Қазақстандық ауыратлет Илья Ильин халықаралық ауыр атлетика федерациясының шешімімен екі жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы Қазақстан ауыр атлетика федерациясы хабарлады.

2016 жылдың маусым айында Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) 2008 жылғы Бейжің және 2012 жылы Лондонда өткен олимпиада ойындарының сынамаларын қайта тексерді. Қос олимпиада талдамаларының нәтижесінде қазақстандық ауыратлет Илья Ильиннің қан құрамынан допинг табылды.

Ильиннің жаза мерзімі екі жыл:  2016 жылдың маусымынан – 2018 жылдың маусым айына дейін. ХОК допинг-дауынан кейін Ильяның екі дүркін олимпиада чемпионы атағы мен медалін қайтарып алды.

Олимпиада медальдарын қайырып бергенімен, Азия және Әлем Чемпионаттарындағы жүлделері спортшы қоржынында қалады.

Илья Ильин –  ауыр атлетикадан әлемнің төртдүркін чемпионы. Үш салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған тарихтағы жалғыз ауыратлет (2005 – 85 кг, 2006, 2011 – 94 кг, 2014 – 105 кг). 94 келі салмақ  дәрежесінде екідүркін Азия чемпионы (2006, 2010). Төртдүркін әлем бойынша жылдың ең үздік ауыратлеті атанған тұңғыш қазақстандық спортшы (2005,2006,2014,2015).

Қос медалінен айырылған Илья ауыр атлетикаға қайта орала ма? Қазір қайда, не істеп жүр?

Ильин инстаграм парақшасындағы жазбасын 9-желтоқсан күні жаңартқан. Илья қазір Астанада.”Life Fitness Astana” орталығында зілтемір көтеріп, күш жинап жүр. Жақында, 11-қаңтар күні Астанада Ильяның «Жетістіктің 7 құпиясы» атты мастер-классы өтеді. Спортшы бүгінде қызу дайындық үстінде.

Ауыратлет  Men’s Health Қазақстан басылымына берген сұхбатында (31.10.17): «Токиоға баруға 99,9 пайыз емес, 90 пайызға дайынмын»- деп әзіл-шыны аралас жауап берген. «Мүмкіндік берсе, Токио олимпиадасына барасыз ба?» деген сұраққа « Мен байқап көремін. Болашақта өкінгім келмейді. 29 жас – нағыз спорттық мансаптың қызған шағы. Егер мен қазір кетсем, кішкентай баланың ренжігеніндей әсер қалдырамын» – деп жауап берді. Ары қарай: «Зілтемірді құшақтап, құрамаға барамын. Оңтайлы салмақты таңдап, алға жылжимын. Физикалық жағдайым мүмкіндік берсе, өзімді чемпионаттардың бірінде сынап көремін. Жеңсем, ары қарай жалғастырамын. Келесісі Азия ойындары – күрделі деңгей. Содан кейін, әрине, лицензиялық әлем чемпионаты. Асығудың қажеті жоқ, жайымен көреміз» – деп сөзін аяқтады.

Демек, Ильяның алға қойған мақсаты бар. Спортшы кәсіби шыңға қайта оралатын күн алыс емес. Спортшымыз қалпына келіп, талай бәйгеде топ жарғанын тамашалайтын боламыз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз