді 4-орынмен аяқтады.

2017/18 жылғы маусымда «Астана» Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінде Шотлондиялық «Селтикке» жол беріп, Еуропа Лигасына билет алды. Еуропа Лигасының А тобында ойнаған «Астананың» қарсыластары «Маккаби» Тель-Авив, «Славия», «Вильярреал» болды. Еуролигаларда тәжірибе жинаған «Астана» жинақы өнер көрсетті. Ысылған «Астана» топтық кезеңнен 2-орынмен шығып, Еуропа Лигасының 1/16 финалына жолдама алды. Қазақстандық «Астананың» тұңғыш  еурокөктемі «Спортингке» қарсы өтпек.

Астана мен Лиссабонның арасы 7 323 шақырымды құрайды. Лиссабондықтар Қазақстан астанасына 11 сағатта ұшып келеді. «Астана» Лиссабонда ойын өткізіп көрген. 2015/16 жылғы маусымда Чемпиондар Лигасы аясында елордалық клуб «Бенфика» стадионында матч өткізді.

Станимир Стойлов пен «Астана» футбол клубының келісім-шарты 2017 жылдың 31-желтоқсанында аяқталады. Стойловқа 2017 жылы жазда Түркиялық «Фенербахчеден» ұсыныс келгені белгілі болған. Бүгінде Стойлов Еуропадан ұсыныс түсуін күтуде. «Астана» клубынан кеткендігі жөнінде ресми мәлімдеме жоқ. Бапкер Vesti.kz сайтына берген сұхбатында: « Менде ұсыныстар өте көп. Менің клубта қалатыным не қалмайтыным жайында хабар 10 күннен кейін жария болады. 100 пайызға сенімді емеспін, бірақ менің кетуім керек» – дейді.

«Астана» мен «Спортинг» арасындағы алғашқы кездесу 15 ақпан күні өтеді.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз