«Астана» тұңғыш рет Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты

55

Бүгін Чехияның Прага қаласында «Славия» мен «Астана» клубтары кездесті. Бұл матчта бүкіл елдің үмітін арқалап барған «Астананың» ойыншылары алаң иелерін 1:0 есебімен жеңіп, тұңғыш рет Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шықты.

Матчта жалғыз допты астаналық команданың құрамында босниялық Марин Аничич соқты. Ол ойынның 38-минутында прагалық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланып, допты бос қақпаның торына тоғытты.

Бірінші таймның басында да соңында да Астананың» гол соғуға бірнеше мүмкіндігі болған еді. Алайда, «Славия» гол жіберіп алған соң қорғаныста тас қамалдай жатып алып, қарсыластарын айып доп алаңына жақындатпай қойды.

Екінші тайм чехтардың басымдығымен өтті. Олар ойынның екінші жартысы басталысымен отандастарымыздың қақпасын жиі шабуылдап, гол соғуға жанталасты. «Астана» болса сауатты қорғанып, қарсы шабуылдар жасап отырды. Жалпы, ойын өте тартысты және қызықты өтті. «Астананың» ойыншылары матч басталар алдында алаң иелерін жеңеміз деген уәдесінде тұрып, бас жаттықтырушы Станимир Стойловтың сенімін ақтап шықты. «Астана» Еуропа лигасының «А» тобында екінші орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алды. Құтты болсын, ағайын! Жеңісті күндеріміз көп болсын!

Қазіргі кезде «Астана» қазақ футболының флагманына айналып отыр. Бұл қазақ спортының ортақ қуанышы. Бұл біздің ортақ жеңісіміз!

Дастан КЕНЖАЛИН

 

Дереккөз: SortPress.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз