Луценко — жылдың үздік спортшысы

40

 

Ұлттық олимпиялық комитет (ҰОК) Астанада жыл қорытындысын жариялап, «Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшыны» анықтады. Бұл сыйлыққа «Астана» велокомандасының және Қазақстан құрамасының шабандозы Алексей Луценко ие болды. Үздік спортшыны жанкүйерлер ҰОК-тың ресми сайты – оlympic.kz порталында дауыс беру арқылы анықтады. Дауыс беру қарашаның 28-не дейін жалғасты. Жүлденің әрбір аталымында ұсынылған үміткерлер туралы, олардың үстіміздегі жылдағы жетістіктері туралы толық мәлімет беретін арнайы күнделіктер «Хабар» арнасында эфирге шықты.

А.Луценко биылғы маусымда аса жоғары деңгейде өткізді. Ол жыл басында Азия чемпионатында командалық сында топ жарды. Одан кейін Голландиядағы дәстүрлі Dwars door Vlaanderen біркүндігінде қола жүлде иеленді. «Тур де Франс» суперкөпкүндігінің алғашқы кезеңдерінде ауыр жарақат алып қалса да, Алексей жарысты толық аяқтады. Ал «Вуэльта» аламанында Луценко қазақстандық велоспорт тарихына жаңа жылнама қосты: ол бесінші кезеңде мәре сызығын жеке-дара қиып өтті. Норвегияда өткен әлем чемпионатында отандасымыз үздік ондыққа енді. Ал күзде дәстүрлі «Алматы турында» қатарынан төртінші рет бас бәйгені жеңіп алды.

— Мені қолдап 20 мыңнан астам адамның дауыс бергеніне қатты таң қалдым, — дейді А.Луценко. – Біздің алдымызда бір ғана ұлы мақсат бар – қандай жарысқа қатыссақ та Қазақстанның көк байрағын биікте желбірету. Біз бәріміз – велосипедшілер, боксшылар, балуандар, атлеттер, дзюдошылар еліміздің даңқын асқақтатуға тиіспіз.

«Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» жүлдесі фристайлдың акробатика түрінен Алматыдағы Универсиаданың жеңімпазы әрі жүлдегері Жанбота Алдабергеноваға бұйырды.

«Үздік жас спортшы» аталымында Саппородағы Азия ойындарының жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева жеңіске жетті.

«Жазғы спорт түрлері бойынша үздік бапкер» аталымы бойынша бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов жеңіске жетсе, «қысқы спорт түрлері бойынша үздік бапкер» атағы шорт-тректен ұлттық команданың бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековке берілді.

Триатлон федерациясы «олимпиялық спорт түрлері бойынша үздік федерация» номинациясын жеңіп алды. «Үздік спорттық өңір» номинациясында Алматы қаласының денешынықтыру және спорт басқармасы жеңіске жетті.

«Жыл жаңалығы» номинациясына Шанхайдағы Әлем Кубогының бірінші кезеңінде жеңіске жеткен садақ атудан Қазақстанның ерлер құрамасы лайық деп танылды.

Биыл УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан «Астана» футбол клубы «Үздік команда» номинациясында жеңіске жетті.

Дереккөз: Statsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді жазыңыз