Чемпиондар Лигасы 2017 жылғы өз жұмысын аяқтады. Барлығы 32 клуб қатысқан топтық кезеңде 190 гол соғылған. Ең нәтижелі команда – «Пари-Сен Жермен» (25 гол). Қарсылас қақпасына тек бір гол салған клуб – «Бенфика». Турнирдің топтық кезеңінде қорғаныс жағынан берігі – «Барселона». Вальверде шәкірттер өз қақпаларына тек бір доп жіберген. Ұпай саны бойынша межелі көрсеткіш – 18. 32 команданың ішінен ешбірі максималды ұпайды жинай алмады. Хотспурлық «Тоттенхэм» 16 ұпайға қол жеткізді.

Топтық кезең жаңалығы

Чемпиондар Лигасының әр кезеңі бір жаңалықпен есте қалады. Топтық кезеңнің жаңалығы – «Шахтер». F тобында өнер көрсеткен «Шахтер» алты ойынның төртеуінде жеңіп, екі ойында жеңіліс тапқан. Қарсылас қақпасына тоғыз гол соғып, өз қақпасына тоғыз доп жіберген. Осы маусымда бірде-бір турнирде жеңілмеген «Манчестер Сити» клубын, өз алаңында қапыда қалдырды. Гвардиоланың командасы «Шахтер» стадионында 2:1 есебімен жеңілді. Тобында 12 ұпаймен 2-орын алған «Шахтер» плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Тартысты топтар

Топтық кезеңде барлығы 96 ойын өтті. Әр топ өзара 6 ойын өткізіп, 18 ұпайды сарапқа салды. Топтар ішінде ең көп ұпай – «Тоттенхэмде»(16). Ең аз ұпай – «Бенфикада» (0). Ұпай бойынша ең нәтижелі топтар: A тобы, B тобы, F тобы, G тобы (36 ұпайдан). Орташа көрсеткіштер: С тобы (31 ұпай), D тобы (33 ұпай), H тобы (33 ұпай). Әлсіз көрсеткіш  Е тобында – 30 ұпай. Гол саны бойынша үздіктер – B тобы (45 гол),  G тобы (42 гол), H тобы (41 гол). Орташа көрсеткіш иелері –  F тобы (39 гол) C тобы (32 гол), E тобы (30 гол). Ең төмен көрсеткіш –  D тобында (28 гол).

Топтық кезеңнің ең әлсіз командасы – «Бенфика». Португалиялық клуб турнир бойынша 0 ұпай жинаған. Өз қақпасына 14 гол жіберіп, қарсыласқа 1 доп дарытқан. Ең нәтижелі командасы «ПСЖ» болғанымен, турнир үздігі – «Тоттенхэм». Почеттино шәкірттері 16 ұпай жинады, 15 гол соғып, өз қақпаларына 4 гол жіберді. Алты матчтың бесеуінде жеңіске жетіп, бір ойынды тең аяқтады.

Турнирдің топтық кезеңіндегі доп саны бойынша ең нәтижелі матч – «ПСЖ» – «Селтик» 7:1.

2017/18 маусымдағы Чемпиондар Лигасы 1/8 финалына жолдама алғандар: «Манчестер Юнайтед» (Англия), «ПСЖ» (Франция), «Рома» (Италия), «Барселона» (Испания), «Манчестер Сити» (Англия), «Бешикташ» (Түркия), «Тоттенхэм» (Англия), «Ливерпуль» (Англия), «Бавария» (Германия), «Реал» (Испания), «Ювентус» (Италия), «Челси» (Англия), «Базель» (Швейцария), «Шахтер» (Украина), «Севилья» (Испания), «Порту» (Португалия).

Топтық кезеңнен 3-орын алып, Еуропа Лигасына жолдама алғандар: «Ателтико» (Испания), «Наполи» (Италия), «Боруссия Д» (Германия), ЦСКА (Ресей), «Селтик» (Шотландия), «Спортинг» (Португалия), «Спартак М» (Ресей), «РБ Лейпциг» (Германия).

Англиялық клубтар Чемпиондар Лигасында жаңа рекорд орнатты. Бұған дейін бір елден бес команда 1/8 финалға өтпеген. Англиядан «Челси», «Ливерпуль», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити», «Тоттенхэм» клубтары плей-офф кезеңіне жолдама алды. Испаниядан 3 клуб, Италиядан 2 клуб өтсе, Франция, Украина, Португалия, Турция, Германиядан бір клубтан 1/8 финалға қатысады.

Плей-офф кезеңінің жеребе тарту рәсімі 11-желтоқсан күні Астана уақытымен 16:00-де өтеді. Швейцарияның Ньон қаласында үздік шыққан 16 клуб өзара қарсыластарын анықтайды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз