«Қайрат» футбол клубының қорғаушысы Елдос Ахметов жеті ойыннан шеттеліді. Бүгін Қазақстан футбол федерациясы Тәртіптік-бақылау комитетінің отырысы өтіп, осындай шешім қабылданды, деп жазады Qsport.kz порталы Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетейік, 30 қыркүйек күні Премьер-лиганың 29-туры аясында өткен Павлодардағы «Ертіс» – «Қайрат» кездесуінің 45-ші минутында қарсыласына қолын сермеп қалғаны үшін сары қағаз алған Елдосты бас төреші Денис Измайлов бірден қалтасынан қызыл қағаз алып шығып, алаңнан қуған болатын. Кейін белгілі болғандай, арбитрдің хаттамасында «Ахметов төрешіге бейәдеп сөздер айтты» деп көрсетіліпті.

Бүгін Тәртіптік-бақылау комитеті шешім қабылдап, «Қайрат» қорғаушысын жеті ойыннан аластатты. Бұл дегеніміз, Елдос үшін биылғы маусым аяқталды деген сөз. Қорғаушы 14 қазанда өтетін Ел кубогының финалына ғана емес, «Қайраттың» ел чемпионатында қалған үш ойынына да қатыса алмайды. Сондай-ақ, келесі маусымда өз командасының алғашқы үш матчын жібереді.

Жалпы, бұл Елдос Ахметовтың бірінші қызыл қағазы емес. Бұған дейін ел чемпионатының екінші турында Алматыда өткен «Қайрат» – «Оқжетпес» кездесуінің 53-ші минутында алаңнан қуылған. Сол ойын 2:2 есебімен аяқталған болатын.

Бұдан бөлек, Тәртіптік-бақылау комитетінің отырысында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Карлос Алос Ферерге де шара қолданылып, 150 мың теңге айыппұл салынды. Оған «Ертіс» – «Қайрат» кездесуі кезінде төрешінің рұқсатынсыз техникалық аймақтан бірнеше рет шығып кетті деген кінә тағылып отыр.

 

Дереккөз Qsport.kz

قالب وردپرس

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз